Мақсаты: салауатты өмір салтын сақтау, дені сау, рухы таза ұрпақ тәрбиелеу. Балалардың денесін шыңдап, күш қуатын нығайту. Жарыс кезінде ойынға қызыға қатысуына жағдай жасау, бір-біріне деген достық қарым-қатынастарын дамыту.
Қажетті құралдар: шарлар, түрлі-түсті жалаушалар, доптар, пирамидалар.
Нұсқаушы:
— Құрметті әріптестер, балабақша тәрбиеленушілері және спорт сүйер бүлдіршіндер. Бүгінгі «Дәрумендер денсаулық кепілі» атты спорттық ойынға қош келдіңіздер. Егеменді еліміздің ертеңі – денсаулығы мықты азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеу біздің міндетіміз. Міне, бүгінгі балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен өткелі отырған «Дәрумендер – денсаулық кепілі» атты мерекелік сауықтыру іс-шарасын бастауға рұқсат етіңіздер.
Марш ойналып, балалар залға бірінің артынан бірі жүріп келеді. Жан — жақты жаттықтыратын жаттығулар: Бір қатармен жүру, жүгіру, екі қолды белге қойып аяқтың ұшымен жүру. Шеңберге тұрып, дем алу жаттығуын орындау: Ку — ка — ри — ку, ку — ка — ри — ку, ку — ка — ри — ку, ку — ка — ри — ку.
Нұсқаушы:
— Балалар, денсаулық басты байлық. Балалар, деніміз сау болу үшін, үнемі жеке бас тазалығын сақтап, денемізді шынықтырып, дұрыс тамақтанып, күн тәртібін сақтау керек. Сонымен қатар балалар біз дәрумендерді де өмірде пайдаланып жеп отыруымыз керек. Өйткені ол біздің организмімізге өте қажет.
— Өте тамаша балалар!
Ал енді алдымен әділқазы мүшелерімен таныстырып өтейін:
- Гүлзат Берденқызы
- Тасқараева Ляззат
- Жанна Төлегеновна
— Ал, қане, балалар « Достық» және «Қызғалдақ» тобы болып екі топқа бөліндік.
Жарыстың бөлімдерін сіздерге айтып өтейін. 1. Сәлемдесу. 2. «Жемістер мен көкеністер» ойыны 3. «Кім бірінші?» ойыны 4. «Пингвиндер» ойыны
- «Пайдалының дәмін тат» ойыны
1-кезең. Екі команданың сәлемдесуі. 1. «Достық» тобына жалынды сәлем! 2.«Қызғалдақ» тобына жалынды сәлем! 2-кезең.
Жүгір, жүгір желмен жарысып, Жүгір желмен жарысып. Нұрға аман, Болып қыран. Өс ұлан, — деп «Жемістер мен көкеністер» сайысына кезек берелік.
Ойын шарты: Шеңбер ішінде жемістер жатады. Балалар жанында себет тұрады. Балалар кезекпен жүгіріп барып шеңберден бір жемісті алып, артқа жүгіріп себетке салады. Ойын солай жалғасады.
— Жарайсыңдар, балалар, сендер неткен жылдам едіңдер.
Осы жерде жемістер мен көкөністердің пайдасы жайында, олардан қандай дәрумендер алынатынын айтып өту.
3 — кезең.
Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен тек,
Елдің ашық қабағы, — деп «Кім бірінші?» ойынын бастаймыз.
Ойын шарты: жалаушаны алып, жерде жатқан құрсаулардан секіріп межені жүгіріп айналып
келу. Эстафетаны келесі балаға тапсыру.
Осы жерде Тәуелсіздігіміз жайлы айтып кету.
4 — кезең.
Спорт – біздің досымыз, Күш қайрат сыйлаған. Спорт – біздің досымыз, Өсіп күнде шыңдалған, — дей отыра, «Пингвиндер» ойынын ойнайық. Ойын шарты: Кенгуру үстіне отырып, белгіленген межеге дейін секіріп барып, қайту. Эстафетаны келесі балаға тапсыру.
5 – кезең. «Пайдалының дәмін тат»
Ойын шарты: Екі стол қойылады. Тарелканың ішіне туралған банан салынады. Қатысушылар бір-бірден келіп сол банандарды жейді. Қай топ бірінші бітіреді, сол топ жеңіске жетеді.
Нұсқаушы: Құрметті апайлар, бүгінгі спорттық ойынымыз өз мәресіне келіп жетті. Жеңімпаздарды анықтау үшін сөз кезегін әділқазыларға береміз. Бүгінгі қатысқан бүлдіршіндерімізге алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта үлкен биіктерден көріне беріңіздер. Бүгінгі жеңістерің құтты болсын! Келіп, тамашалап көргендеріңізге рахмет. Деніміз сау болсын!
Каппасова Назгуль Богембайқызы
№71 «Мөлдір» балабақшасының
дене шынықтыру нұсқаушысы,
Астана қаласы