Мақсаты: Балаларға ең жақын хайуанаттар туралы ертегілер арқылы тіл байлықтарын молайту.
Білімділік: балалардың халық ауыз әдебиетіне қызығушылығын ертегілер арқылы арттыру,танымдық аясын кеңейту.
Дамытушылық: балалардың тіл байлығын,ойлау қабілетін, зейінін,қиялын,сөйлеу тілінің диалогтық формасын дамыту. Ірі және ұсақ моторикасын дамыту.
Тәрбиелік: балаларды достыққа,бірлікке баулу, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: қолғап, достық, ізет бірлік, мейірім.
Көрнекі құралдар:интерактивті тақта, тақырыпқа сай үлгілер.
Керекті құрал жабдықтар: түрлі түсті қағаздан қиылған қолғаптар.
Зал іші қыс мезгілі ертегісіне сай безендіріледі.
«Шаттық» шеңбері:
Арайлап таң атты,
Алтын сәуле таратты,
Қайырлы таң балалар!
Қайырлы күн қонақтар!
Жүргізуші:
Балалар, сіздер ертегілерді ұнатасыздар ма?
Қандай ертегілер білесіздер?
Ертегілер еліне қонаққа барғыларың келе ме?
Ал балалар қараңыз,
Таңғажайып бір аңыз.
Ертегілер еліне,
Қыдырып бірге барамыз.
Ертегілер еліне сиқырлы кілеммен барамыз. Ендеше сиқырлы кілемшеге жайғасайық.
Әуен ойналып, ертегілер еліне келеді.
Ертегілер елінде ертегілер елінің ханшайымы кездеседі.
Ханшайыммен амандасады.
Ханшайым жұмбақ жасырады.
- Үй ішін аралап,
Түнде көп жортады.
Қаптарды жыртады,
Мысықтан қорқады. (Тышқан)
- Таңдайлары тақылдап,
Шулайтын кім шалшықта,
Бірін-бірі мақұлдап. (Бақа)
- Қалқиған ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады (Қоян)
- 4. Өзі бір қу,жүрген жері айқай-шу.(Түлкі)
5.Күші десе,күші бар
Тісі десе, тісі бар.(Қасқыр)
- Қыс бойына жатады,
Тәтті ұйқыға батады.(Аю)
Ханшайым: Жұмбақтың шешуін дұрыс таптыңыздар,жарайсыңдар!
Жүргізуші: Балалар,осы аңдар қандай ертегіде кездеседі?
Балалар: «Қолғап» ертегісінде.
Жүргізуші: Әрине, «Қолғап» ертегісінде. Ендеше қолғапты жылдың қай мезгілінде киеміз?
Қазір жылдың қай мезгілі?
Қолғап туралы тақпақ білеміз бе?
Қолғап.
Жоғалыпты қолбағым,
Тыз-тыз етті қолдарым.
Аяз сорып тастады,
Естен кетпес тоңғаным.
Жүргізуші: Ерте-ерте ертеде, орманда жәндік, аңдар өмір сүріпті. Олар тышқан, бақа, қоян, түлкі,қасқыр,аю. Ертегіні сахналайды.
Тышқан:
Өзім егін екпеймін,
Егістен ұзап кетпеймін.
Мысық қуса жетпеймін,
Мен қаптесер тышқанмын.
Бақа:
Мен бақамын,бақамын,
Басым менің жалпақ.
Су түбінде көп жүріп,
Басым содан жалпақ.
Қоян:
Мен ақ қоян,ақ қоян,
Қалқиған ұзын құлағым.
Құлағын жел үніне,
Тігіп жатар сақ қоян.
Түлкі:
Ананы да алдаған,
Мынаны да алдаған.
Жүрген жері шу,
Мен қу түлкімін.
Қасқыр:
Мен қасқырмын,қасқырмын,
Қозы ұрлайтын өрістен.
Ұйқым келмейді егер де,
Қозы етін жемесем.
Аю:
Кезген ішін орманның,
Мен аюмын, қорбаңмын.
Қалың нудан бал таңдап,
Жүремін мен балпаңдап.
Жүргізуші: Болады екен орманда неше түрлі ғажайыптар. Бір күні шал итімен келе жатып,орманда қолғабын жоғалтып алыпты. Қолғап жаңа, жылы, жұмсақ болыпты.
Қолғапты көріп қалған тышқан, қолғапқа жүгіріп келеді.
