Home » Жаңалықтар » Елбасы Жолдауы — болашақтың бағдары

Елбасы Жолдауы — болашақтың бағдары

Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері әлемнің мықты елдерімен үзеңгі қағыстыруға талпынып келеді. Әрине, Елбасы Жолдауының мақсаты — елімізді жаһандық бәсекеге қабілетті ету. Яғни, Елбасымыздың нақтылап берген саяси бағыты мен жоспарын бірлік пен берекемізді жарастырып, жұмылып жүзеге асыру міндетіміз болып табылады.

Осы тұста биылғы Жолдаудың он бағытының ішінде әсіресе, жетіншісіне тоқталғымыз келіп отыр.

Өйткені «Адами капитал–жаңғыру негізі» деп Елбасымыз атап көрсеткендей, білім берудің жаңа сапасына көшуде бұл саладағы бағдарламаларды қайта қарап, жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту аса маңызды деп білеміз. Еліміздің әрбір азаматы өзінің сүйікті ісіне, қызметіне байланысты Жолдаудың бағытын іске асыруды көздеу керек деп ойлаймыз. Сонда жұмыс нәтижелі болатыны анық.

Болашағымыз өскелең ұрпақты білімді етіп, іргетасын қалау мәселесі мектеп ұстаздарының алдына жүктелген міндет болып саналады. Білімді ұрпақ- біздің жарқын болашағымыз. Сондықтан Н.Назарбаевтың негізгі күшті адами каптитал сапасын жақсартуға салып отырғанының астарында үлкен  мән бар.

Қазіргі таңда орта білім беру саласында жаңартылған бағдарламаға көшу басталды. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Елбасы қазақ тілінің ғұмырлы болуына, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтау қажеттігін де атап айтты. Қазақ тіліндегі аудармалар тәсілін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жаңғыртуды латын әліпбиіне көшу арқылы реттеуге болатынын да назардан тыс қалмады

Осы мақсатта бүгін 26.01.2018ж. біздің №46 мектеп-лицейінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын талқылау болып өтті.

Мектебіміздің мұғалімдері қатысқан басқосуда тарих пәнінің мұғалімдері: Р.М. Бимуратова., Э.У. Муратбаева төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы ел дамуының мүмкіндіктері жайлы өз баяндамаларын қос тілде өрбітіп, Елбасы Жолдауының он міндетін нақтылап жеткізе білді.

Өз кезегінде пікірін білдірген Г.Несіпбек., Ж.Қалаубаева секілді ұстаздар Елбасы Жолдауында айтылған міндеттердің, әсіресе, мұғалім еңбегін қоғамның қадірлеуі және қоғамдық түйсіктегі педагог мамандығының мәртебесін көтеруді толық қолдап-қуаттайтындарын жеткізді.

Жолдауды талқылау жиынын қорытындылай келе, мектеп директоры Буркулова Жанна Абдуллақызы мемлекет басшысының өз Жолдауында айқындап берген атқарылуға тиісті он міндетке егжей-тегжейлі тоқталып өтіп, әсіресе, адами капитал мәселесі, білім саласын жаңа сапаға көтеруге байланысты ұсыныс-тапсырмаларды түсіндіріп өтті. Осы бағытта «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстан-2050», стратегиясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сынды ұзақ мерзімді бағдарламаларының нәтижелі болуына бірінші болып атсалысуға ұстаздар қауымының үлесінде екенін айта келе, оқушылар мен ата-аналарға насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырып, барлық сыныптарға тәрбие сағаттарында, күнделікті сабақ барысында тілге тиек етіп, жастардың санасына сіңіруді тапсырды.

Міне, Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне, тәуелсіздігіміздің үшінші мүшеліне қадам басты. Сондықтан тәуелсіздігіміздің тұғыры мен беріктігі бекем болу үшін, әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті елге айналу үшін Жолдауды сараптап қана қоймай, жасөспірімдерге тәрбие мен білім беру қызметінде әр ұрпақтың санасына құю арқылы атсалысуымыз қажет. Сонда ғана Қазақ елінің келешегі кемелді, болашағы жарқын болмақ!

 

                                                               Г.Н. Несіпбек., Ж.С. Қалаубаева,
№46 мектеп-лицейінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.