Home » Балабақша » Ертегі терапиясы арқылы балалардың шығармашылығын дамыту

Ертегі терапиясы арқылы балалардың шығармашылығын дамыту

Қарапайымдылықтың үлгісі ретінде жақсылығын сөзбен емес іспен дәлелдейтін өзі туралы мадаққа, артық жарнамаға мұқтаж емес жанды көргенде оған деген құрметтің артары сөзсіз.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Үркер шағын ауданындағы №91 «Еңлік» балабақшасы сәулеті келіскен ғимаратта орналасқан.Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан кең жазықта тыныстауға, еркін жүруге таптырмас жылы ұяда осы Үркер тұрғын алаптарының кішкентай бүлдіршіндері тәлім –тәрбие алуда.
12 топқа бөлінген, 240 орындық білім ошағында бүлдіршіндеріміз таза қазақ тілінде білім алып келеді..
Ашылғанына көп уақыт болмаса да заман талабына сай жабдықталған, жоғары талғаммен безендірілген ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен ұлттық аспаптарға дейін қойылған балабақша ішінде мамыражай тыныштық орнаған. Жанға –жайлы атмосфера, жас мамандар болса да өз ісіне басшыға деген құрметі, ізгі-ілтипаты жаныңды жадыратады.
Мусаева Айсұлу Жақсыбековна білім ордасының тізгінін ұстаған бүгінгі күні әріптестері ортасында өзіндік орны бар білікті басшылардың бірі.
Әріптестері  өз ісіне деген жауапкершілігі  жоғары, бір орында тұрақтап қалмайтын , үнемі ізденіс үстіндегі, жаңашылдыққа құмар жан деп бағалайтын меңгеруші кезекті кластер бағытындағы семинарын өзгелерден ерекше етіп өткізді.
Сәуір айының 29 күніне жоспарланған іс-шараға қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының қатысуы жиналғандар үшін күтпеген  сый болды. «Қазақтың қайсар қызы» атанған ұлтымыздың тілі, діні, жерінің тұтастығы жолында еңбек еткен жанның рухты оятар отты сөздері, жігерді тасытар мағыналы дәлелді ойлары өнерін ортаға салған қазақ балаларына ғана емес, жиналған педагог ұжымына да рухани азық сыйлады. Қысқа уақытқа созылған кездесу болсада Айсұлу Жақсыбекқызының шаңырағына келуін жақсы ырымға баладық. Ләйім осы шаңырақтың әр түлегі  Оразкүл апаларындай ана тіліміздің жанашыры, нар тұлғалы болып өссін.
Соңғы екі жыл бойы қалалық деңгейде Арт-терапия бағыты бойынша жұмыс жасап келе жатқан білім ошағы атқарған жұмыстарының қорытындысын іс-тәжірибе түрінде көрсетіп келеді. Бейнелеу өнерімен емдеу дегенді білдіретін Арт-терапия бағытына өнер, сурет, музыка, кино тағы басқа да шығармашылықтың сан түрі енеді.
№37 «Арман» балабақшасының меңгерушісі  Абдрахманова Разия Елтаевна жетекшілік жасайтын бұл кластерде №93 «Айгөлек» және аталмыш №91 «Еңлік» балабақшасы бірлесе жұмыс жасап келеді.
Бұл күні ертегі терапиясын балаларға түсіндіре отырып , сахналық шеберлікке баулу, сөйлеу, мәдениетін қалыптастыру баланың ішкі жан дүниесін ашуды мақсат еткен жұмысты ұжым педагогтары атқара білді.
« Ғажайып құстар»  тақырыбында музыкалық сахналық қойылым көрсеткен балабақша тәрбиеленушілерінің өнеріне жиналған көпшілік тәнті болды. Тархиты толғап, бай рөліндегі  ашкөзге өнердің құдіретін түсіндірген ақылды қыздың бейнесін де тамаша сомдап шықты. Өнерлі балғындарға жетекшілік жасаған Кожбанова Салтанат Абдикапаровна, Алтайқызы Фарида, Таспаева Айгуль Каратаевна, Кизатова Зауре Аманжоловна  өз мамандықтарының иесі.
