Заманы мен қаламы өзгерген жаңғыру дәуірінде ұстаздардың алатын орны ерекше. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның төртінші жаңғыруы көптеген жаңашылдықтарды талап етеді. Ал сол жаңашылдық басымдықтарын білім саласында жүзеге асыратындар да ұлағатты ұстаздар болмақ. Әрине, бұл басымдықтарды жүзеге асыратын, елдің үміт етіп отырған жастары — мына біздер. Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін» деген үмітін жас маман ретінде ақтау, Мәңгілік елдің мәртебесін көтеру бізге парыз. Жаңалық жаршысы да жас маман болмақ. Биылғы Жолдаудың ерекшеліктері көп. Білім саласындағы елеулі жаңартулар Елбасы тарапынан қолдауға ие болды. Сол жаңашылдықтың бірі — жаңартылған білім беру мазмұнына көшу және білім берудің өзіндік озық жүйесін қалыптастыру болып табылады. Жаңартылған мазмұнмен жұмыс жасайтын мұғалімдер жалақысының 30 пайызға көбейетіндігі де бізді қуантты. Мәңгілік елдің мәртебесін көтеруде жаңартылған білім мазмұнына сәйкес мұғалімдердің кәсіби біліктерін шыңдау жағы да жүйелі қарастырылған. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ету үшін ең алдымен біз біліммен қарулансақ, оқушыларымыз ғылым мен техниканы меңгеріп, еліміздің жаңғыруына үлес қосуы керек. Ол үшін оқушыларымыз үш тілді меңгеруі қажет, себебі Қазақстанның болашағы- үш тілді еркін меңгеруінде екендігі айтылған. Оқытудың мазмұндылығы жаңа кадрлар мен жаңа оқулықтармен толықтырылуда. Жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу – инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Білім саласында цифрлық технологияны дамыту да қолға алынып келеді. Бұл оқушылардың заманауи білім алуына, түрлі технологияны еркін меңгеруіне, ғылыммен айналысуына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына үлкен мүмкіндіктер берері анық. Халқымызға озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, жаңғырудың тетіктері шапшаң қимылдап, уақытты үнемдей отырып, жетістікке жетудің тың идеясын үйретері анық. Жаңа кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі – осы заманғы білім беру, парасатты экономиканы дамыту болса, сол жолда ұстаздарымыздың тынбай еңбек етері сөзсіз.
Даулеталиева Сымбат Әлібекқызы,
№1 Ы.Алтынсарин мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі