11 шілдеде, сағат 14.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында шетелдегі оқушы қандастарымыздың қатысуымен іс-шара өтеді.
Оның аясында жас меймандар Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Ә. Рахымжановпен кездесіп, «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін тамашалайды. Жастарға Кітапхананың көрме залдары бойынша экскурсия жүргізіліп, естелік кітаптар тарту етіледі.
«Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебінің аясында өтетін іс-шараға Иран, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріндегі қазақ диаспораларының балалары шақырылған. 12-17 жас аралығындағы олардың саны 170-тен асады. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен «Отандастар қоры» КАҚ ұйымдастырады.
Жазғы мектеп бағдарламасының арқасында балалар Қазақстан тарихы мен қазақ тілін меңгеру, музыка, қолөнер үйірмелеріне қатысу арқылы ұлттық мәдени мұра мен ұлттық құндылықтарды зерттеу, жаратылыстану, математика пәндері бойынша лабораториялық жұмыс жүргізу, Нұр-Сұлтан қаласының тарихи-мәдени нысандарын, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркін аралау мүмкіндігіне қол жеткізеді.