Home » Жаңалықтар » ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАЗАҚCТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ АЯСЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАЗАҚCТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ АЯСЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Ағымдағы жылдың 13 ақпанда «Қазмедиа» Орталығының киноконцерт залында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2017 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында 2018 жылға арналған міндеттері туралы» тақырыбында Министрліктің кеңейтілген алқа отырысын өткізді.
Алқа мәжілісінің жұмысына қатысуға ҚР Парламент депутаттары, ҚР Президент Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің өкілдері, облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, ҚР БҒМ Қоғамдық кеңесінің мүшелері, ұлттық ғылыми кеңестердің төрағалары, ғылыми ұйымдардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының орынбасары, ҮЕҰ өкілдері, облыстық, қалалық білім басқармаларының басшылары, министрліктің қызметкерлері, БАҚ өкілдері және т.б. тұлғалары шақырылды.
«Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында 2018 жылға арналған міндеттері туралы» тақырыбындағы негізгі баяндамасымен ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев сөз сөйледі.
«10-11 сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін оқулықтарды, методикалық кешенді дайындау, экспертиза жасау және апробациялау, мұғалімдердің дайындығын арттыру сынды жұмыстары жүріп жатыр. Және бұл мәселе бойынша ата-аналармен, мұғалімдермен, мектеп директорларымен талқылауды жалғастырамыз. Себебі, бізге дайындықты нақты түсіну қажет. Бірнеше өзгерістер болады, оны оқу жылының аяғында бүкіл қоғамға жеткіземіз», — деді Е.Сағадиев ҚР БҒМ алқасының кеңейтілген отырысында.
Коллегия аясында балалардың даму сұрақтары, мұғалімдер жалақысының өсуі, балалардың қосымша білім инфрақұрылыми, үш тілде білім беру, ТжКБ, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру салаларында нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру, жас мамандарды ғылымға тарту, білімді цифрлеу сұрақтары қамтылды.
Елімізде 150 мектеп жетіспейді. Мұны мемлекеттік жеке әріптестік аясында шешу қарастырылып отыр. Министр білім саласында айтарлықтай реформа әзірге жасалмайтынын жеткізді. Дегенмен, бұрынғы бастамалар жалғасын табады. Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізіледі  және олар білім беру сапасына сай қосымша үстемақыға ие болады. Ал, ғылыми жобалар мен зерттеулерді бизнес арқылы қаржыландыру жұмыстары жалғаса бермек.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың құттықтау сөзінен кейін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев «Жоғары мамандандырылған кадрларды даярлау мәселелері туралы» атты тақырыпта баяндама жасады. «Мектептерде жан басына қаржыландыруды енгізу» тақырыбы бойынша Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин кеңірек әңгімелесе, «АРЕК Technic жоғарғы колледжінің қызметі туралы» «АРЕК Technic жоғарғы колледжі» ЖШС директоры Ермек Күзембаев толымды пікірлерімен бөлісті.
«Bilim Media Group» электронды білім саласындағы компания басшысы Рауан Кенжеханұлы қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі — Білім беруді цифрландыру туралы әңгімесін слайдпен тұздықтаса, «Педагогикалық білім беруді жаңғырту» туралы ой-пікірімен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Дария Қожамжарова бөлісті.

Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Ерұлан Жиенбаев «Жаратылыстану-математика циклындағы пәндерді ағылшын тілінде беру туралы» кеңірек баяндады.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов «Қазақстандағы ғылым дамуының жай-күйі мен перспективасы» тақырыбында баяндама жасады.
«2020 жылдан бастап дайындық сыныптары бұрынғыдай әріп сан үйренумен шектелмейді. Арнайы әзірленген бағдарлама шеңберінде білім алып, 0-сынып деген статусқа ие болмақ. Осылайша, олар 1-сыныпқа сақадай сай келуі тиіс». Аталмыш жиында Ерлан Сағадиев осындай жаңалықтарымен бөлісті. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта балалардың басым бөлігі 1-сынып бағдарламасын жете меңгере алмайды. Оның үстіне, бастауыш білімінің мазмұны жаңартылған. Сондықтан, ерте жасынан бастаған жөн. Тағы бір жаңалық, бүлдіршіндерге арналған кітаптар латын қарпімен жарық көреді. Демек, екі жылдан кейін мектепке баратын балғындар жаңа жазумен танысатын алғашқы буын болмақ.
«Бүгінде бірыңғай бағдарлама және оқытушылардың кестесі дайын. Енді 400 мыңға жуық балаға арналған жаңа оқулықты басу керек және біржола латынға көшетін болғандықтан, оларды латынша басқан жөн деп санап отырмыз. Бұл ақша жағынан да тиімді», — деді министр.
Министрдің айтуынша, жоғары сыныпта кей пәндерді ағылшын тілінде өтуге халықтың басым бөлігі оң қабақ танытып отыр.
«Қазіргі еріктілік принципі оң ықпалын тигізіп отыр. Елімізде 12 мыңнан астам мұғалімдер ағылшын тілінің А2 деңгейінен В2 деңгейіне өту үшін ерікті курстарға жазылды. Бұл — бізге қажетті мұғалімдердің жартысы. Олар өткен жылдан бері оқып келеді. Көптеген директорлар осы тәсілді дұрыс деп санайды, яғни ешкімді тіл оқуға мәжбүрлемеу керек. Ал оқығысы келгендерге — бар жағдайды жасау керек. Халықтың 85 %-і — мұғалімдер, ата-аналар мен балалар бірқатар пәндердің ағылшын тілінде жүргізілгенін қалайды. Сондықтан, мұны тиімді пайдалану керек», — деп өз сөзін түйіндеді министр.
Алқа отырысы барысында «Білім және ғылым саласындағы 2017 жылғы жетістіктер» атты көрмесі ұйымдастырылды.

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.