Home » Жаңалықтар » Ел ертеңі – білімді ұрпақ

Ел ертеңі – білімді ұрпақ

Жас өркенді рухани жаңғыру аясында тәрбиелей отырып, бағыт беру, білім нәрімен, ұлттық рухпен сусындату — әр ұстаздың алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Осындай ұстаныммен мектебімізде Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен Жаңаарқаға 90 жыл толуына орай «Туған жерім-тұнған шежіре» тақырыбында бастауыш сыныптар апталығы өтті. Апталықтың мақсаты: Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы аясында оқушылардың өз туған жеріне, еліне сүйіспеншіліктерін арттыру, туған жерінің тарихын білу, өркендеуіне үлес қосу.

«Ұрпағымыз ұлы елдің» тақырыбында апталықты бірлестік жетекшісі Г.Қойгелдина ашып, жұмыс жоспарымен таныстырды.Әрі қарай оқушылары туған жерге деген сезімдерін өлең жолдарымен өрбітті.Соңында айтқан «Сәлем саған, туған ел !» әні лүпілдеген әр жүректің түбінен орын алып жатты. Келесі күні «Сәкен-жырдың сарқылмас дариясы» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысын бастауыш сынып мұғалімі Ж.Адамова ұйымдастырды.Әр сыныптан қатысқан оқушылар С.Сейфуллинің шығармаларын жатқа айтудан сайысқа түсті. Әділқазылар алқасы С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» шығармасының барлық шумағын өз мәніне келтіріп, жатқа орындаған 3сынып оқушысы Боранқұлова Жәнияны бас жүлдеге лайық деп тапты. Мектебімізде апталықта ашық сабақ беру, тәжірибе алмасу үрдіске айналған. Жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде 2сыныпта Г.Қойгелдина математика пәнінен «Құрама есептер» бекіту сабағын, 3сыныпта Ж.Адамова әдебиеттік оқудан «Жаңбырдың пайдасы» тақырыбындағы ашық сабағын өткізді.Мұғалімдердің әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып өткізген сабақтары тартымды да қызықты болды. 4 сыныпта дүниетану пәнінен өткен «Ғарышқа ұшу» тақырыбындағы ашық сабақ (пән мұғалімі А.Акпарова) оқушыларды жаңартылған бағдарламамен оқытуға негізделген сабақ түрінде өмірмен байланыстырылып өткізілді. Бастауыш сынып мұғалімі Б.Башенованың жаңа үлгідегі READx жобасы шығармалардан үзінді көрсету арқылы оқушыларды кітап оқуға шақыру, оқушылардың жүрегіне жол табу, рухани жан дүниелерін байыту мақсатында өткізілді. Жобаға қатысқан 4 сынып оқушылары Дәулен Інжу, Жүкен Әли, Ғалымжан Айша оқырмандарына керемет ой салды деуге болады.Әсіресе Ғалымжан А. Ф.Оңғарсынованың                 «Жетімнің монологын» образға кіріп, сай-сүйегіңді сырқыратып оқығанда біреу жүрегіңді жұлып әкеткендей, жан-дүниең езіліп, біздің қоғамда да мейірім іздейтін сәби жүректердің болуы мүмкін ғой деген ой туындады. М.Әуезовтің «Жетім» шығармасын осы қоғаммен байланыстыра талдаған оқушылардың өзіндік ой-пікірінің қалыптасуына кітап оқудың пайдасы тигендігін аңғаруға болады. «С.Сейфуллиннің сотталуы» көрінісінде тергеушінің рөлін сомдаған  4 сынып оқушылары Сүлейменов Даниал, күзетшіні сомдаған Жүкен Әли, ақиық, өршіл Сәкеннің рөлінде ойнаған Тоқабаев Азиз де осы шығарма арқылы көрермендердің көңілінен шықты. Ең соңғы ақтық сөзін өлеңмен өріп, өлімді намыспен жеңген Сәкен ағаның өр тұлғасы кішкентай бүлдіршіндердің есінде қалай мәңгі қалмасқа?!  Қазіргі қоғамдағы ауыр дерт ұялы телефондардың балалардың қолынан түспеуі үлкен мәселе болып жатқанда, кітап оқуға шақыру-игілікті, берекелі істің бастамасы деуге болады.Осыған орай кітап көрмесі де ұйымдастырылып, таныстырылды. Ал, ағылшын пәнінің мұғалімі А.Бейсекееваның бастауыш сынып оқушыларымен өткізген «Amazing circle» Ғажайып алаң ойыны өте қызықты өтті. Ұтысқа тігілген машина 3 сынып оқушысы Болат Ақеркеге бұйырды.

Апталықтың қорытынды кеші Б.Тілеуханның орындауындағы «Жаңаарқа» әнімен ашылды.С.Сейфуллинің 125 жылдығы мен Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына байланысты шараны 4 сынып оқушыларының қатысуымен сынып жетекшісі А.Акпарова өткізді.Оқушылар Сәкен ағалары туралы көрініс қойып, Жаңаарқа туралы, ауылымыздан шыққан ұлы тұлғалар жайлы жыр шумақтарын айтты.С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін                  3 сынып оқушысы Дәулетбай Жалғас, ал « Біздің жақта » әнің Бақытқалиқызы Гүлбаһрам әуелете шырқағанда бейне бір Сәкен аға ортамызға келгендей болды.

Өскелең ұрпақтың ағаларының ізін өз жетістіктерімен жалғап келе жатқаны «Ізденген жетер мұратқа» деп аталған презентациядан анық көрсетілді. Жыл бойғы бастауыш сынып оқушыларының жетістіктері қамтылды. Ерекше тоқталып өтетін жетістік 4 сынып оқушысы Дәулен Інжудікі болды. «Мәйек» тақырыбындағы ғылыми жұмысымен біраз асуларды бағындырды десе болады.Аудандық, облыстық ғылыми жобалар конкурсынан І орын иеленіп, «Зерде» облыстық конкурсынан өтіп, 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жұмыстарының « Зерде » ІY республикалық конкурсының  І дәрежелі дипломымен марапатталып, жеңімпаз атанды.Одан кейінгі жетістік: математика пәні бойынша Н.Қайырбаев атындағы XI аймақтық олимпиададан Дәулен Інжу Іорын ,Мырзахан Кәусәр ІІІ орын алып Ынтымақ ЖОББ мектебінің мәртебесін бір көтеріп тастады. Кеш соңы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Тезекбаеваның оқушыларды мараппаттауымен және «Жаңаарқа вальсі» әнімен аяқталды.

Акпарова Анар Куанышевна,
 Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы,
Ынтымақ ЖОББ мектебі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.