Апта басында Астана қаласының білім беру мекемелері арасында «Көшбасшы оқушы» интеллектуалдық жарысы өтті. №8 орта мектеп оқушысы Дидар Сейтхан жүзден жүйрік танылып, жеңімпаз атанды.
Білім бәйгесінің іріктеуіне Елордалық білім ошақтарынан 90-нан аса оқушы қатысты. Негізгі кезеңге жолдама алған 12 оқушы «Оқушылар сарайында» өткен ақтық сайыста білімдерін ортаға салды. Жоғарғы сынып оқушыларының білімі мен бәсекеге қабілеттілігі, жан-жақтылығы сараланған байқау ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ҚР Тұңғыш президенті күніне орай ұйымдастырылды. Маңызды шараға «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы мұрындық болды.
Жарыс 3 турдан тұрды. Балалар «Бәйге» кезеңінде негізгі пәндер бойынша деңгейлік сұрақтарға жауап берсе, екінші айналымда Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен атқарға істері туралы сауалдарға жауап берді. Соңғы турда қатысушылар арнайы тақырып төңірегінде ой қозғап, шешендік байқасты. Оқушылардың білімі мен қарым-қабілетін Астана қаласы Білім басқармасының қосымша білім беру бөлімінің жетекшісі Айгүл Сабитқызы, педагогика ғылымдарының докторы Замира Жорайқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Нұркеұлы, Қазақстан РТРК АҚ, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының арнайы тілшісі Қанат Әуесбай, «Жас отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының кеңес мүшесі Шыңғысхан Шопанұлы және ҚР Тұңғыш Президенті музейінің педагогикалық орталығының жетекшісі Рауза Ұланқызы таразылап, қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша, жоғары ұпай жинаған №8 орта мектептің 10-сынып оқушысы Дидар Сейтхан «көшбасшы оқушы» атанды. І орынды №64 мектеп-лицейдің намысын қорғаған Алан Несіпбек иемденсе, ІІ орынды Гидаят Разиев (№6 гимназия) пен Әсел Әлімханова (№62 мектеп-лицей) өзара бөлісті. Үздіктер қатарын Әсел Орынбекова (№15 мектеп-лицей), Мадияр Тұрапов (№48 мектеп-лицей), Айсұлу Амангельдинова (№4 мектеп-гимназия) толықтырды. Өзге қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталып, байқау қатысушыларына бағалы сыйлықтар табысталды.
Ж.ӘКІМ