Тышқан: Мен суықта тоңып жүрсем. Қандай әдемі, жаңа, жылы қолғап.Мен енді осында тұрамын. Шыршалардың арасынан бақа шығады.
Бақа: Қолғапта кім тұрады?
Тышқан: Қаптесер тышқан тұрады.
Ал сен кімсің?
Бақа: Мен секек бақамын.Қолғапқа мені де кіргізші.
Тышқан: Мұнда орын жетеді.
Шыршалардың арасынан қоян шығады.
Қоян: Қолғапта кім тұрады?
Тышқан: Қаптесер тышқан тұрады.
Бақа: Бақылдауық бақа тұрады.
Сен кімсің?
Қоян:Мен ақ қоянмын.Тоңып қалдым.Қолғапқа мен де кірейінші.
Бақа: Кір,орын жетеді.
Қолғапқа түлкі де келеді.
Түлкі: Қолғапта кім тұрады?
Тышқан: Қаптесер тышқан тұрады.
Бақа: Бақылдауық бақа тұрады.
Қоян: Ақ қоян тұрады.
Сен кімсің?
Түлкі: Мен түлкі бикешпін. Қолғапқа мен де кірейінші.
Тышқан: Кел орын жетеді.
Шыршалардың арасынан қасқыр шығады.
Қасқыр: Қолғапта кім тұрады?
Тышқан: Қаптесер тышқан тұрады.
Бақа: Бақылдауық бақа тұрады.
Қоян: Ақ қоян тұрады.
Түлкі: Түлкі бикеш тұрады.
Ал сен кімсің?
Қасқыр: Мен сұр қасқырмын.Мен де кірейінші.Суықта тоңып қалдым.
Барлығы: Кел, кір орын жетеді.
Қорбаңдап аю да келеді.
Аю: Қолғапта кім тұрады?
Тышқан: Қаптесер тышқан тұрады.
Бақа: Бақылдауық бақа тұрады.
Қоян: Ақ қоян тұрады.
Түлкі: Түлкі бикеш тұрады.
Қасқыр: Сұр қасқыр тұрады.
Ал сен кімсің?
Аю: Мен аю аталарыңмын.Қолғапқа мен де кірейінші.
Барлығы: Жоқ,сен дәусің, кірмейсің.
Аю: Суықта тоңып қалдым.
Барлығы: Кел, кір,ендеше.
Қолғап жарыла жаздайды.
Сол кезде жоғалған қолғабын шал есіне алып, итіне «артқа қайт,жоғалған қолғапты тап» деп бұйырады.
Ит: Әуп,әуп,әуп. Ей сендер құстарсындар ма,әлде аңдарсыңдар ма,қолғаптан шығыңдар.
Барлығы жан-жаққа қаша жөнеледі.
Ата келіп қолғапты алып кетеді.
Жүргізуші:
Аяқталды ертегі,
Ертегі сыр шертеді.
Еңбекті сүй балақай,
Дос қадірін білейік.
Балалар, аңдар үйсіз қалды. Менде қолғап бар. Бірақ ол әдемі емес. Ендеше аңдарға қолғаптардан әдемілеп үй жасап берейік.
Балаларға дайын қиылған қолғапты дәстүрден тыс әдіспен үш үстелге үш түрлі тәсілмен әшекейлету.
Балаларға түсіндіру,жасалу жолдарын көрсету.
1-үстел: Қолғапқа мақта жапсыртып әшекейлеу.
2-үстел: Қолғаптағы ермексазбен жапсырылған қарға күріш жапсырту.
3-үстел: Қолғапқа ұстақталып жыртылған майлықты жапсырту.
Сиқырлы кілемге мініп, топқа қайту.
Қорытынды: Балалар, біз қайда бардық? Ертегілер елінде бізге кім кездесті?
Сахналаған ертегі қалай аталады? «Қолғап» ертегісінде қандай аңдар,жәндіктер бар?
Ендеше әшекейленген қолғапты аңдарға тапсырайық.
Ұйымдастырылғын оқу қызметі соңында үстел үсті ойынын ойнайық.
Ойын: «Аңдардың сүйікті тамағын тап»
Мақсаты: Әр аңның сүйікті тамағын таба білуге үйретіп, есте сақтау қабілеттерін арттыру.
Ертегілер елі ханшайымының сыйлығын қабыл алыңыздар.
Үміт Тұяқбайқызы Иманбаева,
«№10 «Балапан» бөбекжайы» МКҚК тәрбиешісі,
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы