Home » Жаңалықтар » Елбасы кітапханасында өткен ғажайып уақыт

Елбасы кітапханасында өткен ғажайып уақыт

Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейдің 1-сынып оқушылары сынып болып «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына» барып қайтты. Алаш арысы, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан атындағы көшеде орналасқан бұл зәулім, әрі көркімен көз тартатын ғимараттың іші де сырт келбеті секілді ерекше екен.
Мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған кішкентай шәкірттерінің асыл ұстазы, құрметті мұғалім Айгүл Таутанқызы бұл экскурсияға өз сыныбын алып барған еді. «Орағың өткір болса, қарың талмайды, Отаның берік болса, жауың алмайды», деп халық даналығы айтқандай, Отанымыздың ертеңі осы жас ұландарға байланысты екені рас.

 

Экскурсия кезінде жас шәкірттер «Елбасы және Астана», «Әлемдік көркем әдебиеттер», «Шахматтар», «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері» және тағы басқа залдарды экскурсоводпен бірге аралап көріп, «iDos» гид-роботпен интеллектуалды викторинаға қатысты. Жаңа заманның балалары үшін әсіресе осы роботпен болған сұхбат ерекше әсер етіп, зор қызығушылығын оятты. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына сыйланған түрлі сыйлықтар залы да балғын бүлдіршіндерді әралуандығымен қызықтырды.

Осы шараны ұйымдастыруға ниет білдірген – ата-аналар екенін айта кеткен жөн. Ринат Мұхаметқалиев атты ата-ана кітапхана әкімшілігімен келісіп, экскурсияны дайындатып, фото-бейне түсірілімдерді қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен қатар балаларға ерекше қуаныш сыйлаған бұл саяхат туралы республикалық «Балапан» арнасына сюжет дайындауға атсалысты.
Кітапхана фойесінде әр оқушы еліміздің ұлы қазынасы – Тәуелсіздік хақында әсерлі жырларын оқып, рухани тағылым түйді. Шара соңында балалар шарларға өз тілектерін жазып, оларды топ болып аспанға ұшырды. «Балалар – елдің болшағы» деген елміз. Президент кітапханасына жасалған бұл саяхаттан оқушылар зор шабыт пен рухани білім алып қайтты.

Алма Сайлауқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.