Home » Ашық сабақтар » ДОМБЫРА — ДАСТАН

ДОМБЫРА — ДАСТАН

Сабақтың мақсаты: 1. Оқушылардың бойына қазақ халқының рухани байлығын сіңіру, негізгі музыкалық аспабы – домбыра туралы түсінік беру, оның шығу тарихы, құрылысы жөніндегі аңыздарға тоқталу; 2. Оқушылардың есте сақтау, логикалық ойлау, танымдық қабілеттерін арттыру; 3.Оқушыларды ұлттық мәдениетті сүюге тәрбиелеу, қазақтың ұлттық музыка туындыларын түсінуге баулып, эстетикалық тәрбие беру.
Көрнекіліктер: нақыл сөздер, слайдтар, үнтаспалар, ақын, күйшілердің       суреттері.
Сабақтың барысы: Құрманғазының күйі орындалады.

эпиграф

          Домбырам,  менің домбырам, бір өзіңнен нәр алам.

 

Мұғалімнің сөзі:

Бүгінгі сынып сағатымызда ең ежелгі, ең жетілген әрі нағыз табиғи ұлттық аспап – домбыраның құрылысы және оның шығу тарихымен танысамыз. Қазақ халқының өмірінде домбыраның орны ерекше. /эпиграфқа назар аудару/.

Домбыра – асқақтата ән салып,  күмбірлете күй төккен өнерпаз халқымыздың асылынан артық қастерлеп, үкі таққан, жалғызындай аялап, қақ төріне ілген ең қымбатты, сүйікті аспаптарының бірі.

1- оқушы: Бабамыздың мұңысың сен, Домбыра,

Анамыздың сырысың сен,  Домбыра,

Қазағымның жүрегінен жаралған

Даламыздың үнісің сен, Домбыра!

1- жүргізуші:

Домбыра – ғасырлар  бойы  ұрпақтан-ұрпаққа  мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Кең даладағы  қазақтың қай-қайсысы да домбыраның үніне жан-тәнімен беріліп, оны өзінің бүкіл асыл ойымен сезінеді.

Қазақ музыкасының білгірі, сазгер А.Жұбанов домбыра туралы былай деген: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы қасиетті аспабы – домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырлардың ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр. Домбыра — елдің көнекөз шежіресі».

2 — оқушы: Күмбірлеген күйің асқақ ғажайып,

Сен сөйлесең теңіз тынар тасыған,

Өнерімен аты шыққан қазақтың,

Жан серігі сен болғансың жасынан.

3 – оқушы:         Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл бос бұра,

Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды,

Содан сұра тек қана, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай

Сорласын,

Деп бір хан шанағына құйған қорғасын.

Сахналық  көрініс «Асқақ құлан, Жошы хан».

2 — жүргізуші:

Қазақтың музыка мәдениеті тарихында — домбыра ел ішінде кең таралған екі кейде үш ішекте шертіп немесе қағып ойнайтын музыкалық аспабы. /Слайдта домбыралардың түрлерін көрсетіп, оқушылардың назарын Абай  Құнанбайұлының  домбырасына  аудару/.  Домбыраны жасауда қайың, қарағай, шырша, үйеңкі сияқты ағаштарды пайдаланған.

Домбыраның құрылысы: басы, құлағы, мойыны, шанағы, қосымша беті, кіші тиек, ішек, дыбыс ойығы, тиек, ілгек, қақпақ беті /слайдтар/.  Аспаптың сапасы қолда бар ағаштардың қиыстырылуына және домбырашының тарту шеберлігіне байланысты болды. Домбыра  халқымыздың  тарихи өмір жолымен тығыз байланысты. Ол халық әндерін сүйемелдеуге және күйлер тартуға қолданылады.

«Домбыра жүрегімнің үндес едің,

Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұра сен болмасаң

Өнер не екенін білмес едім»,-

деп ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, қазақ халқының кейбір ән-күйлері кейінгі ұрпаққа осы домбыра арқылы жеткен.

1 – жүргізуші:

Асыл мұрамыздың бірі – күй өнері. Оны өшірмей жеткізген екі құдіретті күш бар. Бірі – домбыра, екіншісі сол домбыраны сөйлетіп қана қоймай, сол арқылы халқына рухани қуат берген сазгерлеріміз. Атақты күйшілер, музыка мәдениетінің асқан шеберлері Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет, Махамбет, Байсерке, Сүгір, Байжігіт және т.б./слайдтар/ өздерінің терең тебіреністі күйлерін осы домбырамен шығарған.

Оқушылардың орындауында күй орындалады.

2 – жүргізуші:

Домбыра тек күй ғана емес, ән орындағанда сүйемелдеуге қолданатын аспаптың бірі. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жамбыл Жабаев, Әміре Қашаубаев – домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

 4 – оқушы :  Ән туралы аңыз.

Ерте, ерте, ертеде… Ән алтын күннің астында, ақша бұлттың үстінде ұшып жүреді екен. Ән көркем, әдемі жерлерді көргенде жер бауырлай ұшады екен.

Бірде ән кең-байтақ қазақ даласының үстінен өтіпті. Көкшенің жерін көріп, көгілдір тауларына, күміс көлдеріне қатты қызығыпты. Ән еріксіз төмендепті. Кең даланы айнала, жер бауырлай ұшыпты. Ақ Жайыққа келіпті. Сыр бойымен ұшыпты. Одан әрі Жетісуға жетіпті. Жеті өзенге шомылыпты. Содан кейін Алатауды әрі асып, қимай-қимай кетіпті. /Табиғат көрінісі слайдтар/.

Төмендеп ұшқан әнді халқымыз ұйып тыңдапты. Құлағына құйып алыпты. Содан қазақтың көмейіне үн қоныпты, көкірегіне жыр дарыпты. Содан бері қазақтар асқақтата ән салыпты, күмбірлете күй тартыпты. Халқымыз «әнші халық» атаныпты.

«Домбыра» әні орындалады. 

5- оқушы: Домбыра, сен сайрасаң көз алдымда тұрады.

Аққу көлі, сахарасы қазақтың.

Қонысы боп Нарын құмы тұрағы,

Құрманғазы бірге тартқан азапты.

Сенсің досы арқалы әнші Ақанның,

Дина шерткен шалқар күйді білмес кім.

Серігісің ақын Сара апамның,

                   Әміреге Парижде сен үн қостың.

6- оқушы: Домбырам, менің домбырам, бір өзіңнен нәр алам,

Үнінді бір естімей, жалғызсырап мен қалам.

Абай, Жамбыл атамның сен мұрасы, домбыра,

Жақсыларға дос болған, жақсысың сен, домбыра.

Айналайын үніңнен, қос ішегің, пернеңнен,

Мәңгі жасап қала бер, әсем ән-күй жырыңмен.

  1. Оқушы: Осымен «ДОМБЫРА — ДАСТАН» атты сынып сағатымыз өз мәрежесіне  жетті. Назарларыңызға  рақмет ! Сау болыңыздар!

Ш.Ш.Жетпісова
№15 мектеп-лицейі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.