Home » Білім және тарих » Еркін Дәуешов: Әкенің ызғарынан ығып өскен ұрпақ жаман болмайды

Еркін Дәуешов: Әкенің ызғарынан ығып өскен ұрпақ жаман болмайды

Заманына қарай адамы дейміз. Бірақ әке мен баланы, ата мен немерені байланыстырып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болған, осылайша қоғамның іргесін ұстап тұратын басты нәрсе бар, ол – отбасылық құндылық, ұлттық салт-сана. Тұрмысты сана билеген заманда осы құндылықтың қадірі қашқандай. Әке балаға уақыт таппай, ата немересіне ақыл айтуын тоқтатқан сәттен қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұстамды болудан қалды. Салдарынан ажырасқандар саны артып, тастанды балалар көбейді. Тіпті, тірідей баланы қоқысқа тастау белең алып, ХХІ ғасырдың нәубетіне айналды. Мұның бәрі отбасыдағы тәрбиенің таяздығынан дейді 6 баланы тәрбиелеп жеткізген адал жар, ұлағатты ұстаз, қазірде бейнетінің зейнетін көріп отырған Еркін Дәуешұлы Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында.

— Аға, әңгімемізді әу басынан бастайық. Қанша жасқа келдіңіз?

— 77 жасты бітіріп, 78-ге аяқ бастым.

— Мамандығыңыз қандай?

— Негізгі мамандығым бойынша физика-математика пәнінің ұстазымын. 1961 жылы институтты бітіргеннен бері бір күн де тоқтамай жұмыс істеп келемін. Ұстаздықтан басталған қызмет жолым ауданның білім басқармасын басқаруға дейін жалғасты. Ал зейнетке шыққалы бері Астана қаласындағы қарттар үйінде 12 жыл психолог болып қызмет атқардым. Қазіргі кезде сол қарттар үйінің қасындағы музейде қызмет істеймін.

— Әңгімеміздің ауанынан байқаған боларсыз. Негізгі сұқбат қазақы отбасы құндылығы төңірегінде өрбімекші. Олай болса, қазақ үшін отбасы құндылығы деген не өзі?

— Менің түсінігім бойынша, қазақ отбасы құндылығы – ең әуелі, жақсы жар таңдай білу, жақсы отбасын құру. Ол өзіңе тең адамды тауып, сол адаммен бірге бір шаңырақ астында өмір сүру. Екінші – бір отбасы болып, ерлі-зайыпты атанғаннан кейін дүниеге сәби әкелу. Соларды адал, ұлтжанды, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу. Сол балалардың ер жетіп, сенің берген тәрбиеңнің жемісін жегізуі. Әрине, ең бастысы, ұлттық тәрбие екенін ұмытпаған абзал.

— Бұл сіз сезінген құндылық. Ал осы өзіңіз айтып отырған құндылыққа өзіңіз қаншалықты сай болдым деп ойлайсыз?

— Біздің отасқанымызға 53 жыл болды. Содан бері бір-бірімізге деген сыйластығымыз, сүйіспеншілігіміз, құрметіміз бәсеңдеген емес. Бұл – біздің ең басты жетістігіміз. Осы сүйіспеншіліктің арқасында Құдай бізге алты бала берді. Солардың барлығын оқытып, қатарынан кем қылмай тәрбиелеп, Қазақстанның дамуына үлес қосатындай азамат етіп шығардық. Алтауы да елге қызмет етіп жүр деп айта аламын. Біреуі докторантураны бітірсе, бірі экономика ғылымдарының кандидаты, қалған төртеуі мемлекеттік дәрежедегі қызметтерді істейді.

Барлығының өз отбасылары бар. 10 немере, бір шөбере сүйіп отырмын. Міне, мен қазақтың отбасылық құндылығына, демографиясына үлес қоса алдым ба, жоқ па оны бір Алла біледі.

— Қазіргі таңда бір-екіден, ары кеткенде үш баладан аспайтын отбасылар көбейді. Бұған не себеп болуы мүмкін?

— Мен де дәл осы сұрақты біраз жастарға қойып көрдім. Көбінің жауабы біреу – көп балалы болуға әлеуметтік жағдайымыз келмейді дейді. Ол баланы тәрбиелеу керек, оған қаржы керек деген пәтуаларын алдыға тартады. Мен бұл жауаптарға қанағаттана алмаймын. Себебі қазақ: «Бір қой егіз тапса, бір түп жусан артық шығады» дегенді бекер айтпайды ғой. Яғни, өмірге келген әр баланың өз ырызығы өзінде деген сөз.

Мысалы, біздің ауылда бір ауырушаң кісі болды. Әйелі де жұмыссыз еді. Соған қарамастан сол отбасындағы 7-8 бала бірін-бірі тәрбиелеп, бірін-бірі қолдап өсіп-жетілді. Қазір барлығы да жақсы отбасы, жақсы азамат болып ержетті. Сондықтан бала санын шектеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешемін деу – бос әуірешілік.

— Өзіңіз неше жасыңызда үйлендіңіз?

— Мен 24 жасымда үйлендім.

— Демек алғашқы нәрестелеріңіз дүниеге келгенде 25 жаста болдыңыз ғой?

— Иә. Тұңғышымыз дүниеге келгенде 25 жаста болатынмын.

— Ол кезде үй болған соң, отбасы құраған соң, әуелі әлеуметтік мәселелер емес, өмірге қанша болса да ұрпақ әкелу басты мақсат болған секілді?

— Мен саған өзімнің үйленген кезімді айтып берейін. Мен отбасын құрған кезде менде үй болған жоқ. Жол құрылысында жұмыс істейтін құрылысшылардың жатақтарының бір бұрышында қыстап шықтық. Екінші жылы орманшының бір ескі үйін берді. Сол үйді жұбайымыз екеуміз өзімізше жөндеген болып, үйдің кейпіне келтіріп, сонда тұрдық. Осы үйде тұңғышымыз өмірге келді. Осылай бірте-бірте ел қатарына қосылдық.

Ал қазіргі жастармен сөйлесе қалсаң, әуелі машинасы бар ма, үйі бар ма, қызметі бар ма, ақшасы бар ма деп шығады. Бұл дұрыс емес. Осының барлығына екеуі бірлесе жүріп қол жеткізсе, қандай жарасымды болар еді. Әсіресе, қыздардың барлығы жан қинамай, дайын асқа тік қасық бола қалғысы келеді. Ал ондай «батпан құйрықтың» қадірі болмай, шамалы қиыншылық кездессе ажырасып кетіп жататындары да сондықтан.

Өз басым, барлығын үйленгеннен кейін бастадым. Әлі күнге дейін үйіме сатып алған алғашқы шкафымды дүкеннен үйіме дейін қалай жеткізгеніміз көз алдымда. Бір шақырымнан астам жерге дейін арқалап барған едім. Жұбайым қасымда, көңілге болса да, бір жағын демескен болып барды. Одан кейін ол шкаф біздің отбасымыз үшін ең ыстық зат болып қалды.

— Қазақтың дәстүрлі отбасы құндылықтары бар. Мысалы, шаңырақ иесі ретінде кенже баланы қалдыру, ата-бабасы мұра ретінде балаларына енші бөліп беру деген секілді. Сіздің отбасыда осы үрдістер сақталған ба?

— Әр дәуірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, сол көшпелі кезеңде кенже ұлды шаңырақ иесі ретінде ата-анасы қолға ұстауы қажеттіліктен туындаған. Ал қазіргі жағдайда қызымет бабымен әркім әр жаққа кетеді. Мысалы, мен өзім туған ауылда 7 жасыма дейін ғана болыппын. Басқа уақытта оқу, қызмет, т.б. деп өзге жақта жүрген екенмін. Ал қазіргі жағдайда қариялар кенжесін емес, өзінің қолайына жағатын, жағдайын жақсырақ жасайды-ау деген баласының қолында отыруға бейім. Мен өз отбасымда әзірге ешбір баламды ұстап отырған жоқпын. Қолымызда 1-сыныпқа баратын немереміз ғана бар. Ал негізінде балаларымның бәрі осы қалада тұрады. Олар «жастарыңыз келіп қалды ғой, біріміздің қолымызға келіп тұрыңыздар» дейді. Әзірге өз жағдайымызды өзіміз жасай алатындықтан, оларға алғысымызды айтып отырмыз. Ал керек болатын болса, әрине, кез келгенінің қолына тұра беруімізге болады.

— Қарттар үйінде психолог болып істегеніңіз бар, қазір де сол жердің музейінде жұмыс атқарып жүр екенсіз. Осы тұрғыда өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, қарттар үйінде қазақ қариялар көбейіп кетті. Ал осыған жаңағы қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылығын сақтамауы себеп болып отырған жоқ па?

— Иә, өкінішке қарай, қарттар үйінде қазақ қариялардың көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Бірақ менің пайымдауымша, бұған отбасылық құндылықтарды сақтамаудың еш қатысы жоқ деуімізге болады. Ең әуелі, мұндағы қателік – отбасы құрудан кеткен. Екінші мәселе – бала тәрбиесінен кеткен қателік. Отбасын құрудан кеткен қателік салдарынан бала тәрбиесімен не әке ғана, не ана ғана айналысады. Осыдан барып бала біржақты ғана сезіммен ержетеді. Ондай бала кімге жақын болса, соған ғана көңіл бөліп, екіншісін ескерусіз қалдырады.

