Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесі қазіргі таңда аса көкейтесті мәселелердің бірі болып табылады. «Қазақстандық патриотизм — Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекеті әлемдік биіктен көріну үшін білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, еліміздегі бейбітшілік, бірлік пен тәуелсіздікті сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсау. Патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасында: «Патриотизм жеке тұлғаның «табиғат-адам-қоғам» жүйесінде әлеуметтену үрдісін қамтамасыз ететін тұлғаның құнды сапалық қасиеті. Сондықтан да патриотизмді философиялық категориялар тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда патриотизм адамның табиғатпен үйлесе дамуының басты факторы, адамдармен қарым-қатынасының құралы, қоғам дамуының дәйекті әсер ететін себеп-салдары болып табылады. Біздің көзқарасымызша мектеп оқушыларына отансүйгіштік тәрбие беруде баға жетпес педагогикалық құрал – батырлардың қаһармандық бейнесі және оның қазақ ауыз әдебиетінде, тарихында, көркем шығармаларда сомдалуы болып табылады. Отансүйгіштік тәрбие берудегі басты мақсат жеке тұлғаның бойында рухы мықты, адамгершілік нормаларды бойына сіңірген, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру болып табылады. Ғалым С.Қалиевтің пікірінше: «біріншіден, тарихи қалыптасатын, ұлттық өмір сүру ізімен жалғасқан дәстүрлі қасиет болғандықтан, ұлттан тыс бола алмайды; екіншіден, кез-келген ұлтқа еңбек сіңірген өзге ұлт өкілдері сол ұлтқа бүтіндей беріле алмайды; үшіншіден, отансүйгіштік сезімді тек биологиялық деп қарау ғылымға жат нәрсе, оны жануарлардың инстинктімен шатастыруға болмайды. Отансүйгіштік қасиет биологиялық емес, ол тарихи, саяси әлеуметтік, идеологиялық дәстүрлі, күрделі құрылым». Мектеп оқушыларына батырлардың қаһармандық бейнесін насихаттау үшін профессор К.Ж.Қожахметованың зерттеуіндегі «ер жігіттің» халық ауыз әдебиетіндегі жиынтық образын келтіреміз. Мұнда автор ер жігітті сыртқы көрінісі жағынан «ұзын бойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, тік мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, кеуделі, өткір тісті, қолдары қарулы, мығым денелі, жауырыны қақпақтай, бір сөзді, шыншыл, рухы күшті», ал сипаты мен өзіндік ерекшеліктері жағынан «қырандай қырағы, сұңқардай тәкаппар, арыстандай айбатты, жолбарыстай күшті, қасқырдай батыр, қара нардай шыдамды, құландай сүйекті, жылқыдай сезімтал, бұландай айбарлы, сауысқандай сақ, т.б.», қабілеті мен іскерлігіне байланысты «көсем жігіт, дана жігіт, ержүрек жігіт, мырза жігіт, күрескер жігіт, шаруа жігіт, сұңқар жігіт, сұлтан жігіт, арыстан жігіт, қасқыр жігіт, нар жігіт, т.б.», — деп жіктейді. Сондай-ақ жігіттің бойында болуы қажет «байқағыштық, шеберлік, ерлік, күштілік және табандылық, шапшаңдық, білімділік» секілді алты қасиетін атап көрсетеді. Мұның өзі бүгінгі оқушылардың қазақ батырларына тән отансүйгіштік қасиеттерді танып-білуіне және өздеріне үлгі алуына септігін тигізеді. Қазақ батырының бойында батырға тән қаһармандық қасиеттердің жиынтығы да, азаматқа тән адамгершілік қасиеттер де, отағасына тән «сегіз қырлы, бір сырлылық» та, шешенге тән дуалы сөзділік те, данаға тән білгірлік те, биге тән көсемдік те, әулиеге тән көрегендік те табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ер Төстіктің қаһармандығын, Бекет атаның бойындағы әулиелігін, Исатай батырдың ел бастаған билігін, Б.Момышұлының ерлігін айтуға болады. Қазақ елінің тарихында қазақ патриотизмінің де орны ерекше. Себебі сонау сақ дәуірінен Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде туған жер үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен күресіп, келешек ұрпағына Отанымызды, «қазақ» атауын бізге мұра етіп қалдырған батырлар, билер, хандар заманында хатқа «қазақ патриотизмі» деп жазылмаса да, ауызекі түрде кейде жыр, өлеңмен тараған отансүйгіштік өсиеттердің негізінде бізге жеткен мұралары бар.
Бүгінгі қазақстандық патриотизм туралы айтар болсақ, ол мынадай принциптерге сүйенуі тиіс:
— өз ұлтын, ана тілін, дінін, туған жерін жанындай сүйетін, қорғай білетін;
— өз ұлтын әлемге танытатын;
— өз халқына деген отансүйгіштігі, бауырмалдығы жоғары;
— өз елінің ырымдары мен тиымдарын берік ұстанатын;
— өз елінің салт-дәстүрлерін қастерлейтін және үнемі насихаттайтын;
— өз елінің отансүйгіштік тақырыптағы әндерін тыңдайтын;
— мемлекеттік рәміздерді қасиет тұтатын және қорғай білетін;
— отансүйгіштік ой-санасы жетілген, ары таза;
— қазақ батырларының ерлігін, үлгі-өсиетін өнеге тұтатын болуы керек.
Осы ұлттық қасиеттерді бастауыш сыныптардан бастап,сабақтар мен тәрбие сағаттарында ерлік, елжандылық, Халық қаһармандары Ұлы Отан соғысының батырлары, халық батырларының мінез-құлқындағы елін-жерін қорғағандағы жағымды, ұнамды қасиеттерді үлгі ете отырып, патриоттық құндыдылықтарды қалыптастыруға болады, – деп санаймыз. Мысалы: 3 сыныпта Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигельдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және т.б. ерлік істерін, Қазақ ханы Абылай хан мен халық батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай туған елін, жерін қорғаған батырлық істерін үлгі етіп, өз Отанының патриоты болуға тәрбиелеу көзделеді. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына ар намысты, ержүрек халықтың ұрпағы екендігін сездіріп, ерлік рухын патриоттық сезімін, өз халқына сенімін арттыру әр мұғалімнің міндеті. Ол үшін тек сабақта ғана тәрбиелік мақсаты жүзеге асырумен шектелмей, оны тәрбие сағаттарымен ұштастырған жөн деп санаймыз. Себебі: кейбір сабақты әрі қарай тәрбие сағатына ұштастыра білсе, онда әрине оқушыларды патриоттық құндылықтар қалыптасатыны сөзсіз. Бұдан шығатын қорытынды оқушылардың бойындағы патриоттық сезім қалыптастыру үшін сабақ пен тәрбие жұмысын ұштастыру, яғни байланыстыру арқылы, сабақта алған білімін тәрбие сағатында рөлге орындауда, батырдың мінез-құлқын, іс-әркетін бейнелеуде образды бейнелеуде,әртүрлі тапсырмаларға жауап беруде, сондай-ақ суреттерді әңгімелеуде, өз шығармашылықтарымен мәтін бойынша салған суреттерінде белгілі бір нәтиже беретіні байқалды.
Сонымен қорыта айтқанда, отансүйгіштік тәрбие – бұл халық дәстүрлері негізінде адам баласының бойында жинақталған ерекше белгі. Ол әрбір жеке тұлғаның бойында белгілі бір этикалық формаға ие. Осы қасиеттер жиынтығы арқылы ғана әрбір тұлға өз Отанының патриоты болады.
Алимова Айгүл Тілеубергенқызы,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы.
№102 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.