Балалармен жұмыс барысын көрсету мақсатында арнайы ертегі әлеміне сай жабдықталған бөлмеге барған педагогтар ортаңғы «Балауса» тобының бүлдіршіндері сахналаған «Орман ертегілері» атты  қойылымның куәгері болды. Түрлі құстардың рөліндегі бүлдіршіндер еш жаңылмастан тоқылдақтың орман дәрігері атануға дейінгі ақкөгершіннің түрлі құтармен кездесуін тамаша бейнеледі. Ортаңғы топта  болсада тілі анық, зерек Мұстафаның ертегі кейіпкерлерін таныстырудағы  шеберлігін айта кеткен жөн.
Сахналық қойылымға жетекшілік жасаған Махатова Арайлым Алпысбайқызының еңбегін де жоғары бағалау қажет.
Ата-анамен тығыз байланыстағы жұмыстың жарқын көрнісін көрсете білген «Еңлік» балабақшасының көпбалалы аналары  көлеңке театры арқылы  «Ана  мен бала» бейнесін тамаша алып шықты. «Өнерлі отбасынан талантты шәкірттеріміз шығады» деген ұжымның қолдаушысы Карипова Жанат Асылбековна, Өтегенова Айгерім Жақсыкелдиевна, Кежаһар Заринадай , саксафонда өнер көрсеткен талантты әке Байтолықов Бейбіт Аманбекұлындай белсенді аналар қатары көп болғай.
Әріптестерін кофе арқылы түрлі түсті бейнелер салуға шақырған Купреева Ирина Александровнаның таланты тамсандырды.Күнделікті ішетін ұнтақ және ірі кофе дәндері арқылы тәрбиешілер мен ата-аналар сурет салып бейнелеу өнерінің бір қырымен танысты.
Ермек саз арқылы мультфильм кейіпкерлерін жасап, шағын ғана мультфильм түсірудегі тәжірибелік жұмыстарын арнайы жабдықталған бөлме мен құралдарын да әріптестеріне көрсетті.
 Семинар соңында тәрбиешілер Абенова Динара Абдималиковна, Қайратқызы Нұрсымбат ата-аналар мен педагогтар, меңгерушілер қатысқан «Арт-терапия ғажайып әлемі» атты қойылымда қиялына ерік берген педагогтар әзіл арқылы көкейлерінде жүрген арман тілектерін жеткізіп, бір сәтке болса да өздерін балаша сезінді..
Сан қырлы педагогтардың өнеріне айтар сөз жоқ. Білім беруді жаңғырту орталығынан келген мектепке дейінгі ұйымдарда басшылық қызмет атқарған осы саланың маманы Базарбаева Роза Жолаушиновна ата-ана  мен бала балабақша арасында бірлескен жұмысы  бар ұжымның бұл күнгі семинарына жоғары баға беріп, шығармашылық табыс тіледі.
Семинардың жан-жақты өтуіне ұжымды жұмылдыра білген жас болсада өз ісіне жауапты  балабақша әдіскері Куркенова Айзат Қайырбековнаның  еңбегін де атай кеткеніміз жөн
Ізденіске ұмтылған  Айсұлу Жақсыбекқызына  тілеулес болып жиналған әріптестері балабақша меңгерушілері Жолдасова Қарлығаш Каримовна,  Джуматаева Айман Дахарқызы, Нуркабылова Алмагүл, Гүлсім Әзімжанқызы, Әлия Темірболатқызы жылы лебіздерін білдіріп басшыға қосшы бола білген ұжымның еңбектеріне табыс тіледі.
Қызғануды білмейтін барын өзгенің алдына жайып салатын қазақи қонақжайлылықпен қарсы алған Айсұлу Жақсыбекқызының қазақ өнеріне, тіліне деген құрметі үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Ата-ананың алғысын , қарияның батасын алған Үркер шағын ауданының шам шырағындай  өнерлі, талантты ұрпақ өсіп келе жатқан ұжымға бізде тек биік белес тілейміз. Әрдайым тек алдан көріне беріңіздер.

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы»

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.