Home » Білім және тұлға » ЕЛОРДА ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН ҰСТАЗ

ЕЛОРДА ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН ҰСТАЗ

«Тек жоғары білімпаздық қана географиямен айналысуға мүмкіндік береді» деген екен кезінде әлемге аты әйгілі ойшыл Страбон. Расында да, география дүниені танып, әлемді зерттеуге негізделгендіктен, оны жетік меңгеру әркімнің қолынан келе бермейді. Терең ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Осылайша, география ғылымының жоғары шыңына ұмтылып, білім айдынының желкенінен ұстаған жандардың бірі – Мұсабаева Меруерт Насурлақызы.
Ғалым өзінің еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №171 орта мектепте география пәнінің мұғалімі болып бастаған. Білім ордасында оқушыларға он бір жыл қатарынан сабақ беріп, 1991 жылы  М.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқытушылық қызметке ауысады. Ауыз толтырып айтуға лайық жетістігі 1994 жылы дәл осы жоғары оқу орынында, ал 1998 жылы Жамбыл атындағы Тараз педагогикалық институтына  қызмет ауыстырғаннан кейін онда да «география» мамандығын  ашуға мұрындық болып, болашақ географтарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Мамандыққа сіңірген еңбегі ескеріліп, 2000 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «География және экология» кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылады. Жоғары оқу орнында оқу үдерісін басқарудағы ұйымдастырушылық-менеджерлік іскерлігі, әсіресе, 2004-2008 жылдары Жамбыл атындағы Тараз педагогикалық институтының бірінші проректоры – оқу-ісі жөніндегі  проректор  қызметін  атқарған кезінде толық айшықталады. Оқу ордасында алғаш рет «Тарих-география» кафедрасын ашып, мұнда да география мамандығының дамуына ықпалын тигізеді.
Осы еңбектері ескерілгені даусыз, ғалым 2008 жылы ерке Есілдің жағасынан орын тепкен, Елорада төріндегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «География және экология» кафедрасына профессорлық қызметке шақырылады. Жамбыл атындағы Тараз педагогикалық институтына «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, профессор қызметінің нәтижесі – білім алушыларының  білім нәрін бойларына сіңіріп, елі үшін қызмет етер абыройлы маман, кәсіби тұлға болып қалыптасуында. Бұл тұрғыда Меруерт Насурлақызының еңбегі ақталды деуге болады. Өйткені, дәрісін тыңдап, ілімін тоқыған, әр тапсырмасын бұлжытпай орындап, география ғылымының қайнарынан сусындаған шәкірттері бүгінде еліміздің бетке ұстар бір-бір маман иесіне айналған. Бірі Астана, Алматы қалалары сынды үлкен шаһарларда, елді-мекендерде мектеп оқушыларына сабақ берсе, енді бірі министрліктерде, ғылыми мекмелерде геодезия, картография сынды соны салалардың майын ішіп, мемлекет игілігі үшін еңбек етіп келеді. Ғалым еңбек жолында бакалавр-шәкірттерінен бөлек 35 магистрді және 4 PҺD докторын түлетіп ұшырған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ даналығы. Еткен ерен еңбектің зейнеті де мол болатыны белгілі. Қай қызметте болса да,  айрықша қабілетімен, кәсіби шеберлігімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп,  ерен еңбегінің нәтижесінде құрметке бөленуі заңдылық та.
Меруерт Насурлақызының  Қазақстан Республикасының «ЖОО үздік оқытушысы – 2011» мемлекеттік грантын иеленуі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қорқыт ата атындағы «Алтын медальмен» марапатталуы,  сонымен бірге Педагогика ғылымдары академиясының академигі атағын иеленуі төккен терінің нәтижесі деп білеміз.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға». Дана халқымыз бұл арқылы білім берушінің қай уақытта болмасын өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, жақсылыққа баулып, адами ізгі қасиеттерді бойына сіңіре отырып, кемелдікке жеткізетінін аса көрегендікпен жеткізген. Өзінің теориялық білімін тәжірибе жүзінде де жүзеге асыру мақсатында ғалым бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған. Атап айтар болсақ, «Қызылорда облысының тұщы су проблемалары», «Тараз қаласы ауа бассейнінің ластану көздері», «Тараз қаласының өнеркәсіп салалары және қоршаған орта», «Көне Тараз жері туралы ерте кездегі картографиялық мағлұматтар», «Күн сәулесімен емдеу әдістерін пайдаланудың мүмкіндіктері» және осы сынды 30-ға жуық ғылыми еңбекті дүниеге әкелген. Олар мемлекеттік тілде ғана емес, ресми тілде де, ағылшын тілінде де жарыққа шыққан.
Мұндай зерттеу еңбектерінің шығуын, бір жағынан Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасынан бастау алған деп айтуға болады. Ал екінші жағынан, ғалым бұл арқылы республикадағы жер-су атауларының дамуына да өзіндік үлесін қосып жатыр. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі орасан зор. Кез-келген ақпар масс-медиа арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне лезде тарайды. Міне, мұндай мүмкіндіктің болуы ғылымға да оң ықпалын тигізеді, яғни, ғалымдар өздерінің зерттеу жұмыстарын кітап ретінде ғана жинақтап қоймай, оны мақала ретінде жазып, миллиондаған оқырманның көруіне мұрындық болады.
Осыны білген Меруерт Насурлақызы да өзге де ғылым қайраткерлері сияқты ғылыми ізденістерін топтастырып, ғылыми мақалаға айналдырған. Нәтижесінде, «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи-аумақтық кешендерінің антропогендік жағдайы ХVIІ», «Қостанай облысының аграрлық жағдайы және оның әлеуеті «Ғылым мен білім — 2014″ ІХ Халықаралық ғылыми конференциясы», «Қазақстанның ішкі өзен алаптарының климаттық өзгерістері» сияқты бірқатар жинақтары мен материалдары мерзімді баспасөз беттерінде жарыққа шыққан.
Ұстаздық қызметінен бөлек, Меруерт Насурлайқызы қазақ телевизиясында да бірталай жыл еңбек еткен. 1979 жылы ол университет қабырғасында жүрген кездері белгілі қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлымен бірге жастар бағдарламасын жүргізген. Жастар мәселесін көтеріп, күн тәртібіндегі өзекті дүниелерді көтерген.
Алпысты алқымдаған ғалым өмірінің 38 жылға жуық кезеңін білім саласына, соның ішінде география ғылымына арнаған. Ал он жылға жуық уақытын Елордамен байланыстырып, ғылымдағы даңғыл жолының салынуына еліміздің бас қаласы да ықпалын тигізген. Олай болса, саналы ғұмырын тағылымды жолға тәрк еткен Меруерт Насурлақызының өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа, әсіресе, география саласын таңдаған жастарға үлгі болып қалмақ.

 Назым ҚАЙРАТ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.