Home » Жас қалам » ЕЛ ҮШІН ТУҒАН ЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

ЕЛ ҮШІН ТУҒАН ЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

 

«Әжем айтқан әңгіме» (оқушы өзінің ата-әжесі айтқан әңгіме желісімен шығарма)

 

«Қазақстан — елім менің, жерім менің» деп соғатын әр жүректі, әрбір қазақ баласын елінің басынан кешкендері ойландырмай қоймайды. Осы мақсатта әр мектептен жиналған балалар Арман клубының жетекшісімен, сонау 1941-1945 жылдардағы зұлматтың кермегін тартып, майдан алаңында елі үшін күрескен ардагер ақсақалмен жүздесуге бардық.

Ашық аспан, сәулелі күн астында қырандай самғап, кең жазық жазирада сәйгүліктей желмен жарысқан, кеңдікті сүйетін қазақ баласының басына бұлт төнген 1941-1945 жылдар еді… Қазақ баласына да, КСРО құрамындағы халықтарға, ұлт өкілдерінің басына күн туды. «Біріге көтерген жүк жеңіл» демекші, қаншама халық қолына қару алып, қанмайданның алаңына аттанды. «Отан үшін отқа түс – күймейсің, суға түс – батпайсың» деген, Ұлы Отан Соғысының батыры, қазақтың ері, Бауыржан Момышұлы айтқан сөз бойларына жігер беріп, қыршын қазақ жастары, қарттары да, нәзік жанды арулары да «ОТАН» деп соққан жүректің лүпілін баса алмай, елінің жарқын болашағы үшін, бостандық үшін, атадан қалған аманат – туған жер үшін, артта қалған жұрт үшін соғыстың қанды алаңына түсіп кетті. Сол зұлматты көзімен көрген азаматтар көксеген мұраттарына жетіп, бүгінде елінің келешегіне үмітпен, сеніммен қарайтын күнге де жеттік. Бұл жеңіс – сол соғыста Отан үшін жан алып, жан беріскен ардагерлеріміздің жеңісі де, елім деп соққан жүректің жемісі де. Ал біз, келешек ұрпақ үшін осы асыл ерлеріміздің ерліктерін ұмытпай, оны насихаттау – парыз, ардагерлерімізге айтқан рахметіміз болмақ.

Ұлы Отан соғысында болып, майданды өз көзімен көріп, туған жердің төсіне жау аяғы тимесін деп, қолға қару алып, қанды судай ағызған аламанда елі үшін күрескен ерлердің бірі Әмірхан Әбішұлы. 1923 жылы қазанның 10 – жұлдызында Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 9 жасында-ақ, 1932 жылы, анасынан қол үзіп қалған, 1937 жылы әкесін ұстап әкетеді. Әмірхан ата көп балалы отбасынан. Он жетінші туған ағасы қайтыс болып, он сегізінші туған ағасы 1939 жылы қазанның 20 күні әскерге алынып, хабарсыз кетеді. 10 сыныпты бітірместен әскерге кеткен ағасын іздеп әр жерге хат жазғанымен, хабар ала алмайды. Арада уақыт өтіп, өзі де 1942 жылы, сәуірдің 29-да әскерге алыныпты. Соғыс жылдарында солдаттардың санын әлбетте толтырып отыру қажет болды, сол себептен түкпір-түкпірден адамдарды әскерге алды. Әмірхан атамыздың әскерге алынған жылында Егіндібұлақ совхозынан 27, Қарқаралыдан 17 бала онымен бірге Қарағандыға жіберіліпті. Атамыздың естелігі бойынша көлік болмай жаяу барыпты.  Ал Қарағандыдан мамырдың 1- жұлдызына қарай Түркіменияның Кірікши қаласына барып, 2-3 ай соғысқа дайындалады. Сол уақыттарда Сталиннің үкімімен олар Ауғанстан мен Иранның шекарасында торуылға жіберіледі. Әмірхан ата: «Ол кезде қақтығыстар болмады. Біз шпиондарды ұстадық.», — дейді. Ал соғысқа 1943 жылы шілдеде соғысқа қарай бет алыпты. Ардагердің қасында Абылайхан, Қамжин Әбілкен, Омаров Мұқатай сынды достары болған. Сол кісілерменен бірге олар Малиновскийдің 284-ші дивизиясының батальонында соғысқа қатысады. Ардагер сөзінің арасында оларда автомат болмай, винтовка ұстағандарын, тот басқан оқтармен соғысқа түскендерін, ал немістердің қарулары лакпен жаланған екенін де айтып өтті. «Румынияда Сталиннің үкімімен тұтқынға түскен немістерді, 18-35 жас аралығындағы қыз-келіншектерін, 16-47 жас аралығындағы ер азаматтарын, барлығы 35000 адамды жұмысқа салды»,- дейді ардагер. Бұл жақта лейтенант Гандеррас Максимуктің камандирлігімен соғысқа қатысады. Еліне қайтқанша Румынияда тұрады. Онда нан да, батон да, тамақ та берді деп еске түсіреді ақсақал. 1946 жылы аман-есен еліне жеткен Әмірхан ата Қарқаралы ауданы Жамбыл совхозында бригадир, кейіннен бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарыпты. Жеңіс туралы бір ауыз мәліметтеріңіз?,- деп сұрағанда: «Сталиннің күштілігімен, генерал Жуковтың мықтылығымен, катюшамен жеңдік»,- деді. Соғыс жылдарында дивизия құрамында қазақтар болатын деп есіне алады. «Қазақтар батыр ғой…»,- деп, Берлинде ту тіккен қазақтың Рақымжанын  да айта кетті. Соғыс 1418 күнге созылыпты… Осы арада жан алып, жан беріскен осындай ардагерлеріміз қазірде сиреп барады. Әмірхан ата: «Оқыңдар, онсыз болмайды. Азамат болыңдар, біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, сендер аман болыңдар!»,- деп батасын берді.

Ел үшін жан кешуге тәуекел еткен осындай ардагерлердің көзін көріп, батасын алған біз бақыттымыз. Олар аңсаған бостандық ертең бізге аманат достар, асыл ерлерімізді ұмытпайық!!

 

Бейсенбаева Ақпейіл Жанайдарқызы,
4 «В» сынып оқушысы
Жетекшісі: Ахмет Гүлбақша Төлегенқызы
бастауыш сынып мұғалімі
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
Қарағанды қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.