Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен, еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе — дуалды оқыту әдісі енгізілді. Дуалды оқыту жүйенің негізі — теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Өндіріс орындарында білім алушылар дуалды жүйе бойынша оқыту кезінде — кәсіби біліктілігі мен іскерлік дағдыларын меңгеріп, жан-жақты дамытады. Дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы елімізде білім беру деңгейін жоғарылатып, білікті мамандар қатарын көбейтуіміз қажет. Дуалды кәсіби білім беру орындары кәсіпорындармен тығыз байланысып, білім алушыларға барлық жағдай жасап, жаңа инновациялық техникалармен жұмыс жасап үйретіп, білім алушыларға заман талабына сай жетіліп және сапалы білім беріп, білікті мамандар даярлауда.
Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз-теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы, яғни, білімгер –түлектер білім алумен қатар, кәсіпорындарда жұмыс істеуді бастайды. Оқуды бітіргенде бұл білімгерлер сол кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен және қондырғы-құрылғыларымен толық танысып, сол кәсіпорынға орналасуға мүмкіндік алады. Дуалды оқыту технологиясының нәтижесі – білім алушылардың заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман болып шығуы, мемлекет ішінде кәсіби мамандарды даярлауға сұраныстың қалыптасуы мен орындалуы, өндіріс орындарында жұмыс берушінің талаптарына сай және өндірістік өмірге бейімделген мамандардың қалыптасуы, сонымен қатар оқу орнының білім беру деңгейіне сұраныстың артуы болып табылады. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуалды оқыту жүйесі қазіргі дүние жүзілік тәжірибеде бар дүние.
Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық – кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау. Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі-техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуалды жүйесі деген атпен белгілі. Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды. Бүгінгі күннің болмысы, кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді. Осыған байланысты қойылған басты міндет — мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен оқу орындарын облыстық кәсіпорындар мен өнеркәсіптерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесінде жұмылдыру.
Дуалдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз. Кәсіптік білім берудің мемлекеттік стандарттарының жаңа буыны құзыреттілік қатынасқа негізделген, соған сәйкес қазіргі заманғы маман еңбек нарығында және кәсіби салада әлеуметтік қорғалуды, икемділікті, бейімделгіштікті,табыстылықты қамтамасыз ететін әлеуметтік және кәсіби сапалардың жиынтығына ие болуы қажет. Стандарт талаптарына сәйкес кәсіби құзыретті маман даярлау мазмұны білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға ғана емес, өндіріс қажеттіліктеріне сәйкес дамыған кәсіби іс-әрекет дағдыларын меңгертуге бағытталған.
Дуалдық жүйе, өз мәнінде, білім беру мекемесі мен өндірісте қатар білім алуды білдіреді. Білім беру теория мен тәжірибенің байланысты приципіне негізделеді. Дуалдық жүйеде тараптардың қарым-қатынасы тепе-теңдік және әділдік принциптері негізінде құрылады. Әлеуметтік серіктестікке қатысушылар оқыту нәтижесіне ғана емес, сонымен қатар оқытудың мазмұнына, оның ұйымдастырылуына мүдделі. Білім алушылардың әлеуметтік кепілдікке ие болуға және бәсекеге қабілетті мамандық алуға, мемлекеттің кәсіби мамандарды даярлауға тапсырыстың қалыптасуына және орындалуына, өндірістің өмірге және жұмысқа жақсы дайындалған білімді мамандардың келуіне, оқу орнының білім беру қызметіне сұраныстың артуына деген мақсаттары орындалады.
Дуалды жүйенің негізі-оқушыны оқу орнымен өндірісте қатар оқыту. Бұл жүйеде ең бастысы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады. Дуалды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды.Өйткені теория мен тәжірибені ұштастырып нәтижесінде,оқушы оқу бағдарламасын жақсы меңгереді деу аз, нағыз дайын маман болып шығады. Дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алушылардың өндіріс орындарында түрлі техникалармен танысып, тәжірибелі мамандармен пара-пар жұмыс атқару барысында өз мамандықтарының маңыздылығын түсініп, мамандығына деген қызығушылықтары артады. Сол себепті еліміздегі маман тапшылығын азайтып, қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру мақсатында — теория мен тәжірибенің үйлесімділігі маңызды рөл атқаруда. Өндірістік оқыту кезінде бекітілген арнайы пән оқытушылары мен оқу шеберлері мекеме техникаларымен танысып, өндіріске жіберілетін білім алушыларға жоспарлар құрып, нұсқаулық берді.
Мысалға, Мамандық: 0508000 «Тамақтандыруды ұйымдастыру» бойынша, Біліктілік: 0508012 –«Аспаз» мамандығының білім алушылары «Ақ Ниет», »Регистан» және «Номад Палас» сияқты тамақтандыру орындарында мол тәжірибе жинақтауда.Осы мамандық бойынша колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жаңа технологиядағы жабдықтармен, өндіріс шеберханаларымен жабдықталған. Аспаз шеберханалары соңғы үлгідегі заманауи жаңа үлгідегі жабдықтармен жабдықталып, күрделі операцияларды орындайтын, өңдеу және пісіру арнайы пештерімен қамтамасыз етілген. Яғни, білім алушының білікті де сапалы маман иесі болып шығуына толықтай мүмкіндік жасалған. Осыған орай,жетістік жеңісіміздің бір айғағы:World skills» жобасы бойынша 2017 жылы «Аспазшы» мамандығының жас білімді де,білікті шебері Құлпыбай Ақжол Аманжолұлы І орын иеленгенін мақтанышпен айтуға болады . Қорытындылай келе оқу үрдісіне дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы күтілетін нәтижелер аз емес дегім келеді. Олар:
-теория мен тәжірибе сабақтар арсындағы алшақтық жойылады;
-түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі оң шешімін табады;
-оқу орны жұмыс берушінің болашақ мамандарға деген талаптарын үнемі ескеріп отырады;
-жұмыс берушілер өндіріс талабына сай білім алушыларға қойылатын біліктілік талаптарды дайындауға,кәсіптік стандарттарда,дуальды оқу жүйесі бойынша модульдік оқу бағдарламаларын дайындауға қатысады;
-дуальды оқу жүйесімен оқыған оқушы белгілі құзыреттерді меңгерген кәсіби маман болып қалыптасады.
World skills» жобасы бойынша 2017 жылғы жеңімпаз«Аспазшы» мамандығының жас білімді де, білікті шебері: Құлпыбай Ақжол Аманжолұлы
Уразакова Сауле Шайдазимовна
Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі
Өндірістік оқыту шебері
Қолданылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы
2.Қазақстан республикасының «Білім туралы»Заңы
- «Дуалды оқыту жүйесі: кәсіби біліктілікті арттырудың жаңа мүмкіндігі»
- Өндірістік оқу сабақтарын дуалды оқыту жүйесінде қолдану.