Елбасы кітапханасының дәстүрлі «Қазақстандық жол: Мәңгілік Ел» семинар-тренингісі аймақтарға бет алды. Біліктілікті шыңдауға Қызылорда өңірі бастамашылдық танытты. Көшпелі екі күндік оқыту 31 техникалық және кәсіптік білім беру орындарының 80-ге жуық өкілін тоғыстырды. Тыңдаушылар арасында Қызылорда облысындағы колледж директорлары, оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлар, тарих пәнінің мұғалімдері бар.
– Мен осыдан 1,5 ай бұрын Астана қаласындағы Елбасының кітапханасында екі күндік семинар-тренингке қатысып, «Қазақстандық жол» және «Мәңгілік Ел» тақырыптары бойынша арнайы мамандандырылған оқу курстарының барына көз жеткіздім. Оны біздің облысымызда ұстаздар қауымы үшін өткізу ұсынысы Елбасы кітапханасы тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі семинар-тренинг – оның айқын көрінісі. Елбасымыздың бастамалары мен идеяларын түсінікті және терең түсіндіру қажеттігі туындайды. Оның орны Елбасы кітапханасының қызметкерлері өткізетін мазмұнды дәрістер арқасында толады. Біздің ұстаздарымыз қажетті мәліметтерді түртіп алып, оны оқыту және тәрбие барысында тиімді түрде қолданады деп ойлаймын. Биылғы қыркүйек айында қызылордалық мұғалімдер қауымынан делегацияны жасақтап, Елбасы кітапханасына жіберу ойда бар. Себебі олар рухани орданың бай мұрасымен танысып, оқыту барысында жаңа әдістер мен тәсілдерді қолдануға жол ашылады, — деп көшпелі семинар-тренингтің маңыздылығына Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев тоқталды.
Қызылорда қаласындағы көшпелі семинар-тренингті Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Күнсұлу Исинова және аға сарапшысы Ақбота Хамитова өткізді. Олар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Тәуелсіз елдің жасампаз жолын және келешегін зерделеу, өңірге қажетті әлеуметтік маңызды жобаларды түзу – тыңдаушылардың асқан қызығушылығын оятты.
– Алғашқы көшпелі семинар-тренинг ұйымдастырылды. Қызылордалық колледждердің ұстаздары белсенділігімен, біліктілігімен және жаңашылдығымен тәнті етті. Олар өзара тәжірибе алмасып, құнды ұсыныстарымен және салиқалы пікірлерімен бөлісті. Барлық деректер мен мәліметтер тыңдаушылардың кәдесіне жараса, бұл біздің еңбегіміздің басты жемісіне айналатыны хақ, — деп атап өтті Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Күнсұлу Исинова.
Көшпелі семинар-тренингті тыңдаған барлық қызылордалық ұстаздарға сертификаттар табыс етілді.
Сулушаш САПАРБАЕВА
Қызылорда облыстық білім басқармасы