Home » Ашық сабақтар » Дос болсаң берік бол, Досыңа серік бол

Дос болсаң берік бол, Досыңа серік бол

Білім беру саласы:   «Әлеумет», «Шығармашылық»

Оқу қызметінің түрі:   Өзін-өзі тану

 Мақсаты: «Достық», «татулық» құндылығы туралы түсініктерін одан әрі  жетілдіру. Өзара сыйластық, қарым-қатынастарын дамыту. Адамгершілікке баулу. Бір-бірімен тату, дос болуға тәрбиелеу.

Қолданылатын көрнекі құралдар мен жабдықтар: слайдтар, мультфильм, жүрекшелер.

Алдын ала атқарылған жұмыстар: ертегі кейіпкерлері, достық туралы  мақал-мәтелдер, өлең-тақпақтар жаттау.

Мотивациялық-қозғаушылық                   

Жылулық шеңбері:

Біз балдырған тең басқан,

Дос құшағын кеңге ашқан.

Тілегіміз әділдік,

Ашық болсын кең аспан!

(Балалар жарты шеңбер болып хормен айтады.)

Ұйымдастырушылық-ізденістік

-Ал, енді балалар, орнымызға жайғасып теледидарға көңіл аударайық.

(Теледидармен жұмыс. Мультфильм).

Әңгімелесу.

-Балалар, сендер теледидардан не көрдіңдер?

-Мультфильм не жайында?

-Ұнады ма?

-Достар қандай болады екен?

-Достықтың қандай түрлерін білесіңдер?

-Достарың көп болса қандай жақсы, көңілді, қуанышты, бақытты боласың. Өмірімізде қуанышты да, бақытты шақтар көп болу үшін бір-бірімізбен достықта, татулықта болғанға не жетсін.

Енді жинақталып отырып «Тату балалар» атты саусақтар туралы ертегіні тыңдайық.

«Ерте заманда шағын бір үйде ағайынды бес саусақ өмір сүріпті. Үлкені –Басбармақ, екіншісі – Балан үйрек, үшіншісі – Ортан терек, төртіншісі –Шылдыр шүмек, ең кенже қарындасын –Кішкене бөбек деп атапты. Олар бірігіп жұмыс жасады. Үлкені үйді жөндеп, екіншісі – бақша егіп, ортан терек үйде отырып кішкентай шылдыр шүмекпен кішкене бөбекке қарап, үй жұмысымен айналысады екен. Осылайша бес ағайынды балалар тату-тәтті өзара сыйластықта өмір сүріп жатты. Бір күні орманнан бір үлкен аю шығып ағайындылардың тыныштығын бұзып, үйін бұзбақшы болды, бақшаны басып таптап, үйлерін құлатып бұзуға айналғанда, бес ағайынды бірігіп бір жұдырыққа тастүйін болып жұмылып аюға қарсы тұрады. Сөйтіп олар қиын шақта бірігулерінің арқасында үлкен күшке айналды.

Аю болса мұндай көп күштен қорыққанынан орманға қарай кері қаша жөнеліпті. Ал ағайынды балалар болса, татулығымен бірлігінің арқасында жауды жеңіп шыққан екен. Өйткені олар қысыл таяң шақта бәрі бірігіп күш қосып, мықтылық, бірлік, достықтарын көрсете білді».

-Сендерге ертегі ұнады ма?

-Осы ертегіні ойнап шыққыларың келе ме?

Олай болса кәне, 5 ағайындыларға балалар шыға қойыңдар.

-Жарайсыңдар, балалар, ертегі қалай аталады?

-Неліктен тату балалар деп аталады?

-Ағайынды балаларды аюдан не құтқарды?

-Міне, бұл айтылған сөздердің астарынан «Татулық –табылмас бақыт» деген бүгінгі әңгімеміздің дәйек сөзі шығады. Татулық бар жерде бірлік те, қуаныш та болады.

Сергіту сәті: «Көңілді күн!».

Теледидарға қарап әнге қосылып, қимылдарын бірге жасайды.

-Теледидарға қарап мұндағы достарға көңіл аударайық. Мына достарға қарап, қандай мақал-мәтелдер айтар едіңдер?

Абдулкабир:                                                             Мерей:

-Айырылмастай досыңа,                                      -Сенімді дос тірегің,

Қайырылмастай сөз айтпа.                                   Қалдырма оны бір елі.

Мереке:                                                                Қасиет:

-Дос – ажарың,                                                  -Дос болсаң берік бол,

Жолдас — базарың.                                                Досыңа серік бол.

-Достық жайында өлең-тақпақтар кім айтады?

Сарвар:                                                         Інжумаржан:

Досыңды дос деп санасаң,                          Әрқашан дос біргеміз,

Дос көңілін қалдырма.                                 Ажырамас іргеміз.

Досыңды сыйлап әрқашан,                         Ту қып ұстап бірлікті,

Дұшпанға еш сырыңды асырма.                Тату-тәтті жүреміз

-Жарайсыңдар, балалар!

Осы уақытта есікті қағып жүрек жылап келеді.

-Сәлеметсің бе?! Жүрек саған не болды? Жыламашы.

Жүрек:

-Сәлеметсіңдер ме, достарым! Мен сендерден көмек сұрап келдім. Жүрекшелерімді таппай қойдым, маған көмектесіңдерші.

-Балалар, көмектесеміз бе?

-Олай болса, балалар жүректің бөлшектерін тауып, өздеріңнің жүректерің қандай екенін айтып құрастырып шығыңдар.

Балалар ойынға кірісіп кетеді. Әрқайсысы өздерінің жүректері жайлы айтады:

-Менің жүрегім қуанышты.

-Менің жүрегім нәзік.

-Менің жүрегім адал.

-Менің жүрегім сыпайы.

-Менің жүрегім батыл.

-Менің жүрегім ыстық.

-Менің жүрегім жұмсақ.

-Менің жүрегім бақытты.

-Менің жүрегім сезімтал.

-Менің жүрегім жақсылыққа толы, — деп құрастырып шығады.

-Міне, балалар, үлкен жүрек шықты. Жарайсыңдар! Бәріміз бірігіп осы жүрекке арналған тақпағымызды айтайық.

 Балдырған баламыз,

Қашан да, қайда да.

Бір-бірімізбен,

Бірлікте боламыз.

Рефлексиялық-түзетушілік

Қорытындылау

-Балалар, біз бүгін татулық бар жерде достық туындайтынын ұғындық. Татулық бар жерде достықтың, бірліктің, сыйластықтың болатынын білдік. Сендердің тату достықты қалаған кішкентай жүректеріңдегі қуаныш, үміт шоғы өмір бойы сөнбесін, осы шырақтай сәуле шашып жана берсін.

Мен сендерге ризамын. Енді бүгінгі әңгімемізді «Достарым» әнімен аяқтайық.

 

Күтілетін нәтиже:

Біледі:   достық қарым-қатынастың татулықтан басталатынын біледі;

Түсінеді: өлең айта отырып, мазмұнын түсінеді;

Меңгереді: «татулық- табылмас бақыт» сөзінің мағынасын меңгереді.

 

    Абилдабекова Халима Баскынбаевна,  

                 №33 «Ақбота» бөбекжай-балабақшасының

                     тәрбиешісі, 

Оңтүстік Қазақстан облысы,

                    Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.