Home » Жас қалам » Думан болып жатыр

Думан болып жатыр

Күндіз көкте күнің күліп тұрады,

Ал түніңде айың шамын жағады,

Әрбір жерден жылт-жылт етіп жұлдыздар,

Кезек-кезек жақұт шамын жағады.

 

Аспаныңда құстар ұшып самғайды,

Самғаса да қанаттары талмайды.

Жер бетінде «Думан болып жатыр» — деп,

Қанаттылар сүйіншілеп сайрайды.

 

Елімізде тойдың таңы атыпты,

Ақ жаулықты ана шашу шашыпты.

Тойға тіккен бас бәйгеге үміткер,

Сәйгүлігін жарысқа әкеп қосыпты.

 

Әсем әндер әсерлене айтылды,

Күмбірлеген күйлер болса тартылды.

Айтыскерлер бір-бірімен айтысып,

Биші жандар би биледі сан қырлы.

 

Жасыл бағым, мынау – болса орманым,

Ал орманым болады ылғи қорғаным.

Қыстың суық аязы мен боранын,

Орманыммен мен ешқашан тоңбадым.

 

Сарқыраған өзен менен көлдерім,

Шөліркеп кеп қанды талай шөлдерім.

Ойын қуып жастық шақты өткізген,

Осы менің балдай тәтті жерлерім.

 

Көк ту көкте мәңгі бақи тербелсін,

Қуаныш күй бойымызды кернесін.

Елімізде дүбірлі той тарқамай,

Әр күніміз игі іспен өзгерсін!

 

 

Диплом

Мысал

 

Сатылады, сатылады бәрі де,

Керек десең жанға дауа дәрі де.

Іздегеннің бәрі де бар осында,

Келіңіздер, жетеді ғой бәріңе!

 

Бұл жарнама барлық жерге ілінді,

Көрген жандар жарнамаға үңілді.

Естігендер бірін-бірі жетектеп,

Мекенжайға қарай жылдам жүгірді.

 

Есік қағып, тағы біреу кіреді,

Бұл адам да іздеу іздеп жүр еді.

Көк қағазды көптеу салып қалтаға,

«Іздегенім, табылсын» деп тіледі.

 

«Не аласыз?» — деп, дүкенші сұрады,

Ал мырзамыз маңғаздана қарады.

Дипломды іздегеннің бірі едім,

Табыла ма? Айтшы қалай болады?

 

Ал ендеше мамандықты таңдаңыз,

Бірақ, ертең бармақ тістеп қалмаңыз.

Кәсібіңіз болып әркез жемісті,

Биіктерге қанат қағып самғаңыз!

 

Менің ұстаз болу басты арманым,

Дипломды алсам, шешем қалғанын!.

Ұстаз болу ұлағатты іс істеу,

Көп ойланып, осы істі таңдадым!

 

Міне, осылай дипломды алады,

Қойындағы қалтасына салады.

Оқушыға білім беріп білікті,

Ұстаз болам деп мектепке барады.

 

Қоңыраудың даусы таныс естілді,

Еске түсті қызық сәттер не түрлі.

Бір ұялып, бір бозарып, қызарып,

Алуан күйді бастап лезде кешірді.

 

Бұл қызметте ұзақ істей алмады,

Оқушының бөлек екен талғамы.

Үйрететін есептері жауапсыз,

Жауап іздеп біраз жерді шарлады,

 

Бұл ісіне нүкте қойып тынады,

Өз еркімен жұмысынан шығады.

Қандайы бар дипломның айтыңыз? — деп,

Дүкеншіден ұялмай кеп сұрады.

 

Ақылға сап мамандықты таңдаңыз,

Тағы да сіз өкініште қалмаңыз.

Мамандыққа сәйкес оның түрі көп,

Икеміңіз келмес іске бармаңыз.

 

Бала кезгі бар еді бір арманым,

Бүгін соның еске түсе қалғанын.

Жол сақшысы деген қызмет таңдалып,

Форма киіп жол шетіне барғаны.

 

Тоқтатады келе жатқан біреуді,

Ашулы адам, қара торы реңді,

Жол тәртібін білмейсің деп ұрысып,

Көңілсіз жан бұған біраз түнерді.

 

Бұл мырзамыз жол тәртібін білмеді,

Арманында істеп аз күн үлгерді.

Ережеге заң баптары қосылып,

Жаттаса да санасына кірмеді.

 

Мамандықтың тағы бірі таңдалды,

Мырза жігіт дәрігерге айналды.

Ақ халатты киген біздің кейіпкер,

Бас дәрігер қызметіне сайланды.

 

Науқастардың мұңды екен жүздері,

Келер күннен үміттерін үзбеді.

«Дәрігер-ау, бізге дәру шипа бер!»,

Деген жалғыз жалынышты сөздері.

 

Науқастарды көріп қатты мұңайды,

Қызметкерлер басшыларын сынады.

Емдеу, талдау қолдан әзір келмейді,

Бірақ, дәрі беру оған ұнайды.

 

Дәрілерін күнде өзі береді,

Осы ісін кейде қызық көреді.

Ем ауысып, науқас қатты ауырып,

Қызық істің қиындығын көреді.

 

Басы үлкен дауға сонда ілікті,

Мамандығын білмейтіні білінді.

Мансап қуған, білімі жоқ мансапқор,

Бірнеше рет оңбай қатты сүрінді.

 

Білмес іске білек сыбап бармаңыз,

Білмес істі жауаптанып алмаңыз.

Оңай келген мансаппенен бір күні,

Қиындықтың қоршауында қалмаңыз!

 

Өз ісіңе өзің ертең өкінбе,

Әрбір сәтті ойлау керек кезінде!

Ойланбаған ісің үшін опық жеп,

Өкініштің ащы дәмін сезінбе!

 

Білімменен биіктерге жетейік,

Алға басып, елге қызмет етейік.

Білімдінің білік, жігер, күшімен,

Тәуелсіз ел жайнай берсін көркейіп!

 

Жұлдызбай Жанерке

Астана қаласының тұрғыны

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.