Home » Ашық сабақтар » Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!

Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!

Бұсұрманова Мөлдір Бақытжанқызы

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы

Құрық ауылы, МКҚК «Болашақ» балабақшасының

бейнелеу пәнінің мұғалімі

Мақсаты: туған елінің болашағына үлес қосып, елі, жері үшін қызмет етуге тәрбиелеу. Ұлттық тілді жақсы меңгеруге, ұлтжандылық сезімді қалыптастыруға, ойлау, танымдылық қабілеттерін арттыра отырып, өнерге баулу.

Залдың іші мерекеге сай безендірілген.

«Көк тудың желбірегені» әнінің әуенімен балалар туды желбіретіп залға кіреді.

Армысыздар, құрметті ата — аналар, балалар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік ертеңгілімізге қош келдіңіздер!

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғанымызға мінекей 25 жыл болып қалыпты, яғни Тәуелсіздігіміздің күміс тойын тойлағалы отырмыз. Балалар сендер Тәуелсіз мемлекетте жарқын өмір сүріп жатқан бақытты бүлдіршінсіңдер. Өмірлерің мәнді де сәнді болсын, аспанымызды бұлт шалмасын деп тілек тілеп ертеңгілігімізді бастаймыз.

Жүргізуші:  Қуан халқым! Қуанатын күн бүгін,
Серпін таста мұңды жүрек түндігін
Шарықтайық, шаттанайық, тынбайық
Тәуелсіздік күнін бүгін, халқым бірге тойлайық!

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.
Енді ағайын, көгінде қалықтасын,
Қазағымның қастерлі – Әнұраны.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалады.

Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш! – деп балалардың жылы лебіздеріне кезек берейік.

Балалардың тақпақтары:

Асемай: Шұғылалы таңымыз,

Қазақ жері – бағымыз

Қайнарынан мөп-мөлдір

Сусындайды жанымыз.

Ерхан: Он алтыншы желтоқсан

Ел мерейі тасыған

Қазақ деген қалың жұрт

Бәрін кешті басынан.

Сымбат: Әнді алысқа жеткіземіз

Көкке елдің туы ілінді

Жылда той қып өткіземіз

Тәуелсіздік ұлы күнді.

Расул: Тәуелсіздік елдеміз,

Қуанамыз күнде біз.

Ата – бабам қалдырған

Қазақтың батырымыз сенсеңіз.

Фариза:  Таң арайлап атады
Күн күлімдеп шығады
Шаша берсін шапағын
Тәуелсіздік шуағы.

Інжу: Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе — тең деп тереземді.

Жүргізуші: Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата — бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Ендеше, балалар, орнымыздан тұрып, батыр аға-апаларымыздың рухына тағзым етіп, 1 минут үнсіздік жариялайық!

Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп тұр.

Келмеді ол жайдан – жай,

Жеңдік барлық езгіні.

Тәуелсіздік алған ай,

Жылдың қай мезгілі?

  • Қыс мезгілі, желтоқсан айы.

Олай болса, құрметті қонақтар, біздің топтың қыздарының «Желтоқсан желі» әнің қабыл алыңыздар!

Ән: «Желтоқсан желі»

Ертеңгілігімізге қонаққа Ата келеді.

Ата: Сәлеметсіздер ме, балалар, бүгінгі Тәуелсіздік мерекесі баршамызға құтты болсын! Еліміз тыныш болсын, үлкен азамат – азаматша болып өсе беріңіздер!

Жүргізуші: Қош келдіңіз, ата, төрлетіңіз!

Балалар менің сендерге қояр бірнеше сұрақтарым бар.

  • Сіздер қай республикада тұрасыздар?
  • Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті кім?
  • Еліміздің мемлекетті рәміздерің айтып беріңіздерші?
  • Рәміздер туралы тақпақ білесіңдер ме?

Балалардың тақпақтары:

Мирас: Көк аспандай көгілдір

Қазақстан байрағы

Тұрса күндей төгіп нұр

Жылдарыңыз жайдары.

Әділжан: Көк байрақтың бетінде

Қыран бүркіт қанатты

Сол қырандай еркіндеп,

Бала өседі талапты.

Ерасыл: Елтаңбасы елімнің

Неткен әйбат, әдемі

Тұнығындай көңілді, —

Ортада – аспан әлемі.

Нұрасыл: Құт, береке, шаңырақ,

Орын алған ол төрден

Қанатты қос арғымақ

Екі жақтан көмкерген.

Мейіржан: Тәуелсіздік жолында
Талай-талай тер тамған…
Билігім өз қолымда,
Еркіндігім-Елтаңбам.

Дәулет: Әнұраным-жанұраным,
Айтар әнім-сөйлер сөзім.
Туған жерім-сағынарым —
Мың қайталап айтам мұны.

Жүргізуші: Ата, сіз біздің мерекеге келгеніңіз жақсы болды. Біздің балалардың осы рәміздерге байланысты көрінісі бар. Біздің көрінісімізге қатысыңыз, балалардың өнерің тамашалаңыз.

Көрініс: «Көк байрақтай, көк жиде»

Немересі қаладан ата – әжесінің ауылына қыдырып келеді. Ол ауылда қызықты, көңілді уақыт өткізеді. Бірақ оның қалаға қайтатын уақыты болды.

Немересі: «Ата бата берші»,- деп атасынан бата сұрайды.

Атасы: «Сұрасаң бата берейін

Үстем болсын мерейің

Ықыласпен қол жайсаң

Ақ тілепен төгейін

Жорытқанда жолың болсын,

Қыдыр ата жолдасың болсын, аумин!»

Содан кейін немересіне атасына қиыла қарайды.

Атасы:

— Бұйымтайың болса айта ғой, балам.

Немересі:

— Ата, сіздердің ауылыңызданбір сыйлық  әкетсем деп едім. Көп сыйлықтың ішінен бір көк көйлек ұнап қалды.

Атасы:

— Қалағаның сол болса несін аяймыз. Неліктен, сен көп сыйлықтың ішінен көк көйлекті таңдадың?

Немересі:

— Ол біздің Қазақстанның туының түсіндей екен. «Ту желбіресе көңілім көтеріледі. Осы көйлекті сізді сағынғанда иіскеп күтіп киемін.

Атасы:

— Еліңе, жеріңе адал қызмет ет, балам. Өркенің өссін балам!

Немересі:

— Тәуелсіздікті қорғайтын ұрпақ біздерміз ғой. Туған өлкені, сіздерді өте жақсы көремін. Қазақстанды жақсы көремін!

Жүргізуші: Ұлы достық,
Нұрлы достық,
Күн достық,
Достық деген қасиетті ұранға,
Кең даланың жүрегі де үн қосты.
Бишілер де, биімен де үн қосты – дей келе бүлдіршіндеріміздің биіне кезек берейік.

Би: «Ұлдар»

Ойын: «Көкпар»

Мақсаты: Балаларды ептілікке, шапшаңдыққа баулу. Жылдамдығын жетілдіру.

Шарты: Ойынға барлық ұлдар қатысады. Олар 2 – ге бөлініп тұрады. өтеді. Олардың жеке қазандықтары болады. Ортаға серке тасталады. Тәрбиеші белгі бергеннен кейін балалар серкеге таласып, өз қазандықтарына салу керек. Серке қай қазандыққа түссе, сол топ жеңіске жетеді.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, келесі кезекті балалардың ағылшын тілінде айтатын тақпақтарына береміз.

Ағылшынша тақпақ:

Ерқуат:Зериз васт лэнд

Индәпәндит кантри

Из Кәзәхстан.

Ұлан байтақ жері бар,

Тәуелсіз ел Қазақстан.

Әдия: Кәзәхстан из май кантри

Кәзәхстан из май лэнд.

Қазақстан менің Отаным

Қазақстан менің жыр – әнім.

