Home » Мақалалар » Ерназарова Бағжан Ерназарқызы

Ерназарова Бағжан Ерназарқызы

Қазақстанның инновациялық болашағы еңбек ресурстары сапасына сай тікелей байланысты болғандықтан түбегейлі жаңа әдіс және технология қажеттілігі туралы мәселеге Елбасы аса назар аударды. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту үдірісі басталып, мамандарды даярлау жүйесінде оқытудың дуалдық жүйесін енгізу тапсырылды.

Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз-теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Ол алғаш Германияда пайда болып негізі қаланды. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуалды оқыту жүйесі қазіргі дүние жүзілік тәжірибеде бар дүние. Оның жарқын мысалдарының бірі-германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі даярлаудың дуалдық жүйесі. Мұнда студенттер уақытының үштен екі(60%) бөлігінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші (40%) бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды.

Ауылшаруашылығында оқытудың дуалды жүйесі-техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуалды жүйесі деген атпен белгілі.

Оқу үрдісіне дуалды білім беру жүйесін енгізу келесі мәселелерді шешуге мүмкіншілік береді:

  1. Оқу мекемесінің тартымдылық беделінің артуы, студенттер контингетінің жоғарылауы;
  2. Оқушылардың қызығушылығы мен сұранысына қарай бағдарламалар, элективті (икемді) курстар бағдарламаларын әзірлеу;
  3. Мамандықты тереңірек ойланып таңдауға, социализация, тапқырлық пен шығармашылыққа бейімдейтін біліктіліктің дамуы;
  4. Дуалды жүйе бойынша оқытылатын тұлғаның қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарылуы;
  5. Бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыру, жұмыссыздықтың қысқаруы;
  6. Білім беру мекемелерінің жобаларды жүзеге асыру кезеңдерінде қосу арқылы кәсіпорындармен өзара әрекеттесу аясын кеңейту;
  7. Білім беру мекемелерінің бәсекелесуге қабілеттілігін жоғарылату.

Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық  жоғары  колледжінде  аймақтық еңбек нарығының жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру, білікті жұмысшы кадрларды бірлесе даярлауға жұмыс берушілерді жұмылдыру мақсатында әртүрлі істер жасалынуда. Колледжімізде екі мамандық бойынша 1502000 «Агрономия», 1232000 «Шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі» дуалды оқыту жүйесі негізінде білім алуда. Қазіргі таңда  «Агрономия» мамандығы бойынша күндізгі бөлімде 70 студент,  «Шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі» мамандығы бойынша  77 студент білім алуда.

Әлеуметтік серіктестіктермен келісім шарттар жылда жаңартылып отырады. «Агрономия» мамандығына байланысты  төмендегідей жұмыс берушілер арасындағы келісім шарттар жасалған: Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу игнституты, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжау орталығы, «Жан-Арай» ЖШС, «Амиран-агро» сүт фермасы, «Ыбрайхан» ЛТД.

 

«Шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі» мамандығы бойынша М.Әеузов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен, «НефтьПромСнаб» ЖШС т.б мекемелермен келісім шарттар жасалынған. Ал, жақын арада іске қосылғалы  отырған шыны зауытына «Шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер  Қызылорда облысында жаңа технологияларды қолданылатын және де өнімі экспортқа бағытталған бірқатар жобаларды іске асырудағы өз үлестерін қосады деген сенімдеміз.

 

Ынтымақтастық төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

  1. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын қолдану арқылы оқушылардың тәжірибелік оқуын ұйымдастыру (құралдар мен арнайы жабдықтарды қолдану мүмкіндігі беріледі).
  2. Ары қарай жұмысқа орналасумен өндірістік тәжірибеден өтуге үшжақты шарттар жасау.
  3. Өндірістік тәжірибе бойынша жұмыс бағдарламаларын бірлесе әзірлеу.
  4. Бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізу.
  5. Оқу бітірушілердің қорытынды аттестациясы кезеңінде кәсіпорын өкілдерінің мамандар даярлау сапасын бағалауы. Кәсіпорын өкілдері мемлекеттік біліктілік комиссиясына басшылық етеді, диплом жобаларының жетекшілері болып табылады.
  6. Кәсіпорындарда арнайы пәндер оқытушыларының сынақ өтулерін ұйымдастыру.

Колледж түлектерін дайындауда білімді  тәуелсіз бағалау сапасы үрдісінде жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер белсенді түрде  қатысып отырады.

Жұмыс беруші мекеме өкілдері жыл сайын колледж бітірушілерін қорытынды аттестаттау жұмыстарына қатысып, біліктілік, білімділік деңгейлерін сарапқа салады, бағалайды.

Бүгінгі күннің болмысы кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді.

Әлемдік тәжірибеге қарағанда, білім берудің дуалды жүйесі мамандардың кәсіби дайындығын жоғарылатуға ықпал етеді. Еңбек өнімділігі артады, халықтың көшіп – қонуы азаяды, әлеуметтік шиеленіске жол берілмейді. Себебі теория мен тәжірибені ұштастыру негізінде студент оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп қана қоймай дайын маман болып шығары анық.

 

Ерназарова Бағжан Ерназарқызы

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық

 колледжінің «Шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы

Талпахова Ұлжалғас Ишанбековна

И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінің «Агрономия» мамандығы бойынша

арнайы пән оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.