2 сәуір – бүкіләлемдік аутизм жйлы ақпаратты тарату күні. Соған орай Орал қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мүгедек балалардың облыстық «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің қала және облыс әкімдігімен бірлесе ұйымдастырған шаралары «Асыл мирас» аутизм орталығынан бастау алды. Мұндағы орталықтан көмек алушы балалар мен олардың ата-аналары «Орал жастары» еріктілерімен бірге көкке шар ұшырды. Бұдан әрі орталықтың қызметі таныстырылып, «ерекше» балалармен жүргізілетін арнайы бағдарламалар туралы мәлімет берілді.
Іс-шаралар легі №21 орта мектепте «Әр бала мектепке баруға лайық» тақырыбындағы конференциямен жалғасты. Конференция жұмысының аталған білім ошағында өткізілуі кездейсоқтық емес. Себебі бұл мектепте өткен жылы астаналық «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен инклюзияны қолдау кабинеті ашылған. Шара барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды жалпы білім беретін мектеп жағдайында әлеуметтендіру мен бейімдеу, инклюзия жағдайында ерекше қажеттіліктері бар ЖСТД балалардың тілдік тыныс алу және артикулияциялық гимнастикасын дамыту туралы баяндамалар оқылды. Конференцияға қатысушылар жиыннан соң инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысты.
Мектеп директоры Лаура Шаркубенованың айтуынша, аутист балаларды қабылдауға Нұр-Сұлтан қаласындағы «Болашақ» корпоративтік қоры қолдау көрсетіпті. Бұл қор республика бойынша инклюзия жобасымен айналысуда. – Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзия мәселесі – басты міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Аутизмдік мінез-құлқы бар балалар басқаларынан жеңіл ауытқуымен ерекшеленеді. Олар арнайы бағдарламамен оқытылғанымен, тьюторлардың көмегімен өзге оқушылармен бірге бір сыныпта да білім алады. Одан әрі түзету кабинеттерінде қосымша білім алады. Олармен дефектолог, логопед, психолог мамандар жұмыс жасайды, – деді Лаура Сәбитқызы. Бұл мектепте оқитын жеті «ерекше» баланың бәрі – бастауыш сынып оқушылары. Әрқайсысына тьютор бекітілген. Мектеп басшысы бұл жұмыстардың нәтижесіне де тоқталды. Бұрын сабақта олар 10-15 минут қана шыдап отыра алса, қазіргі уақытта бұл мерзім 30-40 минутқа дейін ұлғайыпты. Оған қоса оқуға, жазуға, бояуға, есімдерін айтуға дағдыланып қалған.
Бұл күні №1 қалалық емханада скрининг және ерте диагностика бойынша қабылдау жүргізілсе, №15 зерде бұзылысы бар балаларға арналған облыстық мектепте аутизмі бар балалардың қатысуымен театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Тыныш әуен» атты концерттік бағдарлама да іс-шаралар қатарын толықтырды.
Оралдағы «Асыл мирас» аутизм орталығында 193 бала арнайы бағдарлама шеңберінде ем-дом алуда. – Бір курсты 40-45 бала қатар алады. Ал диагностиканы кезекпен өте береді. Барлығы алты бағдарлама бойынша әр педагог балалармен жеке іс жүргізеді. Аптасына үш рет – бір сағаттан, жалпы 36 сағат үш айға созылады. Барлық оқу процестеріне ата-аналар балаларымен бірге қатысады. Мұндағы мақсат – баланы оңалтумен қатар нәтижелі жұмысты ата-ананың жалғастыруына жағдай жасау, – дейді орталықтың супервайзері Айнагүл Есенғалиева. Бұл орталыққа көршілес Маңғыстау, Атырау облыстарынан да келетін ата-аналар бар екен. Орталықта сегіз маман жұмыс жасайды. Олар алдарына келген ата-аналарға барынша көмек беруге дайын.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», Орал,