Home » Ашық сабақтар » Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік!

Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік!

Мақсаты: Балаларды отансүйгіштікке, елді қорғауға, туған елінің болашағына үлес қосып, елі, жері үшін адал қызмет етуге тәрбиелеу. Патриоттық сезімдерін ояту.

Оқу іс-әрекетінің барысы: Балалар «Астана» және «Алматы» топтары болып екі топқа бөлінеді. Топта топ басшылары сайланады.

Тәрбиеші: Құрметті қонақтар, балалар және ұстаздар! Елу жылда ел жаңа демекші, еліміз егеменді тәуелсіз ел болып нарықты заман орнады. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын. Сәби күлкісі мен ана мейірімінің сәні ешқашан бұзылмасын.

Тәуелсіздік мерекесіне арналған арналған «Шаттық шеңбері»:

Амансың ба, Алтын күн!

Амансың ба, Көк аспан!

Амансың ба, Жер Ана!

Амансың ба, қонақтар!

Амансың ба, достарым!

Сендерді көрсем қуанам.

Жылуыма жылу қос,

Міне менің қолдарым.

 

Тәрбиеші: Балалар, мен сендерге сұрақ қояйын, сендер дайынсыңдар ма?

  1. Тәуелсіздікке, балалар, биыл неше жыл?

Балалар: 26 жыл

  1. Желтоқсан оқиғасында құрбан болған аға-аталарымызды білесіңдер ме?

Жамбыл: Ләззат Асанова, Қайрат Рысқұлбеков, Жансая Сәбитова, Ербол Спатаевтарды еске алып, олардың рухына тағзым ету – парызымыз.

Айша: Біз Қайраттың от жүрек үніне, қыздардың намысын қорғаған ерлігіне, күнәсіз күйіп кеткен келбетіне әрқашан ұмытпай басымызды иеміз.

  1. Біз қай Республикада тұрамыз?

Балалар: Қазақстан Республикасында.

4. Қазақстан Республикасының Президенті кім?

Балалар: Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлы

  1. Республикамыздың қандай рәміздерін білесіңдер?

Балалар: Елтаңба, Әнұран, Ту, дұрыс айтасыңдар, балалар.

— Балалар, Қазақстан Республикасының туы туралы айтып беріңдерші?

Гүлсезім: Қазақстан Республикасының туында шұғылалы күн, оның астына қалықтап ұшқан қыран құс бейнесі, көгілдір түс аспанның ашықтығын, тыныштықтың белгісін білдіреді.

Нұркелді: Қазақстан Республикасының Елтаңбасы — көгілдір түсті шаңырақ. Шаңырақты айнала күн сәулесі таралып, уықтар шашылған және пышақ бейнеленген. Жоғары жағында бес жұлдыз, төменгі жағында Қазақстан деген жазу бар. Елтаңбаның реңдік түсі екі түрлі — алтын және көгілдір түспен бейнеленген.

Дияр: Қазақстан Республикасының Әнұранында елдің арманы, аңсарын білдіретін мән мағыналы салтанатты сөздер бар.

Әнұран орындалады.

Тәрбиеші: Өте жақсы, балалар, дұрыс айтасыңдар. Енді, балалар, тәуелсіздік туралы тақпақтарымызға кезек берейік.

Тәуелсіздік – тұғырым.

Азат елдің ұл-қызымын.

Өзің бол енді мәңгілік

Қуанышым да қызығым.         (Мария)

 

Он алтыншы желтоқсан —

Тәуелсіздік алған күн.

Ерекше боп мәңгілік

Ел жадында қалған күн.         (Самир)

 

Жасай берші ұлы күн

Үміті боп елімнің.

Ақ күні боп баланың

Шаттығы боп ананың.           (Рабия)

 

Тәуелсіздік таңын сүйем

Таңмен бірге келді ме өлең?

Көк туына басымды ием

Көгімізде желбіреген.               (Фазыл)

 

Балабақша серпін нық

Көкке атады бөркін жұрт.

Тәуелсіздік – ынтымақ

Тәуелсіздік – еркіндік.                 (Инжина)

 

Әнді алысқа жеткіземіз,

Көкке елдің туы ілінді.

Жылда той қып өткіземіз

Тәуелсіздік ұлы күнді.            (Сивинч)

Жарайсыңдар, балалар! Балалар, енді Отан, туған жер, ел туралы мақал-мәтел білеміз бе?

  1. Өз елім – өлең төсегім.  (София)
  2. Батаменен ел көгерер, Жаңбырменен жер көгерер. (Мұса)
  3. Отан оттан да ыстық. (Мунавар)
  4. Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас. (Нұрасыл)
  5. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. (Зария)
  6. Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық. (Роза)

Тәрбиеші: Отанға байланысты мақал-мәтелдерді өте жақсы біледі екенсіңдер.

            — Балалар, енді «Алматы» тобының көшбасшысы және «Астана» тобының көшбасшысы ортаға шығып тақтаға өз тобының атын жазады, көмекті қажет етпей, ал қалған топ мүшелері алма бейнесі және күн бейнесі кесілген түрлі түсті кескіндерді жабыстырып шығамыз. Ал «Астана» тобы бәйтерек бейнесі және ту бейнесі кесілген түрлі түсті кескінді жабыстырып шығамыз. Балаларға сәтттілік тілейміз. (Баяу музыка әуенімен) 

     Тәрбиеші: Балалар, жарайсыңдар, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз тиянақты орындап шығыпсыңдар. Ендігі кезекте тобымыздың аруы Гүлсезімнің «Көк тудың желбірегені» әнін бірге тыңдаймыз!

     Тәрбиеші: Біздің ендігі тапсырмамыз: Қазақстандағы қалаларды күн сәулесінің шуағы секілді күн бейнесін құрастырып шығарайық. Тапсырма соңында барлық қалаларымызды санап шығамыз.

     Тәрбиеші: Балалар, біз бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті бойынша көптеген тапсырмаларды орындадық, енді өзімізді сергіту сәтімен демалдырып алсақ. (Баяу музыка)

     Тәрбиеші: Құрметті апайлар, балалар, осымен «Тұлпар» тобының тәуелсіздік күніне арналған «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты ашық ұйымдастырылған оқу ісі әрекетін «Тәуелсіздік ұланы» атты әнімен аяқтасақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!!!

Жолдасова Алмагүл Тұрғынбекқызы,

«Бейбіт» балабақшасы МҚҚК,

ОҚО, Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.