Қазақстан халқы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өтеді. Елімізде Тұңғыш Президент күні осымен алтыншы жыл қатарынан мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілуде. Осыған орай, Астана қаласының Көлік және коммуникация колледжі жыл сайын «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты жас ақындар мүшәйрасын дәстүрлі түрде өткізіп отырады. Биылғы 2017 жылғы 29 қарашадағы мүшәйра ерекше аталып өтті. Себебі, бұл мерейтойлық V дәстүрлі ақындар мүшәйрасы.
Күнтізбеге қызыл белгімен енетін бұл күннің еліміз үшін орны бөлек. Бұл күні Мемлекет басшысы қалың елі қазағына тебірене тұрып – «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ», олай болса «Қазақтың өзінің ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау Президенттік те, перзенттік парызым» -деп ант қабылдаған күні болатын.
Биыл бұл мереке Алаш қозғалысының 100 жылдығы және әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алатын киелі мекен — Астана қаласының Елорда болуының 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Осыған орай, жас ақындарымыз «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!»- деп ұрандай келе «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты V дәстүрлі мерейтойлық ақындар мүшәйрасында «Елі құрмет тұтқан, Елағамыз», Елбасымыз- Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолын жырға қосты.
Мүшәйраның басты мақсаты — еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, жетістіктері мен жарқын болашағы, бірлігі мен берекесін Мемлекет басшысының еңбегімен байланыстырған жас ақындардың өлеңдерін көркемдеп оқу ғана емес, олардың қабілет-қарымын анықтау.
Осы салтанатты іс- шара колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлының құттықтау сөзімен ашылды. «Тарих тұрғысынан қарағанда қас қағым сәт, соған қарамастан бұл мереке нағыз халықтық сипатқа ие болды» -дей отырып, мерейлі мерекемен құттықтады. «Өлең жазғанның бәрі ақын болуы міндетті емес. Дегенмен, «Бұлақ көрсең көзін аш» деуші еді ғой, атам қазақ. Біз де жастарға «Талаптарыңа нұр жаусын!» — дей отырып, жас ақындарымызға сәттілік тілейміз! — деп, өзінің құттықтау сөзін аяқтады.
Бүгінгі жыр мүшәйрасына арнайы шақыртылған кеш қонағы — Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері Асқар Алтайға сөз берілді. Ақын өзінің құттықтау сөзінде Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолындағы Елбасының еңбегін айта отырып, ерен еңбектерін жастарға үлгі етті. Тұңғыш Елбасы күніне ұйымдастырылған іс- шараға атсалысқан ақындарға және қатысушыларға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Жыр додасына қазылар алқасының мүшелері ретінде белгілі ақындар арнайы шақыртылды. Атап айтар болсақ,
1.Бауыржан Қарағызұлы — ақын, әдебиет порталы интернет жобасының жетекшісі, қазылар алқасының төрағасы
2.Құралай Омар – ақын, Қазақстан телеарнасының редакторы, «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, Президент стипендиясының иегері, қазылар алқасының мүшесі;
3. Қасқатаева Нұрзила Ғалымжанқызы- Астана қаласы Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы;
4. Ахметов Мұңсызбай Дүйсенұлы- ақын, мемлекеттік тіл жанашыры.
Ақындар мүшәйрасы үш кезеңнен тұрды:
1 кезең: Колледждің студенттері арасынан жас ақындардың өлең – жырларына кезек беру.
2 кезең: Ұлағатты ұстаздардың өлең –жырлары.
3 кезең: Ақындардың өнерін бағалап, марапаттау.
Мүшәйраға 1,2,3 курс студенттері және оқытушылар арасынан 20 ақын бақ сынасты. Елбасы туралы бейнежазба көрсетіліп, өлең-жырлары слайд және бейнежазба ретінде көрсетілді.
Қазылар алқасы ақындардың өлеңдерін іріктеу барысында шығарманың тақырыбына мән беріп, мазмұны мен көркемдік сапасына назар аударды. Қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Қарағызұлы — жыр жүректің жауҺары екенін ұғынып, сөз қадірін ұлықтаған, жыр жолдарының маңыздылығын, ақындардың өлең- жыр өрнектеудегі өзіндік ізденістерін атап өтіп, оқытушылар мен студенттер арасынан үздік өнер көрсеткендерге арнайы орындарды белгіледі.
Оқытушылардың арасынан: І-орын кадрлар бөлімінің қызметкері-Нұржақыпова Фариза Баққазықызы; ІІ-орын арнайы пәндер оқытушысы- Бақыт Ұланбек; ІІІ-орын арнайы пәндер оқытушысы — Бота Сайранкөкке берілді.
Ал студенттер арасынан: І-орын Исаева Диляра,
ІІ-орын Қаратай Санжар,
ІІІ-орын Елтайұлы Мұхтархан иеленді. Жеңімпаздарға алғыс білдіре отырып, үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарды жеңіп алған жастарға алғыс хаттарын, Елбасына және Елордамыз Астанаға арнаған жас ақындарымыздың V дәстүрлі жыр мүшәйрасының өлең-жырлары топтамасын өз қолымен табыстады.
Салтанатты іс-шара көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Жарылқасын Дәулеттің «Қазақтай ел қайда» әні — ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрболат Сейтмұратовтің орындауында шырқалды.
Алимова Светлана Асантаевна,
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,
Астана қаласы,
Көлік және коммуникация колледжі