Мақсаты: Ертегіні сахналау арқылы баланың ақыл-ойын, зейінін, қиялын дамыту.Ертегілер арқылы тіл байлықтарын молайту.Есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Көрнекіліктер: «Шалқан» ертегісіндегі кейіпкерлердің суреттері.
Сабақ барысы:
Қонақтармен амандасу (Сәлеметсіздер ме, здравствуйте )
«Шаттық» шеңбері
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанайық достарым,
Арайлап атқан күнге.
Тәрбиеші: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Қыс мезгілі
Тәрбиеші: Қыс мезгілінде неше ай бар?
Балалар: Үш ай (Желтоқсан,қаңтар,ақпан )
Тәрбиеші: Балалар, қыс мезгілінде қандай ерекшеліктер болады?
Балалар: Күн салқын,аяз болады.Бас киім,қолғап,аяғымызға етік киеміз.
Тәрбиеші: Балалар, біздер қыс мезгілі туралы қандай тақпақ білеміз?
Қане айтайықшы.
Боран соғар оң жақтан,
Боран соғар сол жақтан.
Қар атысып ойнасақ,
Суық өтер қолғаптан.
Жарайсыңдар, балалар.
Балалар, бүгінгі біздің оқу қызметіміз ертегілер туралы болады.Сендер қандай ертегілерді білесіңдер? Қане бәріміз экранға назар аударайықшы.
(экраннан слайд көрсетіледі )
«Бауырсақ»
«Жеті лақ»
«Маша мен аю»
«Мақта қыз»
«Шалқан»
Тәрбиеші: Балалар, сендер ертегі тамашалағанды ұнатасыңдар ма?
Балалар: Иә
Тәрбиеші: Ендеше, көзімізді жұмып, ғажайып ертегілер әлеміне барамыз. Балалар, қараңдаршы, біздер ғажайып ертегілер әлеміне келіп қалдық.
Балаларды ертегі ханшайымы қарсы алады.
Ертегі ханшайымы: Сәлеметсіздер ме, балалар.Ғажайып ертегілер әлеміне қош келдіңіздер.Біздер бүгін «Шалқан» ертегісін сахнағалы жатырмыз. Қане барлығыңыз отырғыштарға отыра қойыңыздар.
Әуенмен «Шалқан» ертегісі басталады.
Ертегі ханшайымы: Ерте, ерте, ертеде бір ауылда ата мен әже өмір сүріпті.Олардың бақшасы болыпты.Бірде ата бақшасына шалқан отырғызады.
Ата: Өс-өс шалқан тәп-тәтті
Өс-өс шалқан қап-қатты, — деп, ата шалқанына күнде су құйып, топырағын қопсытып жүреді.
Күндердің бір күнінде Шалқан күннің ыстық сәулесімен үлкен болып өседі.Ата шалқанына тамсанып қарап: -Ой бәрекелді, менің шалқаным үлкен болып өсіпті.Бұл шалқан бәріне жететін болды, — деп тарта бастайды.Тартып-тартып шалқанды жұла алмайды.
Ата: Ойбай, шаршап кеттім, белім де ауырады, — деп кемпірін шақырады.
Ата: Әй, кемпірім, кел маған көмектесші, мен шалқанды тарта алмай жатырмын.
Әже: Қазір,қазір көмектесемін.Ой, шынында да үлкен болып өсіпті ғой,кел тартсақ тартайық, — дейді.
Ертегі ханшайымы: Осылайша әже атаның артынан ұстап әрі тартады, бері тартады. Бірақ шалқанды орнынан қозғалта алмайды.Әже көмекке қызын шақырады.
Әже: Қызым, қызым, бізге көмекке келші.
Қызы: Қазір, қазір көмектесемін.
Ертегі ханшайымы: Сонымен қызы көмекке келіп, шалқанды рет-ретімен тартады.Бірақ күштері жетпейді. Қыз көмекке итін шақырады.
Қызы: Итім, итім, бізге көмекке келші.
Ит: Аф-аф, қазір көмектесемін.
Ертегі ханшайымы: Ит қыздың етегінен, қыз кемпірдің етегінен, кемпір атадан, ата шалқаннан ұстап, әрі тартады, бері тартады, бірақ шалқанды суыра алмайды.Енді ит көмекке мысықты шақырады.
Ит: Мысық,мысық, бізге көмекке келщі.
Мысық: Мяу-мяу, көмектесіп жіберейін.
Ертегі ханшайымы: Мысық иттің құйрығынан, ит қыздың етегінен, қыз кемпірден,кемпір атадан, ата шалқаннан ұстап, әрі тартады, бері тартады,бірақ шалқанды суыра алмайды. Мысық көмекке тышқанды шақырады.
Мысық: Тышқан,тышқан, бізге көмектесші.
Тышқан: Әрине, көмектесемін деп тышқан мысықтың құйрығынан, мысық иттің құйрығынан, ит қыздан,қыз әжеден, әже атадан, ата шалқаннан тартып, шалқанды суырып алады.
Тәрбиеші: Балалар, көрдіңіздер ме, тышқан бәрінен де мықты екен.
Ертегі ханшайымы:
— Балалар ертегі сендерге ұнады ма?
-Иә
Тәрбиеші: Балалар, көрдіңдер ме, қандай тату-тәтті отбасы.Бір-біріне көмектесіп, өз туысқандарына қамқорлық көрсетеді.Ал сендер бір-біріңмен доссыңдар ма? Иә балалар, осылай бір-біріңмен дос болуларың керек.Балалар, сендер де, ертегі кейіпкерлері де шаршап калған сияқтысыңдар. Қане, бәріміз ортаға келіп бір сергіп алайық.
Сергіту жаттығуы.
Ертегі ханшайымы: Балалар сендер тапсырма орындағанды ұнатасыңдар ма?
Менің сендерге дайындаған тапсырмам бар.
Тапсырма. « Шалқан» ертегісінің кейіпкерлерін тап
Ертегі ханшайымы: Балалар, сендер тапсырманы жақсы орындайды екенсіңдер.Мен сендерге ризамын. Менің сендерге арнаған сыйлығым бар.
Балаларға ертегі ханшайымы сыйлық береді.
Тәрбиеші: Балалар, біздің балабақшамызға қайтатын уақытымыз болды.Ертегі ханшайымымен қоштасып тобымызға қайтайық.
Сау болыңыз.До свидание.
Тәрбиеші: Балалар, біз ертегілер әлеміне барғанда қандай ертегіні тамашаладық?
— «Шалқан» ертегісін
— Шалқан қайда өседі?
— Бақшада
— Шалқанды кім отырғызды?
— Ата
— Атаға кімдер көмектесті?
— Әже, қызы, ит, мысық, тышқан.
Балалар, «Шалқан» – орамжапырақ тұқымдасына жататын екі жылдық көкөніс. Шалқанның түсі ақ немесе сары болады екен.Шалқанның құрамында ағзамызға пайдалы көптеген дәрумендер бар. Емдік қасиеті де бар екен.
Құрметті қонақтар, балалар, осымен «Ертегілер еліндегі Шалқан» атты ашық ұйымдастырылған оқу қызметіміз аяқталды.
Балалар қонақтармен қоштасайық.
Сау болыңыз, До свидания!
Гүлім Мырзабекова,
«№10 «Балапан» бөбекжайы» МКҚК тәрбиешісі,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы