Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл Жолдау ел дамуының белгілі бір асуын бағындырып, келесі бір асуға бет бұрғанын айғақтайды. Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгендігін түсіндім.
Жалпы, Жолдауда айтылған барлық басымдық – елімізді одан да биік белестерді бағындыруға жетелейтін жасампаз бағдарлама. Қазақстан халқы қандай биіктік болсын бағындыруға, қандай асу болсын алуға даяр.
Жасампаз Жолдаудың басты бағытының бірі – білім саласы. ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен күнге айқындалып келеді. Қазақстанның білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі – бүгінгі күн талабы. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің болашағының бүгінгіден де нұрлырақ болуына ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланыстылығы айқын көрінуде. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең. Қазіргі заман мұғалімінен қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруін көздейтін, жаңашылдыққа жаны құмар, әр ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі құбылыстарды идеялық адамгершілік тұрғыдан шеше алатын, жаңашыл ойлау дағдыларын меңгерген, шығармашылықпен еңбек ететін маман болуы талап етіледі. . Ең бастысы, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда.
«Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болу үшін, біз, сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек… Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыздың қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» деп Елбасы Жолдауында атап көрсетті.
Баршамызды алдымызда «Мен осы парызымды дұрыс атқарып жүрмін бе?» деген сұрақ тұруы қажет. Бұл сауал әрқайсысымызды ойландыруы тиіс.Олай болса, өскелең жас ұрпақты болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әр ұстаздың, оқытушының, тәрбиешінің, қоғамның міндеті. Бұл жауапкершілікті сезіне отырып, жаңа заманның салмақты жүгін қайыспай, жұмыла, бірлесе көтерген жүктің жеңіл болатыны сияқты отбасы, бала-бақша, мектеп, оқу орындары және қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі көрсететін болады.
Елбасының қолдауының нәтижесінде қазақстандық білім беру жүйесі жаңа даму деңгейіне өтуде. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Бұл орайда ел Президентінің «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа білім мен ғылымды игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деген қанатты сөзін басшылыққа алып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуіміз, ХХІ ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасырына» айналуына ат салысуымыз қажет деп білеміз. Қорыта айтқанда, ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұзтаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.
Мұқамбетәзиев Аркен Мұқамбетәзиұлы,
Ақтөбе қаласы,
К.Нокин атындағы
№65 ЖББОМ-нің
тарих пәнінің мұғалімі