Home » Балабақша » «ЕРКЕМ-АЙ» 5 ЖАСТА!

«ЕРКЕМ-АЙ» 5 ЖАСТА!

Өмір жолдарына сәтті қадам тілеп, ұясынан бірнеше бүлдіршінді түлетіп ұшырған «Еркем-ай» балабақшасы биыл 5-ке толды. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтамасыз етуде елімізде «Балапан» бағдарламасы балабақшалар ашуға мүмкіндік туғызды. Соның бірі болып 2013 жылы 5 сәуірде Астана қаласының Алматы ауданында №69 «Еркем-ай» деген атаумен ашылған балабақша мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, бүлдіршіндерге құшағын ашқан болатын. Сол жылы 240 бала балабақша табылдырығын аттады.
Балабақша ашылғалы бері бірге келе жатқан әдіскер Мұхажанова Гүлжахан Шахмұрадқызы, Райқұлова Гүлназ Серікқызы, Тұрганбаева Ұлболсын Әбенқызы сияқты білікті-білімді тәрбиеші-ұстаздар қазір де балаларға тәрбие мен білім беруде талмай еңбектеніп келеді.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы», — деген екен әл-Фараби бабамыз. Осы қағиданы негізге ала отырып, аталмыш балабақша ұжымы алдарына негізгі нысананы белгіледі.
Білімді ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп, негізгі міндет санаған балабақша меңгерушісі Ақмарал Абдрасилқызы Райымқұлованың еңбегі еш кетпеген сияқты. Оған бүгін, яғни ағымдағы жылдың 13 сәуірінде балабақша туған күніне арналған мерекелік шара барысында көз жеткіздік.
Айтулы шара шымылдығы «Ақжол» ересектер тобы тәрбиелену-шілерінің құттықтау тілектерімен ашылып, Айару, Райяна, Ақзере есімді сүйкімді бөбектердің бал тілінен тамған тақпақтарымен жалғасты.
Әрі қарай балабақшаның 2016 жылғы түлектері мен олардың ата-аналарының ризашылық лебіздеріне ұласты. 2016 жылы өзі түлеп ұшқан ұяның мерейтойына келген 2 сынып оқушысы  Кәусар Өмірсерікқызы «Жезкиік» күйін қобызбен орындап, көпшілікті тәнті етсе, 2017 жылғы түлек (бүгінде 1 сынып оқушысы) Елубай Ақнұр «Мереке» әнін шырқап, қонақтарға сергектік сыйлады.
ХІІ халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған мектепалды даярлық «Айгөлек» тобының тәрбиеленушісі Жәнібек Саянның орындауындағы «Жүрегім қазақ» әні әр қатысушының рухына қанат бітірді.
Өнерлі балаларды баптап, сахнаға дайындаған балабақшаның музыка жетекшісі Раушан Әштайқызы Оразоваға ата-аналар мен қонақтар өздерінің зор ризашылықтарын білдірді.
Балабақша тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері ұлтымыздың ұмыт қалған ұлттық дәстүрлерін ұлықтап, салтымызды сахналады.
Атап айтсақ, шілдехана, ат қою, сүндет той, бесікке салу сынды дәстүрлерді шынайы ойнап шығуы қонақтарды қайран қалдырды.
«Ботақан» тобының ботақаны Елжанқызы Айдананың орындауындағы «Балапан» әні де көңілді бір көтеріп тастады.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен І халықаралық  балалар мен жасөспірімдердің «Әр бала жұлдыз» атты өнер байқауына қатысып, ІІ орын иеленген мектепалды даярлық «Бәйтерек» тобы балаларының орындауындағы «Үнді» биі қонақтарды тамсантты. Бидің әрбір қимылы мен ырғағын бала санасына сіңіріп үйреткен балабақшаның би жетекшісі Жанар Рысбекқызы Медиеваның еңбегі орасан екеніне көз жеткіздік.
Аталмыш балабақша өнерлілер ордасы екені қайран қалдырды. Халықаралық байқаулардың жүлдегерлері тәрбиеленіп жатқан «Еркем-айдың» болашағы зор екенін баса айтқымыз келеді. Себебі әр баланың жанарынан өнерге деген іңкәрлік пен білімге деген талаптарын байқамау мүмкін емес. Халықаралық «Таңғы шұғыла» мега-тележобасы мен халықаралық «Сайра бұлбұлым» шығармашылық фестиваліннің І Лауреат атағының жеңімпазы ересек «Ерке» тобы тәрбиеленушілері «Егемен ел — Қазақстан» атты патриоттық әнін әуеге әуелетті. Тәуелсіз еліміздің таудай ұландары өсіп келе жатқанына тәубе дестік.
Аталмыш балабақшаның тәрбиелену-шілері ғана емес, әжелері де өнерден құр алақан еместігін дәлелдеді. «Әжелер ансамблі» Арыс жағасында» және «Жүгіріп шықтым белеске» әндерін нақышына келтіре, мың бұрала билеп орындағанда қонақтар дән риза болысты.
Бұл арқылы балабақша ұжымы мен ата-ана арасындағы ауызбірлік пен өзара зор сыйластықтарына куә болдық.
Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Қазірде елімізде көптеген ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Қазақ халқы ерте кезден бірлік пен ынтымақты, татулық пен сыйластықты жақтаған. Сол әлі күнге дейін кейінгі ұрпаққа тәрбие, үлгі-өнеге болып сақталып, сабақтасып келеді.
Жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандарға өз қандастары-мыздай қарайтынымыз көпке аян. «Балбұлақ» ересектер тобы ұлдарының орыс биі мен қыздардың өзбек биі сөзімізге дәлел бола алады.
ХІІ халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына қатысып, І дәрежелі Дипломант атанған мектепалды даярлық «Бәйтерек» тобының тәрбиеленушісі Елжанқызы Айарудың орындауындағы «Жұлдыз болғым келеді» әнінен болашақ жұлдызды танығандай болдық.
Ал «Ақжол» ересектер тобы ұлдарының аналарына тосын сый жасап, қосыла билеуін расында ғажап өнерге балауға болады.
Мерейтойға ересек «Бөбек» тобы мен ортаңғы «Қарақат» тобы балаларының дайындап келген тақпақтары мен мектепалды даярлық «Жұлдыз» тобының дайындап келген «Ковбои» биі  және ересек «Бәйтерек» тобы қыздарының «Кукарелла» биі көпшілікті сүйсінтті!
Ал «Жұлдыз» тобының жұлдызы Бижигит Ерханның орындауындағы «Опера 2» әнімен үлкен диапазонды бағындырды.
Мектепалды даярлық «Айгөлек» тобы тәрбиеленушілерінің балабақшаның туылған күніне арналған «5 жас» атты әсем биімен жалғасқан шара балабақша тәрбиешілерінің «Еркем-ай» әнімен қорытындыланды.
Шара соңында өнер көрсеткен бүлдіршіндерге Мақтау қағаздары табыс етілді.
Айтулы шараға балабақшаның әр қызметкері тер төгіп, күш жұмсап, жүйке жұқартып, жұдырық болып жұмылып, зор толқыныспен дайындалғаны көрініп тұр.
Сондай-ақ, балабақша әдіскері Лаура Бекқалиқызының еңбегі өлшеусіз деуге болады. «Баласы атқа қонса, анасы тақым қысады» дегендей, әр бүлдіршіннің өзіне тиісті нөмірін ойдағыдай орындап шығуына жанкүйер болып, игі шараның идеалды өтуіне барын салған Лаураның тәрбиеленушілерге берер тағылымы мол екенін аңғардық.
Мерейлі мерекенің өз деңгейінде өтуіне балабақшаның Қазақ тілі пәні мұғалімі Назерке Асанованың да еткен еңбек, төккен тері аз болмады.

Балалардың сүйікті бұл мекені,
Таңертеңнен күліп-ойнап жүргені.
Тәлім менен тәрбиенің арқасында,
Көркейеді күннен-күнге өркені.
Талай-талай түлектерді түлеткен,
Балалардың бақытына бөленген.
Жас ұрпақтың саналы боп өсуі,
Балабақша еңбегінен көрінген! — деп жырлаған сәби жүректердің шумақтарынан-ақ балғын балалық шақ пен балабақшаның бақытын байқауға болады.
Халықаралық деңгейдегі додаларда топ жарған дүлдүлдер тәрбиелеп жатқан балабақшаның тазалығы мен ұжым қызметкерлерінің жоғары мәдениеті және өз істеріне деген адалдықтары сырт көзге айқын байқалып, жүректерге жылу ұялатқаны жасырын емес.
Оған балабақша басшысы Ақмарал Абдрасилқызының ықпалы зор деп айтуға толық негіз бар. Ендеше, 5 жасқа жаңа толса да, орасан зор белестерді бағындырып, зор жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген балабақша ұжымына редакция тарапынан біз де сәттіліктер тілейміз!

 

Гүлжазира ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,
«Білім айнасы» газетінің Бас редакторы,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.