Home » Таным » Екі алыпты бесігінде әлдилеген Ақкелін

Екі алыпты бесігінде әлдилеген Ақкелін

Ақкелін — екі алып тұлғаны бесігінде тербеткен киелі мекен. Оның бірі — Баянауыл округінің аға сұлтаны, Ресей Үкіметінің полковнигі, қазақ халқының белгілі ағартушысы – Мұса Шорманов болса, екіншісі — қазақ ғылымының негізін салушы, академик — Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Тәттімбет күй арнаған «Бестөре» деп,
Ішінде сол төренің Мұса жүрмек.
Ақыл, ойы басқалардан алда болып,
Ақ қағазды шимайлап қылған ермек, — деген өлең жолдарында ақын жырына арқау болған Мұса Шорманұлы ой-өрісі кең,елі үшін аянбай еңбек еткен  халқымыздың біртуар ұлы еді.
Қазақ халқының сан қатпарлы тарихында қандай адамдар «Замана кемеңгері» деген ардақты атқа лайық болған?
Көпшіліктің пайымдауынша, халық мұндай сый-құрметті өзінің ерекше туған асыл ұлдарына арнайтын сияқты. Артында қалған қалың қазақ жұртының осындай ерекше ықласына ие болған біздің айтулы жерлесіміз — Мұса Шорманұлы болған.
Мұса мырза — қазақ көгінде сұңқардай самғаған,өз замандастарынан асып туған дара тұлға. Туған халқының тарихын,бай халық ауыз әдебиетін жинақтап, көптеген құнды еңбектер жазған.Орыс шенділерімен тең дәрежеде сөйлесе алатын білімді, араб, орыс, француз  тілдерін жетік меңгерген ұлт зиялысы бола білген тарихи тұлға.
Мұса Шорманов — Орта жүздің шамшырағы. Жалғыз Орта жүз емес үмітін болашаққа жалғаған алаш елінің қамын ойлаған азамат болған. Ел болашағы оқыған жастардың қолында болатынын ерте түсінген Мұса мырза Павлодар мен Омбыда қазақ балалары оқитын орыс мектептерінің ашылуына күш салған. Сонымен қатар жергілікті болыстар мен ауқатты адамдарды  жыл сайын оқуға талабы бар бір-екі қазақ баласын өз қаражаттарына оқуға жіберуге міндеттеп отырған. Туған елінің көсегесі білімді жастармен көгеретініне кәміл сенген. Баянауыл жұртшылығының сауатын ашу мақсатында мешіт, медресе салғызған.
Өз дәуірінде дала жұртына білім мен өнердің сәулесін жарқырата түсірген азаматты қалайша «Дара тұлға» демессің!
Мұса атына «мырза» атының қосақталуының өзі мінезінің ашықтығы, қайырымдылығы  мен көңілінің дала іспетті кеңдігіне халқының шексіз ризашылығының белгісі емес пе?!
Айналасына адамдық пен азаматтықтың сәулесін шашқан,елі мен жерін шексіз сүйе білген, ұрпақтарын  білім мен ғылым жолына жетелей алған қайсар мінезді қазақ ұлының теңдессіз бейнесі біздер, жас ұрпақ, үшін өнегелі жол деп білемін.
Мұса мырзадан қалған: «Малым- жанымның садағасы,жаным-арымның садағасы», — деген ғибратты сөздің өзі  келер ұрпақты адамгершілік пен ар-ұят  туын биік ұстауға жетелемей ме!
Мұса Шорманұлы жайында хакім Абайдың: «Мұса мырза Арғын балаларының ішінде қолынан да, тілінен де келетін адам. Жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын дәл түсінген жан», — деп берген бағасының өзі біртуар жерлесіміздің халқына сіңірген еңбегіне берілген лайықты баға деп білемін.         Ұрпағына өркениеттің ізгі жолын бастап берген баба аруағына тағзым етемін!
Қазақтың біртуар  перзенті — Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Мұса Шормановтың ауылдасы, жерлесі. Ұлтымыздың мәртебесін шырқау биікке көтеріп, мал баққан кешегі көшпелі елдің биік рухын дүние жүзіне мойындатқан жанның күллі қазақ баласының ортақ перзенті екендігі даусыз шындық. Ол өзінің туған елін, жер-суын қаншалықты зор махаббатпен  шынайы сүйсе, ел игілігі жолында қырық жылдан астам уақыт аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек еткен айтулы ұлын халқы да  соншалықты қастерлеп, құрмет тұтып, жадында сақтауда. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол»,-  деп ұлы Абай айтқан өсиет те осындай ұлағаттан туған.
