Жазғы демалыс – оқушылардың алаңсыз демалуына, шығармашылық қабілетін шыңдауға, қоғамдық белсенділігін арттыруға, саяхат пен өлкетануға деген құмарлығын оятуға сеп болары сөзсіз. Оған қоса, баланың өз бойындағы еркіндікті сезіндіріп, жауапкершілікке ұмтылдырып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына де түрткі болады. Баланың әлеуметтік ортаға араласуына, өзіне ұнамды іспен айналысуына да жол ашады. Себебі демалыс орындары мен тынуға лагерлерінің бала үшін маңызы зор. Осы ретте, Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында орналасқан жаңадан ашылған Күреңбел қазақ орта мектебінің 4 «А» сынып оқушылары жыл сайын жазғы демалысын танымдық саяхатқа арнайды. Дәстүрге айналған саяхат барысында, биыл оқушылар өсімдіктер әлемін таңдапты. 2017 жылдың 14 маусым күні жоспарлаған демалыстың сәті түсіп, бастауыш сынып мұғалімі Қабдолданова Қаракөз бастаған бір топ оқушылар «Гүлстан» гүл бағына келген болатын.
Өсімдіктер әлеміне саяхат балаларға үлкен қауныш сыйлап, ерекше әсер сыйлады. Мұны біз оқушылардың жүздерінен анық аңғардық. Каникул барысында, оқушылар тек қана әдемі табиғатты тамашалап қана қоймай, әрбір өсімдікті өзінше зерттеп-біліп, үйреніп, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева апайдан көптеген ақпарат алып қайтты. Танымдық экскурсия кезінде балалар біршама өсімдіктің үш тілдегі атауын біліп, өздеріне көп ой түйіп қайтты деуге болады.
«Гүлстан» гүл бағы алқабындағы өсімдіктер жыл бойы алма кезек гүлдеп, бақтың көркін келтіреді. Мұнда қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын қылқанжапырақты өсімдіктердің бірнеше түрлері егілгендіктен, қыс мезгілінде бұл маң ертегі әлемін көз алдыңызға келтіреді екен. Бақта түрлі бағыттағы тәжірибелік сабақтар, пленэр, шеберлік сыныптар мен экскурсия тұрақты түрде өтіп тұратыны қуантты.
«Жайлау» – төрт түлік малын бағып жайма шуақ өмір сүрген қазақтың көшпенді тіршілігін көрсетіп тұрғандай. Кезінде әжелеріміз құрақ көрпені матадан құраса, гүл бағында оны өсімдіктен жасаған екен. Құрақ бозкілем өсімдігінен жасалған. Алқаптағы өсімдіктен жасалған түрлі бақ мүсіндері көздің жауын алады. Мәселен: түбіртек өсімдігінен жасалған қолтырауын, тасбақа және өрмекші мүсіндері. Бір қызығы, бір түбіртек он тал болып көбейеді де, аналағы өмірін тоқтатып, балалары ары қарай өмірін жалғастырады екен. Бұл мәлімет бізді қатты таңғалдырғанын жасыра алмаймын.
2016 жылдан бастап Гүлстан гүл бағында кіреберісте шахмат алаңы ашылыпты. Еліміздің мақтанышына айналған атақты жас шахматшы Жансая Абдумаликтің құрметіне жасалған келбетті шахмат тақтасының ерекшелігі туралы ақпарат жасөспірімдердің осы спорт ойынына қызығушылығын оятатыны анық.
Біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал, мән беріп қарасақ, жазғы танымдық демалысты өсімдік әлеміне саяхат жасаумен ұштастыру – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Мәселен, балалар онда демалып қана қоймай, таза ауамен демалу денсаулығына пайдалы, сонымен қатар қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді. Отанының өсімдіктерін, даласын көріп-білу және оның күллі сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында туған табиғатын аялай сүю, қорғау сезімдерін оятып, ұлттық сананың қалыптасуына алғышарт болады.
Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық елдің ертеңін ойлау мақсатынан туындайтыны түсінікті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бала – біздің болашағымыз, егемен еліміздің ертеңгі сенімді тірегі. Сондықтан да, жас жеткіншектердің жайдары жаз мезгілін жақсы көңіл күймен өткізуіне жан-жақты жағдай жасау керек деп ойлаймын. «Гүлстан» гүл бағы сияқты тақырыптық бақтар еліміздің әр ауылында, әр аудан орталықтарында болса нұр үстіне нұр болар еді. Сөз соңында, мен мектебіміздің атынан аталған ұжымға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Өзім сияқты басқа мұғалімдер мен ата-аналарға жазғы демалысыңызды қызықты өткізгіңіз келсе, өсімдіктер әлеміне жол тартыңыз демекпін.
Назира Бурханова