Home » Жаңалықтар » Егемендік — ел бақыты, ертеңі

Егемендік — ел бақыты, ертеңі

Армандарды жақындатып тым алыс,

Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.

Егемендік – ел бақыты, ертеңі,

О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

«Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік». Дәл осындай атаумен бүгін «Batyr Mall» сауда ойын-сауық орталығында Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен Ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті.

Шараның ашылу салтанатында жиналғандар қолдарын жүрек тұсына қойып, мемлекеттік әнұранымызды шырқады. Мектебіміздің жас өнерпаздарынан құралған «Асыл мұра» ұлттық аспаптар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» тағы да басқа күйлері жиналғандарды тебірентпей қоймады. Ал 9 D сынып оқушысы Данияр Кузековтың жасаған «Ортеке» қуыршақ бұйымы ансамбльдің өнерін одан әрі көріктендіре түсті. Білім ордасында биыл ғана ашылып, бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп жатқан «Старт» вокалды-аспаптар ансамблі орындаған «Үш қоңыр», «Көзімнің қарасы», «Туған жер» атты танымал әндер көрермендердің арасында зор қошеметке ие болды. Мың бұралған биші қыздарымыздың «Қамажай», «Адай», «Ұйғыр» билері мерекелік концерттің ажарын аша түсті.

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертімізді тамашалаған қалалықтар жас өнерпаздарға қошеметтерін аямай, алғыстарын білдірді.

—       Осындай тамаша концерт ұйымдастырып, мерекелік көңіл күй сыйлаған жастарымызға мың алғыс. Қазақ елінің күйлерін, әндерін тыңдап, билерін тамашалап, сергіп қалдық. Өнерпаздардың әрқайсысы еліміздің дамып, гүлденуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін. Көк туымыз желбірей берсін, — деді қала тұрғыны Айжан Карибаева.

26 жыл бұрын тұтастай бір мемлекет ретінде қалыптасқан Республикамыздың алар асулары мен бағындырар белестері алда екеніне сенімдімін. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан, абыройлы еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай.

  

Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.