Home » Балабақша » Еліміздің еркіндігі – тәуелсіздік

Еліміздің еркіндігі – тәуелсіздік

Біз шын мәнінде ұл тәрбиелей отырып халықты, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейтін тектілердің жалғасымыз. Бақытын баламен бағалайтын ата-ана үшін екінші анасындай болған тәрбиешінің алар орны бөлек. Демек, ертеңгі ел тірегі ұлағатты ұл-қыздарымыздың алғашқы тәрбие ошағы-  балабақша.
Өзінің де, өзгенің де баласын бауырына басып, жан жылуы мен қатар санасына білім нәрін құйып, тәртіпке талаппен емес ақылмен сала білетін педагогтардың ортасы, ұядай ғана білім ордасының бірі — Астана қалалық №46 «Самал» санаториялық балабақшасы.
Балапан бағдарламасы аясында ашылғанына 8 жыл болған бүлдіршіндер ордасында 200-ге жуық балғындар орыс қазақ топтарында тәрбиеленуде.
Бейбіт елдің ұрпағын, еркін елдің ұланын Тәуелсіздікті қадірлеп түсіне білуге жетелеген «Еліміздің еркіндігі – тәуелсіздік» атты ертеңгілікке қатысып, тамаша әсер алдық.
Келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпаққа аманат ретінде барлығын айтып түсіндірудің өзінде үлкен мән жатыр. Елін жерін қастерлеп, ұлтын сүюге егемен елдің алғашқы көшбасшысы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өнегелі өмір жолын айта отырып, патриоттық сезімдерін арттыруды мақсат еткен ұжым әр тақырыпта 10 күнге созылған ертеңгілік ұйымдастырған.
«Жұлдыз», «Балдәурен» деп бөлінген мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері интерактивті тақта, баннер суреттердің көмегімен дайындалған сұрақтарға жауап берді. Өз ойларын екі тілде еркін жеткізе білетін балғындардың сұрақтарға шынайы әрі бала тілімен еркін жауап беріп отырғанына қарап балалармен тәрбиешілер арасындағы сыйластыққа толы қарым-қатынасты көруге болады. «Таныстыру», «Сұрақ жауап», «Үш тілде сайраймыз!», «Қисыннан қиыстыра білейік!», «Біз өнерлі баламыз» сынды төрт саты бойынша өткізілген сайыста екі топта еш мүдірместен барлығына жауап берді.
Ертеңгілік соңында №48 «Ақ көгершін» балабақшасының меңгерушісі Әбенова Ұлжан Сәбиқызы өзінің жылы лебізін білдіріп,жеңімпаздарға мадақтамалар мен сыйлықтар табыс етті.
Жаны әсемдікке жақын, сөз қадірін түсініп, ұжымын бір отбасындай ұстай білген іскер басшы Қайырғалиева Балауса Төлеуғалиқызы нағыз өз ісінің маманы ғана емес әр баланы қызғыштай қорып, анасындай жақсы көретіні көңілге қуаныш, жүрекке жылу ұялатты.
Тәжірибесі мол әдіскер Әлиева Гүлсая Көшербайқызы, педагог-психолог Әбіш Әсел Қайратқызы, тәрбиеші Сапиева Айнаш Қарасайқызы орыс тілі мұғалімі Рахимгалиева Сандуғаш Амангельдиевна, қазақ тілі мұғалімі Сейтжанова Айгүл Бахытовна, Демеубаева Бақыт Масалимовна, Қожабекова Александра Ергалиевна, Тогузбаева Толеухан Сыдыковна, Акмагамбетова Марина Кабдаулетовна, Кожабаева Нағима Тоқсанбаевна бала жанының бағыбандары.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың авторлық еңбектері мен еліміздің тәуелсіздігін айғақтайтын кітап көрмесінің ашылуымен басталған апталық «Ұлтына қамқор Елбасы» атты видео-ролик көрсетумен жалғасты. Сонымен қатар, Н.Ә.Назарбаевтың: «Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау — салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады.» деген қағидасын насихаттау барысында ата-аналар мен балалар арасында отбасылық «Бірлігіміз жарасқан» атты ұйымдастырылған спорттық жарыс апталықтың шырайын кіргізді.
Күні кеше ғана «Тәуелсіздік –тұғырым!» атты мерекелік гала-концерт апталықты қорытындылады. Гала-концерттің құрметті қонағы ретінде  шақырылған ақын Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік!» өлеңін биылғы жылғы Халықаралық «Таңғы Шұғыла» байқауының І дәрежелі лауреаты, «Асыл Ана» балалар шығармашылығы байқауының «Көркем сөз» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі лауреат иесі Ясын Айбар нақышына келтіріп оқып берді. Ақын Қалқаман Сарин балаларға және қонақтарға тарту ретінде өзінің бірнеше өлеңдерін оқып, балаларды бүгінгі мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Үш тіл еркін меңгерген заманауи ұрпақты тәрбиелеп отырған ұжымның ең ұтымды түсі — өз тілінде еркін сойлей білетін, қазақтың қара өлеңін жатқа оқып тыңдаған жанға рух сыйлайтын Ясын Айбардай ұландарды тәрбиелеп отырғаны.
Береке-бірлігі жарасқан білім ордасына жауапкершілік жүгі ауыр еңбек жолында тек шығармашылық шабыт, биік өрлеу тілейміз.

Әлия Ғалымбекқызы, 
«Білім айнасы» Астана қаласы. 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.