Тағы бір айта кетер жайт, қарттар үйі туралы жалпы көпшіліктің пікірі бойынша «бала-шағасы әке-шешесін қарттар үйіне апарып тастап кететін» секілді елестейді. Бұл түсінік қате. Әркімнің өз тағдыры, өз жағдайы бар. Дегенмен, біздің ұлттық болмысымыз үшін, қазақы менталитетіміз үшін жақсы дүние емес. Бұрынғы кезде өз әке-шешесін қойып, басқа жақтан келген бөтен адамның өзін қарттар үйіне апармайтын еді.

— Отбасы құндылығын сақтап қалу үшін жас отбасы не істеуі керек?

— Бұл туралы айта берсеңіз бітпейді ғой. Бірақ екі нәрсені анық айтқым келеді. Біріншісі – балабақшадан бастап баланы ұлттық құндылықпен тәрбиелеу керек. Ол – ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ол – отаншылдыққа тәрбиелеу, ол – баланы шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиелеу. Ал екіншісіне келер болсам – мен діндар адам емеспін, намаз да оқымағанмын. Дегенмен, Ислам дінінің адамзатты тек қана ізгілікке тәрбиелейтін дін екенін әлем мойындады. Осы тұрғыда жас ұрпақтың бойында имандылық нәрін сіңіру керек секілді. Осы екі жол арқылы біз мемлекеттің іргетасы болар отбасылық құндылықтарымызды сақтап қала аламыз деген ойдамын.

— Отбасы құндылығын сақтауда, оның өміршеңдігінде қыз тәрбиесінің алар орыны ерекше. Осы тұрғыда біз қыздарымыздың тәрбиесінен қателік жіберіп алғандаймыз.

— Иә, қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Ал осы қыз тәрбиесінде ананың алар орыны ерекше. Жалпы қыз тәрбиесінде ғана емес, отбасы құндылығын сақтап қалуда ананың алар орыны айтарлықтай. Өзім де 5 қыз тәрбиелеп өсірген әке ретінде бір нәрсені айтқым келеді. «Ер азамат үйде туып, түзде өседі» дегендей, біздің тірлік көбінде ат үстінде, сыртта өтті, сол кезде отбасындағы барлық ауыртпалықты көтеріп, балалардың дұрыс адам болып өсуіне жауапты адам – анасы.

Дегенмен, отбасы құндылығын сақтап қалуда ер адамның ролі жоғары болғаны дұрыс деп есептеймін. Себебі, қазіргі таңда білім беретін мекемелердегі қызметкерлердің 90 пайызы әйелдер. Ал баланың қалыптасу кезеңінің көбі осы мектеп қабырғасында өтеді. Яғни, қазіргі қыз мінезді жігіттер, жігерсіз, жасық, қойынынан бөзі, аузынан сөзі түскен жастардың көбі осы мектеп қабырғасынан қалыптасып шығады деп ойлаймын. Тым болмағанда әкенің ызғарынан, көзқарасынан ығып өскен ұрпақ тым жаман болмайды.

— Осы орайда мынадай бір ой келеді. Біз неге отбасы құндылықтарын қалыптастыратын, сақтайтын, дамытатын институт құрмаймыз?

— Бұл менің өз көзқарасым екенін ескертіп алайын. Біріншіден, біз әлі күнге ұлттық тәрбиеге көңіл бөліп отырған жоқпыз. Ұлттық идеология жоқ. Былай қарасаңыз, барлығы істеліп жатқан секілді. Алайда іс жүзінде ештеңе атқарылған жоқ деуге болады. Бір ғана қарапайым мысал айтайын. Менің үйімнің айналасында мекемелер бар. Сонда қызмет ететін қыздар топтасып тұра қалып темекі шегіп тұрады. Олар ертеңі туралы не ойлайды? Сол секілді мейрамханалар мен кафелерден түнгі уақытта көретініміздің барлығы жастар. Бұдан шығатын қорытынды не, қорытынды – ата-ананың жіберген қателігі. Біз айтамыз ғой баланы мектеп тәрбиелеу керек деп. Иә, тәрбиелеуі керек, бірақ негізсіз ештеңе өнбейді ғой. Сондықтан иниститут құру керек болған күннің өзінде оның негізі болуы керек. Әрине, бұл – осы мәселемен түбегейлі айналысып жүрген мамандардың шаруасы.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.