Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050 Мәңгілік ел бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім мен кәсіби іскерлік дағдылар – қазіргі заманғы білім беру мен кадрларды даярлаудың басты бағыты екендігін айрықша атап өтті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаның жүзеге асырылуы алдымен өнеркәсіп орындарына байланысты десек, кәсіпорындардың дамуы техникалық және кәсіптік білімі бар білікті мамандарға тәуелді екені белгілі.
Қазақстанның инновациялық болашағы еңбек ресурстары сапасына сай тікелей байланысты болғандықтан түбегейлі жаңа әдіс және технология қажеттілігі туралы мәселеге Елбасы аса назар аударды. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту үдерісі басталды. Мамандарды даярлау жүйесінде оқытудың дуалдық жүйесін енгізу тапсырылды.
Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Ол алғаш Германияда пайда болып негізі қаланды. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуалды оқыту жүйесі қазіргі дүниежүзілік тәжірибеде бар дүние. Оның жарқын мысалдарының бірі – Германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі даярлаудың дуалдық жүйесі. Мұнда студенттер уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды.
Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі – техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Сондықтан оқыту үдерісі жедел қарқындап, алға жылжыған сайын, жан-жақты білімді, білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау міндеті бізге жүктеліп отыр. Қоғамның дамуына қарай оқу үдерісі де өзгеріп отыратыны белгілі. Осыған орай жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктер де туындайды. Ал ондай мүмкіншіліктер тек қана білім арқылы келеді.
Елбасымыздың «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше мән беріп, оның бірі дуалды кәсіби білім беруді дамыту-деп атап өтті. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлаудағы тиімділігі мен нәтижелілігінің мәні мынада деп ойлаймын:
- мамандықты тереңірек ойланып таңдауға;
- еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарылуына;
- жұмысқа орналастыру, жұмыссыздықтың қысқаруына;
- кәсіпорындармен өзара әрекеттесу аясын кеңейтуге;
- білім беру мекемелерінің бәсекеге қабілеттілігі жоғарылайды.
Бүгінгі күннің болмысы кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандарды, өз ісін жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді. Осыған байланысты қойылган басты міндет – мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен оқу орындарының облыстық кәсіпорындар мен өнеркәсіптерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесінде жұмылдыру.
Ондағы мақсат – студенттердің тәжірибелік дағдысын жетілдіру арқылы білікті мамандарды даярлау. Ол үшін ең бастысы, қолданбалы мамандардың заманауи орталықтарын құру қажет.
Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік серіктестік. Дуалды оқыту жүйесінің элементтерін енгізу, кәсіби білікті кадрларды дайындауда әлеуметтік серіктестікті дамыту, одан әрі жандандыру бүгінгі күннің талабы. Дуалды оқыту жүйесі оқытудың барлық кезеңінде компанияда өндірістік оқыту мен оқу орнында теориялық оқытуды біріктіреді. Колледждің әлеуметгік серіктестіктері студенттерді тәжірибеден өткізіп және түлектерді жұмысқа алып, колледж іс-шараларына қатысып, халықаралық модульдік бағдарламамен оқытудың тәжірибелік жобаларын дайындауға қатысады. Әрине, өндірісте практиканы меңгеру үшін, теориялық біліммен жақсы қарулану керек. Ол үшін сабақ барысында оқытушылар жақсы нәтиже шығару үшін, тиімді әдіс-тәсілдерді орынды қолдана білулері керек.
Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінде дуалды оқыту үдерісі элементтерін енгізуге байланысты симмуляциялық орталық ашылды. Мұнда студенттер мен оқытушылардың практикалық сабақтарының 60 пайызы өтеді. Яғни, теория мен практиканы ұштастыра білген түлектер диплом алысымен өзінің жеке ісін ашуға мүмкіндік алады (мысалы, фармацевтар жеке дәріханаларын аша алады). Мұндай нәтижелі істерге қол жеткізу үшін оқытушылардың біліктілігін арттыру да оң жолға қойылған.
Медицина колледжінде дуалды оқыту жүйесі бойынша үстіміздегі жылда әлеуметтік серіктестіктер базасында арнайы пән оқытушылары өндірістік оқыту-үйрету шеберлерінің біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Дуалды оқыту үшін қолданбалы мамандардың заманауи орталықтарын құру қажеттілігі туындап отыр. Біздің колледж 12 аурухана, 10 емхана, 199 дәріханамен әлеуметтік серіктестік қатынас пен іскерлік байланыс орнатты.
Бұл мекемелермен жасалған келісімшарттар оқу, өндірістік оқу, кәсіби тәжірибелерден өтуге, жаңаша технологияларды меңгеруге, арнайы пән оқытушыларының өндірістен қол үзбей оқыту үдерісімен айналысуына мүмкіндіктер береді.
Ондағы мақсат – біздің студенттермен жұмыс істейтін дәрігерлер осы симмуляциялық орталықта өздерінің білімін жетілдіру курстарынан өтеді. Бұл біздің колледж үшін де тиімді, себебі біздің орталықта біліктілігін арттырған дәрігерлер, өндірістік оқу дағдыларын еркін орындай алуына, қатаң талаптар қоюға әсерін тигізеді. Біздің колледжде 4 симмуляциялық кабинет бар.
1-кабинет — алғашқы көмек
2-кабинет — емдеу ісі
3-кабинет — процедуралық
4-кабинет — жарақатты таңу
Осы кабинеттерде әрбір клиникалық пәндер бойынша фантомдармен жұмыс жасалады. Бұл студенттердің ауруханаға практикалық сабаққа барғанда жақсы дайындығын көрсетіп, болашақ мамандардың кәсіби дағдысын бекітудің бірден-бір жолы екендігін дәлелдейді. Бөлім меңгерушісі ретінде оқытушылардың жұмыс жоспарын дайындауына, оны іс-жүзінде жүзеге асыруға көмек көрсетіледі. Сондықтан біздің колледж сұранысқа ие, білікті мамандарды даярлауда және жұмыссыздықтың алдын алуда септігін тигізуде.
Дуалдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктіліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – байланысын, әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіби білім беру жүйесінің сапасы артатыны сөзсіз.
Сондықтан қазіргі қоғам – сапалы білімге, маманның кәсібилігіне көп көңіл бөліп отыр. Емдеу мекемелеріне бүгінгі заман талабына сай, өз ісіне жауап бере алатын бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Бұған кәсіби білім берудің дуалды жүйесі көмектеседі.
Әлемдік тәжірибеге қарағанда, білім берудің дуалды жүйесі мамандардың кәсіби дайындығын жоғарылатуға ықпал етеді. Еңбек өнімділігі артады, халықтың көшіп-қонуы азаяды, әлеуметтік шиеленіске жол берілмейді.
Осы үлгіні іске асыру барысында өзін жан-жақты білімді тұлға ретінде қалыптастыруға ұмтылған мамандар қатары көбейеді. Нәтижесінде аймақ экономикасына еңбек нарығында жоғары сүранысқа ие, бәсекеге қабілетті кадрлар легі қосылады.
Жагпарова Айтжамал Хамбетқызы
Сапаны бақылау бөлімінің меңгерушісі,
фармация пәнінің оқытушысы,
«СҚО әкімдігінің ДСБ» КММ, «Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі» ШЖҚ КМК
Жагпарова Айтжамал Хамбетқызы
Сапаны бақылау бөлімінің меңгерушісі,
фармация пәнінің оқытушысы,
«СҚО әкімдігінің ДСБ» КММ, «Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі» ШЖҚ КМК