Нұртас: Ай лав май лэнд

Ай лав май кантри

Ай лав май Кәзәхстан.

Сүйем сені туған жер

Сүйем сені туған ел

Сүйем сені Отаным – Қазақстан.

Жаннур: Мазәлэнд из май фәмили

Мазәлэнд из май френд.

Отан – менің ата – анам,

Отан – досым, бауырым.

Жүргізуші: Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің, — дей келе балалардың орындауындағы «Менің Қазақстаным» әнің қабыл алыңыздар!

Ән: «Менің Қазақстаным».

Жүргізуші: Мереке бүгін ұлы күн,

Бабалар рухы көксеген

Азатты елдің ұлымын

Теңескен төбем көкпенен – деп ортаға Төлеумұрат Ерқуатты шақырамыз. Тәуелсіз елдің кішкентай бүлдіршіні ақын Қалқаман Сариннің «Еркіндік» өлеңін оқиды.

Көркемсөз: «Еркіндік»

Жүргізуші: Балалар , мен келесі кезекті ата – аналарға бергім келіп отыр. Ортаға 11 ата – ананы шақырамын. Ата – аналарға «Тәуелсіздік» сөзінің әріптерін беремін.

Тәуелсіздік – 11 әріп құралған
Сан ғасырлар бар қазаққа боп арман
Талай дара, даналардың көз жасы
Қаныменен атты таң боп бізге алдан
Он бір әріп не мағына береді?

Шарты: Әрбір берілген әріп бойынша, сол әріптен келетін ата – аналар елімізге арнап өз тілектерің айтады.

Жүргізуші: Тал шыбықтай бұралған, қазағымның қыздары-ай,

Сүйсіндірген биімен, өнерлі ғой қыздар-ай, — деп тобымыздың сұлу қыздарының мың бұралған биіне кезек берейік.

Қыздар биі.

Ойын: «Қыз қуу»

Мақсаты: Балаларды  ұлттық ойын түрімен таныстыру. Шапшаңдығын арттыру.

Шарты: Ойынға 1 қыз, 1 ұл қатысады. Екі балаға жылқы беріледі. Белгіден кейін қыз атпен шауып қашу керек, ұл бала оны қуып ұстап алып, бетінен сүйеді. Ойын осылай жалғаса береді.

Жүргізуші: Қазақ жері – сәніміз,

Мәуесі мол бағымыз.

Саясында жетілер,

Балдай бала шағымыз, — деп келесі кезекті балалардың жылы лебіздеріне береміз.

Балалардың тақпақтары:

Іңкәр: Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн

Ерекше боп мәңгілік

Ел жадында қалған күн.

Айбол: Он алтыншы желтоқсан

Елдің ұлы мейрамы

Жаңа шыққан көктемдей

Жаз күніндей жайдары.

М. Аружан: Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,

Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі

Есте сақтап ағалардың ерлігін,

Жүректерге сақтау керек.

Еламан: Тәуелсіздік – ел болу

Ынтымақпен өрге озу.

Еркін және өзге елмен,

Терезесі тең болу.

Е. Кәусар: Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!

Айбар: Арымыздай тап-таза

Жанымыздай шуақты

Көтерілді биікке

Қазақстан байрағы.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, келесі кезекті Рысқали Дәулет пен оның әжесінің дайындаған көрінісіне кезек берейік. Көрініс «Әжесі мен немересі» деп аталады.

Көрініс: «Әже мен немере» (немересі ұйықтап жатып, шошып оянады)

Немересі: Әже, әже қайдасыз?

Әжесі: Құлыным – ау, не болды?

Немересі: Әже, мен түс көрдім.

Әжесі: Қане, айта қойшы не көрдің?

Немересі: Түсімде мен аспанға ұшып, бойым күнге дейін жетті. Аспанда бүркіттей самғадым. Керемет түс емес пе, әже, жорамалдап беріңізші?

