Home » Жаңалықтар » Ел сенімін ақтаған жеңімпаздар

Ел сенімін ақтаған жеңімпаздар

 

«…Біздің қазақ әнқұмар халық… Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады», — деп қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, дархан елімізде дарынды жастар көп-ақ. Олар құр айқаймен ән салмайды, өзіндік әдемі әуезді дауысымен ән айтқанда бүкіл қазақ даласы ән шырқап тұрғандай болады, ойы мен сезімі жүрекке жетеді. Бұған дәлел сол дарындыларымыздың халықаралық байқауларға қатысып, әжептәуір жетістіктерге жетуі, қазақ баласының қабілетін шет мемлекеттер мойындауы.  Соның бірі жуырда ғана Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық байқау.  Яғни шілденің 6 жұлдызында  халықаралық «Əлемшоу»  əн     фестивалі болып өтті. Бұл байқауға еліміздің дарынды ұстазы, әнші, сазгер, халықаралық байқаулардың лауреаты Адиханова Айгүл Абдрашидқызы үш шəкірт дайындаған еді.  Ендеше, бүгінгі біздің сүбелі сұхбатымызға ұлағатты, дарынды ұстаз бен дарынды шәкірт қатысқалы отыр.

 

— Айгүл Абдрашидқызы, байқау туралы және оған қатысқан шәкірттеріңіз жайлы қысқа әрі нұсқа мәліметтер айта кетсеңіз.

— Фестивальға үш шәкіртім қатысты. Олардың жас ерекшеліктері əртүрлі.
Нұрхан Өмірхан 22 жаста, ал ең кішкентай шəкіртім 12 жасар Томирис Салауат.
Жəне 18 жасар дарынды жас дарын иесі Мадина Байбосынова.
Байқаудың ең басты  ерекшелігі — алуан түрлі аталымдардың қамтылуы еді. Атап айтқанда, эстрада вокалы, халық əндері аталымы, аспабта ойнау, көркем сөз, актёрлық шеберлік жəне хореография. Байқау өте жоғары дəрежеде өтті..
Башқұртстан, Татарстан, Грузия, Мəскеу, Өзбекстан, Украина, Монғолия және тағы басқа елдерден келген көптеген жас дарындар бағын сынады..
Түрік елі бізді өте жылы қарсы алды.

— Шәкірті ұстазынан озады дегендей, ұстаз болғалы біршама шәкірттер тәрбиелеп, әлемдік сахнада өнер көрсетіп, шыңның жүзінен көрініп жатырсыздар, бұл еңбегіңіздің жемісі, ұстаз үмітінің ақталғаны, абыройы мен көз қуанышы. Осы орайда шәкірттеріңіздің жетістіктері қандай?

— Бұдан алдын  Ресейдің Мəскеу, Санкт-Петербург  қаласында, сонымен қатар Украина, Б А Ə, Грузия, Болгария, Татарстан мемлекеттерінде  өте жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Бас жүлделерге ие болдық. Бұл жолы да Аллаға мың да бір шүкір, жеңіс бізге бұйырды. Нұрхан Өмірхан бас жүлдені иеленді. Ал  шəкіртім Томирис Салауат өткен жылы Италиядағы байқауда 3 орынды қанағат тұтса,  Татарстанда өткен байқауда 1 орынға жетті. Биылғы жылы Украинадағы байқауда 1 орынды алып, Түркияда тағы да 1 орынды иеленді.

«Халық əндері» аталымы бойынша Əл Фараби атындағы Қаз МҰУ екінші курс студентім Мадина Байбосынова екінші орын иегері атанды.
Ал байқаудың бас жүлдесі,  көрермен көзайымына айналған,  кең тынысты шəкіртім Нұрхан Өмірханға бұйырды. Бұл Нұрханның əн əлеміндегі ең алғашқы байқауы.
Қаншама мемлекеттің ішінен озып шығу, əрине біз үшін үлкен жетістік пен абырой деп білемін. Жеңімпазымызға тағы бір Халықаралық байқауға тегін қатысуға мүмкіндік туды. Ресейдің еңбек   сіңірген қайраткері, танымал ақын, сазгер Симон Осиашвили  Нұрханға жолдама табыстады. Əрине, өнер адамы үшін мұндай халықаралық байқау вокалдық деңгейін шыңдау үшін, кəсіби деңгейді дамыту мақсатында қажет деп білемін. Дайындық жұмыстары жалғасуда.

— Айгүл Абдрашидқызы, ұстаздық жолыңыз бен өзіңіздің жеке репертуарыңыз туралы не айтасыз, екеуі бір-бірімен үйлесіп жатыр ма?

—  Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға — демекші,  ұстаздық жолды қолға алғаныма көп болған жоқ, небəрі бес-алты  жыл болыпты…
Мен шəкірттеріммен қашанда мақтанамын,
Əрдайым рухани және материалдық жағынан қолдауға дайынмын.
Жақында жас бүлдіршіндерден құралған «Құлпынай» деп аталатын
тобыма,  авторлық «Отаным «деп аталатын əніме бейнебаян түсіріп жатырмыз.
Ал жеке шығармашылыққа келер болсақ,
Алла жазса алдағы күз айында, тірі дауыста жеке концерт беру жоспарда бар. Əрине, шəкірттеріммен бірге ән шырқаймын!  Репертуарда шет тіліндегі əндер, авторлық əндер, халық əндері, қазақ композиторларының əндері, терме енгіздім.
Осы күнге дейін халыққа көбірек тараған авторлық əнім «Пысық келін » деп аталады.
Біздің əн əлеміміз кейінгі кезде хит əндер, яғни жеңіл, биге, той-думанға ыңғайлы  əндер сұранысқа ие. Кең диапазонды əндер ұмытылып бара жатқандай ма, сірә, кім білсін?! Десек те, әнші болған соң репертуар жан-жақты болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Алдағы концертіме жаңа əндер енгізіп жатырмыз.

        —  Нұрхан Өмірхан, жеңісіңіз құтты болсын! Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз…

—  Мен, Ақтөбе қаласында 1995 жылы дүниеге келдім. №36 орта мектептің түлегімін. Алатау бөктеріндегі Алматыға арман қуып оқуға түстім. 2016 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған соң Айгүл Абдрашидқызының шәкірті атандым. Жалпы, «ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, ұстазыммен бірге жұмыс жасап, қазақ өнеріне ат салысып жүргеніме қуаныштымын. Алдағы күнге арналған тың жоспарларымыз  көп.

—  Байқауда жеңіске жеткеннен кейінгі әсеріңіз қандай болды?

— Байқауға он бес шақты елден жас дарын иелері қатысты. Украина мен Ресей елінен келген жастар өте мықты, кәсіби білікті жас әншілер. Міне, солардан оқ бойы оза шығып, жеңіске жетуім өз-өзіме деген сенімімді арттырды. Қобалжу да болды. Ата-анам да менің жеңісіме дән риза! Елімнің сенімін ақтағаным,  ер жігіт үшін де, ұстазым үшін де үлкен абырой болды. Мені байқауға дайындаған ұстазыма, жетекшіме  мың алғыс айтқым келеді!

—  Сіздерге көп рахмет!

                                                                  Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.