Home » Жаңалықтар » Елбасы кітапханасында «Абай оқулары» әдебиет сайысы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Елбасы кітапханасында «Абай оқулары» әдебиет сайысы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Бүгін Елбасының кітапханасы «Абай оқулары» атты әлеуметтік желілердегі жыл сайынғы әдебиет сайысының нәтижелерін қорытындылады. Еліміздің түрлі аймақтарынан қолғабыс тапқан жоба Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты.

                                       

– Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», — дейді. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын қолдау жолында Елбасы кітапханасы Абай мұрасын жастар арасында дәріптеу және олардың әдеби талғамын қалыптастыру, оқу мәдениетін ілгерілету мәселесін мықтап қолға алды. Осы орайда «Абай оқулары» ел азаматтарының бойындағы ұлттық рухты көтеріп, отансүйгіштік қасиеттер мен әлеуметтік, азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталды, — деді саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Мұратбекұлы.

Белгілі абайтанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызының сөзінше, Абай шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттаудың маңызы зор. Бұл пікірді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы да қолдайды. Оның айтуынша, Абайдың әдеби мұрасын кеңінен насихаттау – жастарды ұлт руханиятына тәрбиелеудің, ұлттың тілі мен ділін оятудың бірден бір құралы. Іс-шара барысында «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымының атқарушы директоры Ләззат Асқарова өз баяндамасын оқыды.

                                         

Нәтижесінде бірінші орынды Алматы облысы Қаскелең қаласындағы «Аяжан Қарасай» медициналық колледжінің түлегі Салтанат Өтебай қанжығасына байлады. ІІ дәрежелі дипломмен Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінің 2 курс студенті Рауан Әбдуали марапатталды. Үштікті Солтүстік Қазақстан облысы Ақбұлақ ауылындағы Чехов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Виктория Вьюшкина мен Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Бағила Ниетуллаева түйіндеді. Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қайназар орта мектебінің оқушылары, апалы-сіңлілі Дариябай Әсел мен Аружан ынталандыру сыйлығы мен «ең жас қатысушы» номинациясын иеленді. Ал Ноттингем университетінің 2 курс студенті Жанбота Дүйсебаева «Абай мұрасын әлемдік кеңістікте дәріптеу» номинациясының жүлдегері атанды. Оларға тың кітап топтамалары мен бірегей естелік сыйлықтары тарту етілді.

Шара барысында көпшілік назарына ұсынылған кітап көрмесінде Кітапхана қоры мен Елбасының жеке кітапханасындағы бірегей басылымдар берілді. Қонақтар Абай туындылары алғашқы аудармаларының түпнұсқаларымен танысты.

Естеріңізге салсақ, «Абай оқулары» атты жыл сайынғы әдебиет сайысы ұлтымыздың ұлы ақыны, дана ойшылы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушысы және тұңғыш классигі Абай Құнанбайұлының туған күніне орай өткізілген болатын. Оған қатысқан жұмыстармен Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде #біздіңАбай #Абайәдебиетсайысы #ЕлбасыкітапханасыАбай хэштегтерінің көмегімен танысуға болады.

                                        

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.