Әжесі: (ойланып) Бұл түсің жақсылықтың нышаны. Ата – бабаларымыз аңсаған еркіндікке қолымыз жетеді. Аспанда бүркіттей самғап, күніміз ашық болады. Яғни Тәуелсіздік таңымыз атып келеді.

Немересі: (қуанып) Әже, жүріңіз халықтан сүйінші сұрайық. Көп ұзамай Тәуелсіздік таңы атады. Әжесі мен немересі сүйінші, сүйінші деп шығып кетеді.

Жүргізуші: Балалар, тағыда ата – аналарды ойынға шақырсақ қалай қарайсыздар? Ойнатайық па?

Ойын: «Өнерлі біздің ата – ана»

Шарты: Ата – аналарға жеребе таратылып, жеребеде қойылған тапсырмаларды орындайды.

Жүргізуші: Отанды әркім анасындай,

Қастерлейді бағалап

Өйткені Отан баласындай

Бізді өсірер аялап, — деп балалардың Отан туралы тақпақтарына кезек берейік.

Балалардың тақпақтары:

Мансұр: Естісін ел үніңді,

Дүние түгел естісін.

Тәуелсіздік туыңды

Биік көтер, жас ұлан!

Батима: Әр қазақтың есінде сақталады

Желтоқсандық өрендер ақталады

Ел намысын қорғаған сарбаздарым

Ерліктерің мәңгілік сақталады.

Е. Аружан: Өзіңдікі туыңда

От пен ауа,суың да

Жаса Қазақстаным

Белді бекем буын да!

Жангелді: Маған қымбат ұлы елімнің

Шешек атқан әр гүлі

Аялайды бәрімізді

Азаттықтың таң нұры.

Айберен: Отан – елдің анасы
Отан – жердің анасы
Бақытты ғой, дәл мендей
Тәуелсіз ел баласы?!

Т. Кәусар: Қайраттай қайсар ұлдардың
Жанымен келген еркіндік
Жазира мен ляззаттың
Арымен келген еркіндік
Қасірет пен қайғының
Бәрімен келген еркіндік .

Жүргізуші: Балалар бұрынғы кезде біздің ата – бабаларымыз мерген болған. Олар садақпен көздеген нысананы дәлдеп тигізген екен. Біздер осы ата – бабаларымыздың ұрпақтары болғандықтан, ондай өнерден бізде кенде емеспіз.Тек қана ер балалар ғана емес, сонымен қатар қыздарымыз да мерген болған екен.  Осыны байқау үшін мен қазір сіздермен бірген ойын ойнағым келіп тұр.

Ойын: «Нысананы дәл көзде»

Мақсаты: Балаларды дәлдікке, мергендікке үйрету.

Шарты: Бұл ойынға ұлдар да, қыздар да қатысады. Олар 2 топқа бөлінеді. 2 топқа мальбертке үрілген шарлар қойылады. Балалар инемен шарды көздеп, жаруы керек. Қай топ көп шар жарса, сол топ жеңіске жетеді.

Жүргізуші: Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі.

Ән шашу, әсем әуен, түрлі өнер,

Бүгінгі күн сіздерге арналады, — дей келе келесі кезекті әсем әнге береміз.

Ән: «Тәуелсіз елім» 

Жүргізуші:  Бейбітшілік әніміз

Бауырласпыз бәріміз,

Қазақстан даласында

Жарасады сәніміз.

Ұлы Отанның аясында

Жадырайды жанымыз.

Бізбен бірге бар әлем,

Қуанады балаша.

Қуанышқа бөленген,

Өмір қандай тамаша

Бүгін, міне, Егеменді тәуелсіз еліміздің ұлы мерекесін тойладық. Жүзіміз жарқын болып, аспанымыз ашық болсындеп тілейміз. Егеменді елдің болашағы – сендерсіңдер! Сендерге зор денсаулық, көңілдеріңе шаттық тілей отырып, атар әрбір таңдарың арайлы да шуақты болсын, күннің сәулесін мол төксін деп, бүгінгі мерекелік ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Қош, сау болыңыздар!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.