Home » Балабақша » Елімнің еркіндігі-Тәуелсіздік!

Елімнің еркіндігі-Тәуелсіздік!

Мақсаты:
1. Білімділігі: Балалардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
2. Тәрбиелігі: Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын жеке тұлға екендерін ұғындыру. Қоғамның бір мүшесі ретінде адам өмірі мен жақсы тұрмыстық құндылықтарын ұғындыру, жауапкершілік сезімдерін ояту. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
3. Дамытушылығы: балалардың өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.
Көрнекілігі:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н.Ә. Назарбаевтың портреті, бейне ролик, желтоқсан құрбандарының суреті. Жалаушалар.
2. Нақыл сөздер жазылған плакаттар.
3. Шарлар, гүлдер, музыкамен жабдықталған.
Жүргізуші: Құрметті, қонақтар, ата-аналар, балабақша бүлдіршіндері,  бүгін еліміздің сан мыңдаған жылдар бойы армандаған, сол жылда дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келген,тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын «Тәуелсіздің күні»мерекесіне арналған «Елімнің еркіндігі-Тәуелсіздік!»атты мерекелік ертеңгілігімізді назарларыңызға ұсынамыз.
Залдың іші мерекеге сай безендірілген.Қазақтың ұлттық киімін киген балалар қолдарына жалауша ұстап музыка ырғағымен залға билеп кіреді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Жүргізуші:Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?
Балалар: Қазақстан.
Жүргізуші: Қазақстан қандай мемлекет?
Балалар: Қазақстан тәуелсіз, егеменді мемлекет.
Жүргізуші: Балалар, бүгін міне осы Тәуелсіздік мерекесі күні.Еліміздің президенті кім?
Балалар: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Жүргізуші: Еліміздің елордасы қай қала?
Балалар: Астана.
Жүргізуші: Астана қандай қала?

Балалар: Астана-бас қала,әдемі,үлкен қала.

Жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар,балалар.Отан туралы тақпақтарымызды айтайық.

Айша: Отан-жерім, Отан-суым,
Отан қуат,нәр береді.

Отан-ұран, Отан-туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Абдрахман: Қуат алған өзінен,
Туған елдің ұлымын.
Бақытты етіп өсірген,
Отанымның гүлімін.
Қарақат: Шырқап көкке аспан-ән,
Болашаққа бас қадам.
Қазақ рухын биіктет,
Ей,бас қалам-Астанам!
Жүргізуші: Біз бүгін тәуелсіздік алған күнімізді мерекеудеміз.Біздің еліміз тәуелсіз болғандықтан өз мемлекеттік Әнұраны, Елтаңбасы және өзінің мемлекеттік туы бар.Балалар, мемлекеттік туымыздың түсі қандай екен?
Балалар: Туымыздың түсі-көк.
Жүргізуші:Иә,өте жақсы.
-Ал,енді балалар,Рәміздерге байланысты тақпақтарымызды айтайық (балалардың тақпақтары тыңдалады).

Жанарыс: Елтаңбасы елімнің,

Неткен әйбат,әдемі!

Тұнығындай көңілдің,

Ортада-аспан әлемі.

Әлібек: Құт,береке-шаңырақ,

Орын алған ол төрден.

Қанатты қос арғымақ,

Екі жақтан көмкерген.

Расул: Көк аспандай көкпеңбек,

Қазақстан жалауы.

Көк емес ол тектен-тек,

Елдің ашық қабағы.

Батырхан: Тәуелсіздік жолында,

Талай-талай тер тамған.

Билігім өз қолымда,

Еркіндігім-Елтаңбам.

Әділет: Ақ ниеті-алтын күн

Асқақ арман-қыраны.

Жалауы бұл-халқымның,

Мәртебесі, мақтаны.

Нұржігіт: Тәуелсіздік таңын сүйем.

Таңмен бірге келді ме өлең.

Көк туына басымды ием,

Көгімізде желбіреген.

Е.Айзере: Маған қымбат ұлы елімнің

Шешек атқан әр гүлі.

Аялайды бәрімізді,

Азаттықтың таң нұры.

Аягөз: Сарыарқаның даласында,

Күн шуағын төккен күн.

Елім менің, жерім менің,

Баққа қолы жеткен күн.

Ақжүрек: Мереке бүгін ұлы күн,

Бабалар рухы көксеген.

Азатты елдің ұлымын.

Теңескен төбем көкпенен.

Арлен: Тәуелсіздік-ел болу

Ынтымақпен өрге озу.

Еркін және өзге елмен,

Терезесі тең болу.

Арафат: Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн

Ерекше боп мәңгілік

Ел жадында қалған күн.

Ә.Айзере: Аласармас аспанымда,

Күнмен гүлдеп ел өседі.

Қазақстан аспанында.

Бостандықтың желі еседі.

Ақжібек: Қайраттай қайсар ұлдардың
Жанымен келген еркіндік
Жазира мен Ләззаттың
Арымен келген еркіндік
Қасірет пен қайғының
Бәрімен келген еркіндік.
Дәулеткерей: Он алтыншы желтоқсан

Ел мерейі тасыған

Қазақ деген қалың жұрт

Бәрін кешті басынан.

Дінмұхаммед: Тәуелсіздік мәңгілік сақталсын,

Алдымызда барлық үміт ақталсын.

Тату-тәтті бірлік болып қашанда,

Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.

Дарын: Әр қазақтың есінде сақталады

Желтоқсандық өрендер ақталады

Ел намысын қорғаған сарбаздарым

Ерліктерін мәңгілік сақталады.

Дастан: Әділеттің ұраны,

Ақиқаттың шырағы.

Тыныштықтың туы боп,

Зор салтанат құрады.
Хор: «Көк тудың желдірегені»
Жүргізуші: Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады.
16 – желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті.
Бұл күн — Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да желтоқсан бүкілхалықтық мереке.
— Балалар, біз осы тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы.
Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.
Ерлігіңе қуанам да, сүйінем,
Қайрат аға рухыңа мен иілем.
Бәйшешектің солғанына ах ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйінем.
Қазір сіздердің назарларыңызға желтоқсан оқиғасында әділдік үшін күрескендердің бірі – Қайрат Рысқұлбеков, ендеше Қайрат жайындағы көріністен үзінді тамашалаңыздар.
Бейне ролик көрсетіледі.
Жүргізуші: Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңына жастар жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Бас алаңда ел жосқан,
Жастар қаны жуған түн.
16 желтоқсан-
Тәуелсіздік туған күн!
-Міне, балалар, бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Біздің өзіміздің туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар. Егеменді Қазақстан мемлекетіміз.
Сендер Отанымыздың ұрпақтарысыңдар. Жақсы оқып,үлгілі, тәртіпті болыңдар. Өз елің мен жеріңді көркейтіп, қазақстанның намысын қорғайтын келешек ұрпақтың ақылшысы, тірегі сендер болмақсыңдар.
Ортаға  «Қара жорға» биімен балабақша бүлдіршіндерің қарсы алайық.
Ән: «Тәуелсіз ел ұланы» орындайтындар Мазғұт Ақжүрек, Русланқызы Ақжібек, Ерғазы Айзере қарсы алыныздар.
Би: «Алға Қазақстан»
Жүргізуші:Туған халқымның тарихын, батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз жырлап келеді.Сол жырларды жаттап, көкейге түйіп,елімізге лайықты азамат болып өсуге міндеттіміз,басқаша болуға біздің құқығымыз жоқ,бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті,жанын қиды.Отанымыздың лайықты ұл-қызы болып өсуі қажет. Апа-ағаларымыздың қайталанбас ерлігіне тағзым етеміз.Осымен құрметті қонақтар балабақшаның дайындаған «Елімнің еркіндігі-Тәуелсіздік!» атты ертеңгілігіміз аяқталды.

 

Зейнуллина Айнур Ермеккалиевна,
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы, Қособа ауылы.
ЖББ Қособа ОМБК
ІІ-ші санатты балабақша тәрбиешісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.