Home » Мақалалар » Елбасы Жолдауы — білім беру ісіне қолдау

Елбасы Жолдауы — білім беру ісіне қолдау

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы білім, білік, оқу мен зерделеу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау. Осы орайда білім саласы ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаевтың назарына ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасының әрбір Жолдауынан айқын аңғарамыз.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бүгін жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін ұсынған 10 міндетінің жетіншісі де «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталып, білім берудің жаңа сапасына қалай жетуді нақтылап берген. Онда Елбасы: «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», — деп бастап білім беру саласындағы дара даму, ерекше оқыту сапасы, білім бәсекелестігін арттыру жолындағы өзгерістер мен жаңартылған мазмұны туралы нақты қадамдарды анық жеткізген.

Орта білім беру саласының жаңартылған мазмұнға көшуі туралы өте ұғынықты жеткізіліп, бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар деп дәл түсінік қалыптастырады.

Сондай-ақ, тіл меңгерудің қазақстандықтардың болашағы екендігін, терминология туралы көзқарасын, латын әліпбиіне көшу мәселесін, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын дамыту туралы да жан-жақты айтылған.

Елбасы мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы екендігін: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деген сөзі арқылы білдірді.

Елбасы мұғалім мәртебесін арттыру мақсатын да алға тартады, басты назарда ұстайды. Биылғы Жолдауда осы мақсатта қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажеттігі айтылып, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырған.

Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырып, категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керектігін, бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болатындығын айта келіп, нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өсетіндігін жеткізген.

Халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламаларын жүзеге асырып, оқушыларға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытуды басты бағыт деп қарастырған Елбасы Жолдауы білім беру ісіне қолдаудың, мемлекеттік қамқорлықтың жарқын үлгісі болып отырғаны даусыз.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыздың бағыт-бағдарын бағамдап берген Президент Жолдауы – Қазақстан халқы үшін маңызды құжат.

Н. Есбосын,
№10 дарынды балаларға арналған облыстық
«Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі,
Қызылорда қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.