2017 жылғы 26-сәуірде Қызылорда қаласындағы №278 орта мектеп базасында орналасқан қалалық №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде «Ерекше қажеттіліке мұқтаж балаларға жүргізілетін түзету жұмыстарының түрлері, кезеңдері және мамандар қызметінің мазмұны» тақырыбында практикалық семинар-сабақ өткізілді.
Практикалық семинар сабақтың мақсаты: мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту, әлеуметтік бейімділігін анықтау, әртүрлі бұзылыстары бар балалардың барлық мүмкіншіліктерін дамыту мен түзету, қоршаған ортада өздерін бейімдей алуға тәрбиелеу.
Семинар-сабақты облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ш.Жунисова ашып, қазіргі таңда облыс бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға қоғам тарапынан жасалған көмектер, инклюзивті білім беруді дамыту, арнайы білім беру ұйымдарының алатын орны жөнінде және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар жайлы тоқталып өтті.
Семинар барысында «Ерекше қажеттілікке мұқтаж балалар үшін ойын әрекетінде түзету-дамытушылықтың тиімділігі» жайлы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті меңгерушісі М.Даулетиярова топпен практикалық жұмыс көрсетті.
Сонымен қатар, педагог-психолог А.Төребекқызы аутистикалық спектр ауытқушылығы бар баламен «Мен және менің көңіл-күйім» атты жеке түзету сабағын, мұғалім-логопед Ж.Оңдалықызы «Тұтықпа» тақырыбында жеке түзету сабағын, көз қылилығы бар баламен жеке түзету «Өз денесіне қарай бағдарлау» сабағын тифлопедагог А.Нұрмаханова және логопед, сурдопедагог, дефектологтардың қосымша сабақтары көрсетілді.
Практикалық семинар-сабақ барысында ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауда мамандардың командалық жұмыстары жүргізілді.
Практикалық семинар-сабаққа облыстық білім басқармасының балалар мен жасөсіпірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ш.Жунисова, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары және білім бөлімдерінің жауапты мамандары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері меңгерушілері, оңалту орталықтары мен арнайы мектеп-интернат директорлары қатысты.
Қалалық білім бөлімінің №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 2016 жылы облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қолдауымен, Қызылорда қаласының әкімдігі, облыстық білім басқармасы, «Дара» республикалық қайырымдылық қоры және «Қор» Мұнай компаниясымен 4 жақты меморандум аясында ашылған болатын.
Түзету кабинеті соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізуге қолайлы орта жасалған. Олар: ЛФК залы, дефектолог кабинеті, монтессори кабинеті, әдіскер мен әлеуметтік педагогтың кабинеті, психологтың кабинеті, сурдопедагогтың кабинеті, логопедтың кабинеті қарастырылған.
Сонымен қатар, қатарынан 3 жыл бойы «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен түзету кабинетінің мамандары үздіксіз білімін жетілдіру курстарына қатысуға мүмкіндіктері бар.
Қазіргі таңда психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барлығы 85 бала түзету жұмыстарын алуда.