Home » Ашық сабақтар » Ертегілер әлемі  

Ертегілер әлемі  

Мақсаты: Балаларға ертегілер әлеміне еніп, жақсы көңіл күй сыйлау. Оларға қызықты тапсырмалар орындата отырып, тақпақтар, жұмбақтар, ертегілер арқылы сөздік қорын молайтып, диалогты сөйлеу мәдениетін әрі қарай дамыту. Логикалық ойлауын жетілдіріп, адамгершілік тәрбиесіне баулу.

Билингвалды компонент: Қыс — зима — winter; ертегі-зказка – fairy tale.

Барысы: Балаларды шеңберге тұрғызу.

«Шаттық» шеңбері:

Балабақшам армысың!

Сені жақсы көремін.

Достарым менің бармысың!

Құшақтасып алайық.

Жұмбақ.

Аяз қысып, өрнек сызып,

Терезені торлайды.

Қарға омбығып, бет домбығып,

Сырғанап балалар ойнайды.

Айтыңдаршы балалар,

Бұл қай кезде болады?

Балалар: қыс мезгілінде.

Сұрақ-жауап:

Тәрбиеші: Қазір қандай жыл мезгілі?

Тәрбиеші: Балалар қыс деген сөзді үш тілде айтып көрейік.

Менің артымнан қайталаңдар: қыс-зима-winter.

Тәрбиеші: Қыс мезгілінің ерекшеліктерін айтып беріңдерші?

Тәрбиеші: Қыс мезгілінде неше ай бар?

Тәрбиеші:Қазір қандай ай?

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, өте ақылды екенсіңдер (хатқа назар аударады.)

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы бізге біреу хат әкелген. Кәне ашып оқиық. Кімнен екен?

Хатты ашып оқиды: Сәлеметсіз бе! Мен Машамын. Мен туралы ертегілерден естіген боларсыңдар. Мен қысқы орманға серуендеп барғанмын. Ал мені Қыс ханшайымы өзінің қарлы үйіне қамап қойды. Мында өте салқын. Үйіме барғым келеді. Атам мен әжемді сағындым. Мені құтқарыңдаршы!!!

Тәрбиеші: Машаны құтқарамыз ба?Қысқы орманға барамыз ба?Ертегі әлеміне енеміз бе?

Тәрбиеші: Балалар ертегі сөзін үш тілде айтып көрейік: Ертегі-сказка.Жарайсыңдар!

Тәрбиеші: Ендеше, бәріміз пойызбен қысқы орманға барамыз. Кәне, кеттік!

(«Ертегілер» әні, безендірілген қысқы орман алаңқайындағы орындықтарға отырады.)

Тәрбиеші: Балалар, міне біз де қысқы орманға келіп қалдық. Қысқы орман әдемі ме?

(Осы кезде Қыс ханшайымы алаңқайға келеді.)

Қыс ханшайымы: (ашулы дауыспен) Кім? Кімдер менің қарлы патшалығыма келген?

Тәрбиеші: Балалар, кәне, Қыс ханшайымымен амандасайық.

Балалар: Сәлеметсіз бе!

Қыс ханшайымы:Амансыңдар ма!Менің патшалығыма қайдан келдіңдер? Не істеп жүрсіңдер?

Тәрбиеші: Қыс ханшайымы, біз Машаны іздеп жүрміз.

Қыс ханшайымы: Ха ха ха! Маша жалғыз өзі орманда серуендеп жүр екен, мен оны үйіме кілттеп қойдым. Енді ол менің үйімді жинап, маған қардан дәмді тағамдар пісіреді.

Тәрбиеші: Балалар, орманда не көшеде жалғыз серуендеп, ойнап жүруге болады ма?

Балалар: Жоқ.

Тәрбиеші: Қыс ханшайымы, Машаны кешірші, оны жіберші, ол кішкентай қыз ғой. Атасы мен әжесі жылап жатқан болар.

Қыс ханшайымы: Мммм, егер сендер тапсырмаларымды орындай алсаңдар жіберемін.

Тәрбиеші: Балалар тапсырманы орындаймыз ба?

Балалар: Иә.

1-тапсырма.

Жұмбақтар жасыру:

Суда мұз бар,

Жерде қар бар,

Боран боп соғады,

Бұл қай мезгілде болады? (Қыс)

Жалт-жұлт етеді.

