Бала тәрбиесіне көңіл бөлу – қай заманнан да келе жатқан құбылыс. Қазіргі кезеңде ұстаздар қауымының алдына қойылатын міндет – жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру және осы мақсатта ұлтымыздың ұлы мұраларын жаңғырту, яғни, ұлттық құндылықты бойына сіңіру. Домбыра аспабында орындалатын ұлттық нақыштағы қазақтың күйлерін үйрету өте маңызды.
Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Көне Шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан шамамен 2,5 ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен 16 ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген. Қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Аспап әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып жасалады. Тоғыз, он бір, он төрт, жиырма төрт пернесі болады. Күй арнайы құлақтарымен келтіріледі. Аспап үні қоңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ болып келеді.
Қазір мектеп жасындағы балалардың шылым шегуі, ішімдік ішуі, есірткі қолдануы, т.б. келеңсіз көріністерге баруы – жасыратын жағдай емес. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында домбыра, қобыз сияқты үйірмелерге қатысса нұр үстіне нұр болушы еді. Рухани-адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Рухани-адамгершілік құндылықтармен білім жүйесін дамытып қалыптастыру – жаңа қоғамның дамуындағы мәні зор, маңызды бағыт.
Қазақтың күй өнері арқылы оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Құрманғазының күмбірлеген күйін, Тәттімбет, Дина сияқты аттары аңызға айналған күй құдіреттерінің әсем де, сазды әуендерін бойына сіңіріп өскен жас жаман болмауы тиіс. Қазақтың ән өнері мен күй өнерімен сусындап өскен баланың бойында адалдық, тазалық, сенімділік, өзіне деген құрметі болады.
Демек, рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе – баланы құрметтеу. Сондықтан, әрбір оқушы өзін-өзі рухани жетілдіру үшін, өзін тәрбиелеуге, өздігінен білім алуға ұмтылуы қажет екенін түсінуі тиіс деп ойлаймын. Өзінің оқушысын өз бетінше білім мен тәрбие алуға үйретпеген ұстаз қазір түпкі нәтижеге қол жеткізе алмайтынын біледі. Бала ықпал ету объектісі емес, ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы тиіс.
Гуманизм – адам өмірінің рухани негіздерін құрайды, ойластырады, болжайды және адамзат құндылығын қалыптастырады. «Адам жолында екі түрлі, бір-біріне қарама-қарсы ағыстар бар. Бір ағыс қаталдыққа жетелесе, екіншісі – мейірімге талпынады» деген Леккидің сөзінде үлкен мән бар. Рух – адам бойындағы күш-қуат. Ол қуат барлық жақсы қасиеттермен бірге жасайтын игі істердің қайнар көзі. Рухани бай адамның бойында ғана гуманистік қасиеттер болады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, бұл білім мұғалімдерге өзіне ыңғайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық үрдісті кез келген үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді. В.Г. Белинский: «Тәрбие – ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» десе, Д.И.Менделеев: «Тәрбиесіз білім – есуастың қолындағы қылыштай» деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана адам болып қалыптасады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. М.М.Пришвиннің сөзін келтірсек, «Оқушы – жастарымыз дұрыс тәрбиеге аңнан да артық душар». Егер жабайы аңдар Адамға мейірімділік көрсетсе, адамдар неге бірін-бірі тәрбиелемеске? Жаңа білім парадгимасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысы емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Я.А. Коменский «Тәрбиені мойындамау – адамдардың, жанұяның, мемлекеттік және бүкіл әлемнің құруы» деген болатын. [2]
«Мен өмірде неге қол жеткізуім керек?» – деген сұраққа жауап берместен бұрын: «Мен қандай болуға тиіспін?». «Адам болу деген не?» – тәрізді сұрақтарға ойлануымыз керек. Мысалы, теректің «жақсы» өсіп-дамуына құнарлы топырақ, ауа-райының қолайлы болуы, т.б. жағдайлар әсер етеді. Ал өсімдіктің өсуіне кедергі келтіретін «жаман» жағдайларға: құрғақшылық, өсімдікті бүлдіретін зиянкестер, дауылдар жататыны белгілі. Дәл осы тәрізді адам үшін де жақсы мен жамандық алмасып келіп тұрады. Жақсы жағдайда адам бойындағы адамшылық қасиеттер өніп, адамның Адам болып қалыптасуына көмектеседі. Жақсылыққа қайшы жамандық бар.
Қайшылық сатысы. Адам бойындағы жақсылық пен жамандық тек сыртқы жағдайлардың әсерінен ғана болып қоймайды, олар адамның ішкі жан дүниесінен де орын алады. Адамгершілік дегеніміз айналамызға қайырымдылық нұрын шашудан тұрады екен.
Ұлылар сатысы. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: Әуелі — надандық, екіншісі — еріншектік, үшіншісі — залымдық», – деп білемін» дейді 38 қара сөзінде ұлы Абай.
Домбыраның қоңыр үні жүрекке жан шуағын орнатып, бұрыннан бойымызда бар жақсы қасиеттерді дамытады. Жаман әдет пен теріс қылықтан тазарып, жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімдерге бай адам болып қалыптасуға мүмкіндік береді. Дархан даламыздың кеңдігіндей мейірім шуағы мол, қазақ күйлері жастардың бойына мейірімділік жылуын таратады.
Қай замандағы болмасын күй өнеріндегі ортақ сарын — азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, ел тәуелсіздігін аңсау. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ күйлері — халқымыздың ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ жүзеге асырған, тәуелсіздікті жақындатқан ең қастерлі құндылық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы.
- Құрманбаева М. «Тұлғаны рухани-адамгершілікке тәрбиелеу». – Бастауыш мектеп,№1.2005ж.
- Әмірәлиев Ш. «Рухани байлық-өмірден». – Қазақстан мектебі,№11-12.1992ж.
- Утебаева А. «Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу – басты мақсат». – Бастауыш мектеп, №9.2005ж.
Жолдасбаева Айзада Сагиндыковна
Қазақ мектеп-гимназиясы
«Өнер» орталығының домбыра сыныбының мұғалімі
СҚО, Петропавл қаласы