Қаныштың туып-өскен, бала күнінде ойнақ салып, қызықтаған жері Арқаның бір сұлу өлкесі — Баянауыл тауының сыртқы бөктері, Ақкелін.Бұл тауларды орай ағып өтетін өзенді Ащының суы дейді.Оған құятын  екі саланың бірі-Айырық, екіншісі-Сарықамыс.Сәтбаев  Айырық өзенінің жағасында, Сәтбай әулетіне ХІХ ғасырдың орта шенінде қыстау болған жерде дүниеге келген.Қаныштың  қазақ ауыз әдебиетін зерттеп («Ер Едіге» жырын 1927 жылы Мәскеуде бастырып шығарған), ән айтып, скрипка, домбыра тартып, музыкамен әуестенуіне Баянның көгілдір тауы мен мөлдіреген көлдері, көк жасыл кеңістігі мен текше-текше гранитті  сымбат кейіпінің әсері болған.(Ш.Сәтбаева, тарихшы, әдебиетші «Зерде» №2,1999,16-17-б) Сондай-ақ, Сәтбаевтың  кенші-ғалым болуы да тегін емес,туған ауылының құнарлы топырағынан тамыр тартқанға ұқсайды. Өйткені Қаныш «төрт-бес жасында-ақ асық, топай ойнап жүріп Ақкелін шоқысындағы Айырық өзенінің жағасындағы әдемі,жылтыр тастарды көп жинаған»(Ә.Марғұлан. Халықұлы. «Қазақстан әйелдері». №4,1969,20-б).
Ақкелін ауылының тарихына байланысты әңгімелерде Баянауыл округінің  қазысы Шорманның Мұсасы 1850 жылы Сібір қазақтары атынан шекара бастығының атына «Ақкелін деген жерде поселке салып,егін егіп,отырықшылыққа айналуға» рұқсат  сұрап хат жазғаны айтылады. Рұқсат беріледі. Бұл қолхатқа Шорман әулетінен  Иса мен Әбуғалидан бастап Күлік-Қаржастан 17 адам қол қойып, таңбаларын басыпты. Ақкелін болысы – Сәтбай әулетінің өсіп-өнген жерінде патша үкіметі кезінде болған әкімшілік басқару органының атауы. 1833 жылы Баянаула округі ашылғанда оған қараған халық 15 болысқа бөлінді. Бұл болыстар ру атымен аталды.Мысалы, Сәтбай мен Шорман ұрпақтары  Күлік-Қаржас болысына енген. Ал болыс шекаралары белгіленбеді. 1868 жылғы  «Жаңа мизам» (заң) бойынша  округтер жойылып, Қазақ елінің  Орта жүзі облыстарға (Ақмола,Семей), облыстар уездерге (Семей облысында-Павлодар, Өскемен, Семей, Көкпекті, Қарқаралы, Зайсан), уездер  болыстарға (Павлодар уезіне 14 болыс қараған), болыстар нөмірлермен белгіленген ауылдарға  бөлінген. Болыстар бұрынғы ру атауларымен емес, жер атауларымен аталады. Павлодар уезіне қарасты болыстардың біріне «Ақкелін» аты беріледі. Бұл жолы болыстардың шекарасы белгіленеді. Ақкелін болысының  шығысында Ащы өзенінің  бас жағы, батысында Шідерті өзенінің бас жағы, оңтүстігінде бүгінгі Қарқаралы-Баянауыл аудандарының  шекарасы, солтүстігінде-Баянауыл кентімен батысқа қарай  тартылған параллель сызық арасы қамтылады. 1913 жылғы санақ бойынша осы жерде 1460 адам мекендеген. Болыс 12 ауылға бөлінген. Оның бір ауылында Шорман мен Сәтбай әулеттері өсіп-өнген.
Сонымен, Павлодар уезінің Ертістен батысқа қарай көсілген сары даласында Баянауылдан кейін бой көтерген екінші елді мекендегі  1903 жылы ашылған  алғашқы орыс-қазақ мектебінде Сәтбаев ұрпақтары, оның ішінде Қаныш та оқыған.Қаныш бұл мектепте 1905-11 жылдар аралығында оқыған. Оқу орыс тілінде жүреді. Қанышқа бірінші рет орыс тілін үйреткен В.Терентьев болды. Бала Қаныш  сабақты өте жақсы оқыған.
Сонымен, бұл жердің неліктен «Ақкелін» аталуы бізге ой тастады.Ақкелін шоқысы-Қ.И. Сатпаев туып-өскен Баянаула сілемінің батыс жағындағы жатаған адырлы қыраттардың бірі. Осы қыраттар қатарында Ащы қорығына  ұмсына біткен шоқы бар. Халық оны «Ащы шоқысы» деп атапты. Шоқының бұлай аталуының да Шорман есімімен байланысы бар.
Жас әрі  беделді биді осы жерге бір аққұба қыздың өзі  іздеп келіп, ақ үйлерін  тіккен дейді. «Ақкелін» атауы  өз сезіміне  берік, намысшыл сұлу қыздың пәктігіне, ерлігіне берілген халықтың лайықты бағасы болар. Ақкелін елді мекенінде бүгінгі күні «Теңдік» ауылы бой көтерген. Ондағы жалпы білім беретін мектеп те академик Қаныш есіміне ие.
Ғылым әлемінде терең із қалдырған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жарқын өмірі мен жалынды қайраткер тұлғасы оның жерлестерінің жүрегінде ұзақ сақталады.

 

Әдебиеттер:

1. Б.Жақып Қаныш Сәтбаев Энциклопедия Алматы 2011 ж.
2. О.Қожанов Академик Қ.И.Сәтбаев жерлестері жадында,Алматы-Павлодар 1999 ж.
3. Ә.Марғұлан. Халықұлы. «Қазақстан әйелдері». №4,1969,20-б.
4. Ш.Сәтбаева, тарихшы, әдебиетші «Зерде» №2,1999,16-17-б.
5. М.Сәрсеке , Дара дарын «Фолиант» баспасы,Астана, 2008 ж.
6. Қазақ  халқының тарихи тұлғалары, 2-кітап, «Өнер» баспасы, Алматы, 2016 ж.
7. Ж.Артықбаев Баянауыл Фолиант» баспасы, Астана, 2009 ж

 

Ералина С.Н.,
орыс тілі пәнінің мұғалімі,
Лекер жалпы негізгі білім беру мектебі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.