Ұстасаң еріп кетеді. (Қар)

Тест сұрақтары:

— Ертегідегі Шалқанды кім екті?

А) Ата

Б) Әже

— Немересі (қызы) көмекке кімді шақырды?

А) Мысық

Б) Ит

С) Тышқан

— Шалқан ертегісіндегі ең соңғы көмекке келген кім?

А) Қыз

Б) Мысық

С) Тышқан

— Шалқан көкөніс пе, жеміс пе?

(Көкөніс)

(Сұрақтардың жауабын тапқан сайын слайдта жабық тұрған шалқанның суреті ашылады.)

Тәрбиеші: Балалар ненің суреті шықты?

Балалар: «Шалқан» ертегісінің суреті.

Қыс ханшайымы: Дұрыс, Ал сендер ертегілерді білесіңдер ме? Ендеше келесі 2-тапсырма. «Ертегінің атын тап!» (Көлеңке театры арқылы ертегілерді табу.)
Тәрбиеші: Жарайсыңар, балалар ертегілерді біледі екенсіңдер дұрыс таптыңдар.

Тосын сәт: Аю кіреді:

— Сәлеметсіңдер ме, балалар!

— Сендер орманда не істеп жүрсіңдер?!

Тәрбиеші мен балалар: Біз Машаны құтқару үшін келдік. Машаны Қыс ханшайымы ұстап алған.

Аю: — Оййй, сол Маша ма, оны мен де іздеп таба алмадым, менен де қашып кетті. Оны іздеп шаршадым.

Тәрбиеші: Аю, сен шаршасаң, біздің балаларымыз сен туралы ән біледі. Бәріміз сергіп алайық.

Сергіту сәті:

«Аю әні»

Аю: Балалар, рахмет сендерге, шаршағаным басылды.Мен енді үйіме қонжықтарыма барайын, Машаны босатып алып жатсаңдар, маған хабарын беріңдер, Сау болыңдар.

Қыс ханшайымы: Жарайсыңдар, 3-тапсырма «Қай ертегі артық», слайдта көрсетілген ертегілер суретіне қарап, қай ертегі артық екенін табу керексіңдер.

Қыс ханшайымы:Бәрекелді, ертегілерді жақсы біледі екенсіңдер. Рахмет!

4-тапсырма. «Әр түрлі дамытушы ойындар»

Қыс Ханшайымы:5-тапсырма. «Аққала»

 

(шығармашылық бағыт бойынша мақталы дөңгелекшелерден аққала жасап береді)

Қыс ханшайымы:Жарайсыңдар, қандай ақылды балаларсыңдар. Тапсырманың бәрін жақсы орындадыңдар. Ендеше мен Машаны жіберейін (есіктің арғы жағынан алып келеді.)

Маша: Рахмет сендерге, балалар! Сендер көмектеспегенде не істер едім. Тоңып, қамауда жүрер едім. Қыс ханшайымы сізге де рахмет. Мен енді үйімнің қасынан ешқайда кетпеймін. Балалар, сендер де орманға, көшеге жалғыз ойнап бармаңдар, жарай ма?! Менің сендерге сыйлығым бар. Жанерке Абзалқызына берейін, ол сізге кейін береді. Мен атам мен әжемді сағындым, үйіме қайтайын.  Сау болыңдар!

Тәрбиеші:Біздің қайтатын уақытымыз болды. Қыс ханшайымы, балаларға енді ұрынба, сау бол!

Балалар: Сау болыңыз, Қыс ханшайымы!

Тәрбиеші:Балалар, автобуспен балабақшаға қайтайық (бәрі бірінің артынан бірі жүріп қайтады.)

Қорытынды: Сұрақ-жауап:

Біз қайда бардық?

Кімге көмектестік?

Қандай тапсырмалар орындадық?

Сендерге оқу қызметі ұнады ма?

(Балалар жауап беріп, өз әсерлерін айтады)

Тәрбиеші:Осымен оқу қызметіміз аяқталды. Рахмет, балалар! Қонақтармен қоштасайық.

Балалар: Сау болыңыз!

(Тәрбиеші балаларға Машаның сыйлығын үлестіреді.)

 

 

Жанерке Абзалқызы Мухтарова,
«№10 «Балапан» бөбекжайы» МКҚК тәрбиешісі,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.