«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Әр адамда өз анасынан басқа
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқадан,
Болу керек құдіретті төрт ана
Туған жері, түп қазығы, айбыны,
Туған тілі, сатылмайтын байлығы
Туған дәстүр, салт-санасы тірегі
Қадамына шуақ шашар үнемі
Және туған тарихы
Төрт анасын қорғамаған халықтың
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.»
Бүгінгі тілге тиек етерім, мұғалім ретіндегі мақсатымыз, саналы ұрпақ өсіру, тағылымы мол тұлға тәрбиелеу болғандықтан, «Елдіктің басы- тәрбие» деген мәселеге баса назар аудармақпын.
Қазақ халқы- рухани мол қазынаның иегері. Ол өзінің өресі биік, сан салалы тағылымы мол , тәрбиесі мен мәйегі көп мәдениеттің иегері.
Ата-бабаларымыз күмбірлеген күйімен, асқақтатат салған әнімен, ғашықтық, батырлар жырымен, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерімен, ұлағатты еңбектерімен ғасырлар бойы өз ұрпағын тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Дәлелі- мына біз.
«Ұлы сөзден ұлағат» демекші, бүкіләлемдік өркениет тарихынан рекше орын алатын, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл- Фараби бабамыз:
«Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, себебі тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Расында да мағынасыз, жүйесіз берілген тәрбиенің соңы өкінішке ұрындыратыны сөзсіз. Өз ұрпағының болмыс-бітіміне алаңдаушылық танытқан ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне қатаң қараған.
«Жас баланы бес жасқа дейін аялап,өбіп ұста, бес жастан он жасқа дейін құл қылып жұмса, он беске келгенде ақылдас» дегенді айтқан бабаларымыз «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегенннен без.» деуді де ұмытпаған. Ұждансыз ұл, қылықсыз қыз тәрбиесіне келген де темір тәртіп, қатаң қағида ұстанған.
Ұрпағының ұлылығын ұлықтаған ұлыларымыз баланың балалығына да, даналығына да дақ түсірмеген. Жігерін жасытып, ерлігін өшірмеген. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар.
Адам баласын тәрбиелеу үрдісінің мәні –тәні мен жанын дамыту болса, соның ішінде танымдық қызығушылығын уақыт өткен сайын, бала өскен сайын дамытып отыратын әдіс- тәсілдер қолдануға, соларды іздеп, табуға әкеліп саяды.
Мемлекетіміздің қазіргі мектептерге қойып отырған талабы- ізгі қасиеттерді бойына терең қалыптастырған ұрпақты тәрбиелеу. Ұлы ғұламалардың қайсысының еңбегін алсақ та білім алу ізгілікке алып баратын сенімді жол деп көрсетіледі.
Әл-Фарабидың тәрбиелік принциптері әділдіктен туындайды, ол тәрбие дегенді ізгілікті адам қалыптастыру үрдісі деп таниды. Адамның адам ретіндегі толық дамуына тек ізгілікті тәрбие ғана мүмкіндік береді.
Баланы тәрбиелеу дегеніміз- әділдік пен ізгілікті рухани дүниенің ұстанар бағдары етіп қалыптастыру.
Абай ақылды тәрбиелеудің өзін біржақты түсіндірмей, ақыл адамгершілік қасиеттің жетегіне еру керектігін айтады. «Суық ақыл», «Нұрлы ақыл» деп бөле көрсеткендегісі «нұрлы ақыл» білім мен ізгілікті тәрбиенің нәтижесінде қалыптасатын ақыл болып табылады.
«Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек» -дейді Абай.
Мүнда білім беру, адамгершілікке тәрбиелеу мен тән тәрбиесі- біртұтастықта келуі тиіс, олай болмаған күнде ақылдың өзі суық тартып кетеді деп атап көрсетіліп тұр.
Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа құпия ғып, жаяр ыстық сезім, терең ақыл-ой, арман- мұрат, мұң мен қуаныш –бәрі сыйған сиқыр сөздің құпиясын қазақтай-ақ кім білсін!
Ертеректе Балаби қартайған шағында халқын жиып:
Жерден ауыр не?
Судан терең не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не?-деп сұрапты.
Ешкім шеше алмай, өзі шешіпті:
Жерден ауыр дегенім-ақыл- білім
Судан терең дегенім-оқу-ғылым
Оттан ыстық дегенім-фәни жалған, адамның өмірі
Көктен биік дегенім-тәкаппардың көңілі.-деген екен.
Міне, осындай , нақыл, ұлағатты сөздер мектеп қабырғасынан бастап ұрпақ санасына құятын баға жетпес дүние.
«Жасында берген тәрбие, жас қайыңды игендей» деп бекер айтылмаған болар. Ендеше, әріптестеріме сана- сезімі мол, өресі биік саналы тұлғаны алдымыздағы жас жеткіншектерден бастап, бірге тәрбиелейік дегім келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жеке тұлғаны дамытудағы «Өзін-өзі тану» әдістемелік құралы. 2007ж
- Өз тәжірибемнен.
- Қазақстан Республикасында үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие беру тұжырымдамасы.
- «Ұлттық рух тәрбиесі негізінде мемлекеттік тілді дамыту жолдары» облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары
- Газет беттерінен
Аманбекова К.А.
Сәтбаев қаласы,
«№15 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
қазақ тілі және әдебиеті
пәнінің мұғалімі