Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын. Тіліміздің тағдыры жайлы толғану — әрбір қазақстандықтың абыройлы борышы. Бұқара халықтың санасына бұл жанашырлықты ұялататын қоғамның алдыңғы қатарындағы мелекет қызметкерлері. Яғни, мемлекеттің дамуы оның тілімен тығыз байланысты, сондықтан тіліміздің дамуы мен қолданыс аясын кеңейту үшін көптеген игі істер орындалу үстінде. Мен қатардағы мұғалімдердің бірімін, сондықтан алдымда отырған шәкірттеріме мемлекеттік тіл- заман талабы, оның болшақта маңызы зор екенін әрдайым айтып отырамын. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қаншалықты маңызды екенін ата-аналар қауымы да терең түсініп отыр. Тілді аса қызығушылықпен, ынтамен талаптана үйреніп жүрген жастарымыздың саны жылдан жылға артып келеді. Мұны Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда екі күн қатарымен өткізілген өзге ұлт өкілдері балалары арасында өткізілген аудандық олимпиадада байқадым. Екінші кезеңге әділ комиссия мүшелерінің шешімі бойынша ең мықтылары іріктелініп алынды. Бұл балалардың бойынан елімізге, тілімізге деген нағыз отансүйгіштік сезім байқалды. Көптің арасынан сытылып шығып, өзінің білімін, қабілетін ортаға салып ерекшеленген оқушыларымыздың талаптарына нұр жауса екен деп тілейміз.
Әр оқушының қабілетін ескеріп, назардан тыс қалмауына көңіл бөлдік. Мықтылардың мықтылары біздің ауданның намысын облыс көлемінде өтілетін олимпиадада қорғайды. Әріптестеріммен бірге бұл балаларға сәттілік тіледік. Сол себепті өздеріне жауапты іс жүктелгенін сезініп, патриоттық тапсырманы орындауға дайын екенідерін мойындады. Олар: Новоишим №1 орта мектебінің 11-сынып оқушысы – Федоров Иван, 9-сынып оқушысы Лопатина Ангелина және Нежинка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Кудина Анжела.
Ал, Пески орта мектебінің 8-сынып оқушысы Шевченко Юлияның мемлекеттік тілді әрі қарай үйреніп келесі жылдары биік асуларды өз бағына бағындыра алатынына кәміл сенеміз.
Нұртазина Бактыгүл,
Солтүстік Қазақстан облысы
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан
Пески ауылы «Пески орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі