Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Германия және Нидерланды елдерінен достары келді.
Еуропа делегациясының құрамында – жиырма оқушы және үш жетекші. Олар Қазақстанға мәдениаралық ынтымақтастықты орнатуға, жаһандық сана мен толеранттықты дамытуға бағытталған «Серіктес мектептер» жобасы аясында келді.
Олардың барлығы елімізде алғаш рет, екі апта бойы Зияткерлік мектепте оқиды. Шетелдік қонақтар Павлодардың басты көрікті жерлері – Мәшһүр Жүсіп мешіті, Достық үйі, Потанин атындағы облыстық өлкетану мұражайы, С. Торайғыров атындағы облыстық ғылыми кітапханасына барып қайтты. Елордаға бір күндік сапар ұйымдастырылып, онда қонақтар «Әзірет Сұлтан» мешітінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында, Назарбаев орталығында, «Бәйтерек» монументінде болды.
– Біз Вецлар қаласындағы Гете мектебінен келдік және қазақ халқының қонақжайлығына ерекше тәнті болдық. Қазақстандағы мәдениеттердің алуантүрлілігі және олардың табысты ынтымақтастығы тамаша үйлесім тапқан, бұл мектеп өмірінде де көрініс береді. Мектепте сабақтар өте қызықты өтеді, оқытудың әртүрлі әдістері қолданылады, оқу үрдісі үшін мұнда оңтайлы орта құрылған. Оқушылар өте ынталы және мектеп олар үшін жарқын болашаққа есігін ашатынына сенімді, — дейді неміс делегациясының жетекшісі Хелен Кремер.
Гете-гимназиясымен серіктестік 2018 жылдың қараша айында басталды, сол кезде павлодарлық зияткерлер «Германия жайлы арман» байқауында жеңімпаз атанып, ГФР-ге екі апталық сапарды жеңіп алған болатын. Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері неміс отбасыларында тұрып, елдің мәдени өміріне үңіліп, Бонн, Марбург, Вецлар, Гессен қалаларында болып қайтты. Енді Зияткерлік мектеп неміс достарын қарсы алып отыр.
Голландиялық Wolfert Tweetalig мектебінің оқушылары НЗМ-дегі құрдастарымен бірге келешекте жүзеге асырылатын алмасу бағдарламаларына арналған ғылыми жобалар әзірлеуде. Нидерландыдан келген қонақтар мектеп жатақханасында тұрады, сондықтан көптеген іс-шараларға белсенді қатысуда. Ұлттық стильде өткен «Көктемгі туған күн иелері» шарасында шетел оқушылары алғаш рет қара жорға билеп, «арқан тарту» және «теңге алу» сынды қазақтың ұлттық ойындарын ойнады. Сонымен қатар, олар өз қолдарымен «жүн арқылы бейнелеу» техникасымен сурет салып, аспаздық шеберлік сыныбы барысында бауырсақтар дайындады.
— Сіздердің мектептеріңіздің әдемілігі таң қалдырды, біз оқушылардың шет тілін меңгеруінің жоғары деңгейіне көз жеткіздік. Студенттер екі ел арасындағы мәдениетпен етене танысты, — деп атап өтті Нидерланды тобының жетекшісі Джулиа Хамильтон.
Келесі жылы Wolfert Tweetalig өкілдері 20 адамнан тұратын үлкен делегациямен келуді жоспарлауда.
Божақанова Рымгүл Асылбекқызы
Павлодар қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы