Қарағанды қаласының «№102 мектеп-гимназия» КММ-де Елбасы үндеуін талқылауға арналған шаралар мен жиындар жиі өткізіліп келеді. Елбасы жолдауында айтылған маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу, ой қорыту мақсатында мектеп-гимназияның прогресшіл ұстаздары арасында «Латын әліпбиі-заман талабы» тақырыбында дебат өткізіліп, «Үштұғырлы тіл — бәсекеге қабілетті ұлт болудың бірінші сатысы» тақырыбында жоғары сынып оқушылары арасында интеллектуалды сайыстар, әр апта сайын саптық жиындар мен сынып сағаттары жүргізіледі.
Аталмыш шаралар №102 мектеп-гимназия директоры А.О.Мусина басшылығымен жүргізіліп, ұйымшыл ұжым мен белсенді оқушылардың қолдауына ие болып келеді. Қаламыздың білікті тұлғаларының қатысуымен өткен «Елбасы үндеуі – жаңарудың жаңа қадамы» атты дөңгелек үстел осы күнге дейін өткізіліп келген маңызды іс-шаралардың нүктесін қойды. Басқосуда академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы Н.Б.Смағұлов рухани жаңғырудағы тәрбие факторы жайлы сөз қозғап, Мәңгілік ел болу үшін ұлттық құндылықтарымызды дамытуға көңіл бөлу керектігі айтылды. Дөңгелек үстелге қатысушы қонағымыз Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері М.Ш. Ағымбаева Мәңгілік ел болу үшін – Мәңгілік тілді қалыптастыруымыз керек дей келе, «Үш тұғырлы тіл» — жарқын болашаққа бастар жол және үш тілдің ішінде ең маңызды әрі бастысы ана тіліміз екенін баса айтты. Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушысы А.А.Баймагамбетова «Рухани жаңғыру – табысты ел болудың кепілі» деген ұстанымда сөз өрбітті. №102 мектеп-гимназиясының қамқоршылар кеңесінің мүшесі, педагогикалық еңбек ардагері М.З. Абросимова бүгінгі күнде ұстаздардың рөлі туралы тоқталып, қазіргі таңда ұстаздар қауымында шығармашылық біліктілігін дамытуда бос уақыттың жоқтығын, білім берудің ерекшеліктерін баса айтып, мұғалімдер мәртебесін жоғарлату керек деген ұсыныс тастады. №102 мектеп-гимназия ұстаздарының елеулі еңбектері мен нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдіріп, ұстаздар қауымының беделін асқақтатты.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған мектептің 10-сынып оқушылары Н.Василенок, Қ.Қарабалаев, Ғ.Нұрланқызы Елбасы жолдауы бойынша үш тілде пікірлерін білдіріп, елбасы қабылдаған шешімнің маңызын талқыға салды. Елбасы үндеуінде қарастырылған білікті мамандар даярлау ісі қазіргі күнде қаншалықты жүзеге асып жатқаны да отырыста баяндалды. Сөз соңын мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Б.К.Оспанова талқылауға салынған жолдаманы Елбасымыздың баршаға белгілі саяси қолтаңбасының жарқын көрінісі деп түйіндеп, аталған іс-шараға қатысушыларды алғысхатпен марапаттап, құрмет білдірді. Іс-шара соңында жоғары сынып оқушыларының толғандырған сұрақтарына жауап беріліп, «Болашақта қандай мамандық таңдаймын», «Кім боламын» деген сауалдар қызу талқыланды. Аталған шараға қызығушылық білдіріп келген қаламыздың «Бірінші Қарағанды» телеарнасы қатысушыларға өз сауалдарын қойды. Мектеп-гимназияның жас мамандары елбасы үндеуі – болашақ үшін орындалып жатқан игі іс екенін, қазіргі таңда еліміздің жас мамандарға жалпы жастар қауымына үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын айта келе, «Болашақ – прогресшіл әрі жалынды жастардың қолында. Болашақ – біздің қолымызда» деп пікірлерін тұжырымдады.
Қаламыздағы «№102 мектеп-гимназияның» табалдырығы кеше ғана қаланса да осындай маңызды отырыстар мен іс-шаралар жиі болып тұратыны көңіл қуантады және жалғасын табады деген үміттеміз. Елбасы үндеуін қолдау — бір адамның не бір мектептің емес бүтін халықтың, әрбір Қазақстандықтың алдындағы міндеті.
Айсұлу Нұртай
№102 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі