Home » Жаңалықтар »    Ел болам десең бесігіңді түзе

   Ел болам десең бесігіңді түзе

            Ертегі …Аңыз-әңгіме…Батырлар жыры…Осы сөздер ерте кезде әр қазақ баласының құлағына сіңіп, санасында жаңғырған еді. Атасы мен әжесінің ертегілерін тыңдап, батырлар жырын жаттап, аңыз адамдардың ісіне сүйсініп, солардың жасаған ерліктерін ауыз толтыра айтып, бала кезден айтқан әңгімелерді жадында сақтап, келесі өз ұрпағына айтып беруші еді.

Ал бүгінде ертегі тыңдайтын бала жоқпа, әлде оны айтатын адам жоқпа?

Осы мәселенің астарына мән беріп қарап көрейікші «Ерте ерте ертеде, ешкі жүні бүртеде»  деп айтып отырған қазіргі заманның атасы мен әжесі барма?

Әрине, көпке топырақ шашпаймыз, мүмкін бар шығар, бірақ өкінішке орай саусақпен санарлық екені анық. Олай дейтініміздің себебі де жоқ емес.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз бар қазақта. Қазақ атамыз бұл сөзді бекер айтпаса керек. Себебі бала отбасында қандай тәрбие алса, өскенде соны өзіне азық ететіні сөзсіз.

Тарих беттерінде есімдері аңызға айналған қаншама даналарымыз бар.Олар кімдерден тәлім алды? Ол кезде қарапайым ауылда бала тәрбиелейтін балабақшалар, жоғары дәрежедегі мектептер болған жоқ. Сонда ойлайсың соншалықты ұлы тұлға болып қалай қалыптасты деп. Осы жағдайға кеңінен тоқталатын болсақ, Хакім Абайдың өзі кішкене кезінен әжесі Зере мен анасы Ұлжаннан неше түрлі әңгіме мен ертегі, қисса дастандар естіп сусындады, ал тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыз атасы Балғожа биден тәрбиеленсе, заңғар жазушы Мұхтар атасы Әуездің аңыз-жырларымен өскені белгілі. Ал осындай тұлғалардың данышпан болып өсуіне септігін тигізген адамдарды нағыз дала философтары деп айтар едім. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей отбасында алған тәрбие адамға мәңгілік таусылмас азық болатыны айдан анық.

Даналарымыз өмір сүрген заманда бала ертегімен сусындап өсті делік, ал қазіргі жаңа заман балалары қалай өсуде? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

XXI ғасыр заманауи техника дамыған заман деп айтып жатамыз, және сол техниканы бәріміз пайдаланамыз. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді жаңа технологияларды пайдаланғанымызбен, өкініштісі өз ұлттық құндылығымыздан алыстап кеткеніміз. Бұрын «Қарты бар үйдің қазынасы бар»  деуші еді, ал қазір осы сөздің де құндылығын жоғалтып алғандаймыз. Неге десеңіз, бүгінде отбасында немересіне ертегі айтып, әлдилеп отырған ата-әжелеріміздің азайып бара жатқанына куә болудамыз. Бала отбасында әжеден өнегелі әңгіме естімесе, атадан өсиет сөз естімесе қалай өз ұрпағына тәрбие бере алады. Қазір айтатын ертегі де, оқитын кітап та үйдегі көгілдір экран мен қолдағы қымбат ұялы телефон екені өтірік емес. Жасы да кәрісіде сол нәрсеге телміріп қарап отырса, өсіп келе жатқан жас өспірімге кім тәрбие береді? Отбасында үлкендер үнді сериалы мен түрік сериалын көріп, бар назарын соған салып отырады. Бұрын дастархан басында бір –бірімен сөйлесіп, өнегелі әңгімелерімен бөлісіп, баласына үлгі ретінде жақсы сөздер айтып отырушы еді, ал қазір дастархан басында сериалдырдың кейіпкерлерін айтып, соларды талқыға салып отырады. Осындай отбасында өскен баладан сериалдың кейіпкерлерін сұрасаң жаңылмай айтып береді, ал жеті атасын сұрасаң жауап бере ала ма?

Әрине бұл жағдайға баланы кінәлай алмаймыз. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деуші еді атам заманда. Ал қазір жеті атасын білмейтіндерге не дей аламыз. Қазақ ертеден тектілікті жоғары ұстаған, тектілікке аса мән берген. Бұл қазақтың өзіне тән, басқа ұлттан даралайтын қасиеті еді. Өкінішке орай, сол қаситті жоғалтып алғандаймыз. Әрине барлығына сын айтып, қоғамды сынап жатамыз, бірақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей өз халқымызға жанымыз ашып өзімізді өзіміз түземесек,бізді өзге ұлт келіп түзеп бермейтіні анық.Осы орайда, елбасымыздың рахани жаңғыру бағдарламасы осы мәселелердің шешімін табатын бірден бір жол деп баға берер едім. Өз ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін әр қазақтың бойында ұлттық намыс пен еліне деген сүйіспеншілік болуы керек, сол кезде ғана біз босағасы берік, шаңырағы биік мәңгілік ел бола аламыз деп нақты айта алар едім.

Ұзақбаева Ақнұр Тұрғабылқызы

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.