Home » Жаңалықтар » ДИПЛОМДЫҚ ЖОБАЛАР САЙЫСЫ

ДИПЛОМДЫҚ ЖОБАЛАР САЙЫСЫ

Үстіміздегі жылдың  қазан айында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірушілердің біліктілік жұмыстары бойынша Республикалық дәрежедегі көрме сайысы өткізілді.Бұл сайыс — Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің сәулет-құрылыс және дизайндық бейін мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі жұмысының аясында жылда өткізілетін дәстүрлі салтқа айналды.
Қазақстан Республикасы бойынша аталған оқу-әдістемелік бірлестікке мүше барлық жоғары оқу орындары ат салыса қатысып, жүлделі орындарды белгілейтін бұл көрме сайыстың атқаратын қызметі жоғары, алатын орны ерекше. Себебі, сайыс мақсаты – тек қатысу ғана емес, сонымен қатар алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерді бөлісу, ортаға жаңашыл ой тастау, білім беру сапасы мен дамуын қамтамасыз ететін тың ұсыныстар ортасын үйлестіру болып табылады.
Осы сайыстан жүлделі орын алған дипломдық бітіру жұмыстары Халықаралық дәрежеде өткізілетін Фестивальға жолдама алатынын ескерсек, оның маңызы жоғары, міндеті жауапты екендігі анық.
«Құрылыс» мамандығы бойынша биылғы сайысқа түскен бітіру жұмыстары алты түрлі номинация бойынша сынға түсті: «Ғимараттар мен имараттарды жобалау және есептеу», «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы», «Көлік құрылысы», «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Бейіндік магистратура» және «Ғылыми және педогикалық магистратура».
Еліміздің әр өңірінен осы номинациялар бойынша 77 жұмыс келіп түсті. Сайысқа түсуге ынта білдірген әрбір жұмысты тіркеу, оны бағалау, ерекшеліктерін ескеру жұмыстары Оқу-әдістемелік бірлестік мәжілісінде қабылданып, бекітілген Ережеге сәйкес жүргізілді. Әрбір номинация бойынша құрамы бес адамнан тұратын алқа мүшелері бекітілді, оларға әр жоғары оқу орындарынан өз мамандығының шебері, еңбегі елеулі, тәжірибелері мол, жаңашыл көзқарастағы оқытушылар тартылды.
Біліктілік жұмыстарын сапалы түрде реттеу және шынайы бағалау мақсатында, оның техникалық жақтарына да көп көңіл бөлінді. Бұрын бакалавриат және магистратура дәрежесіндегі бітіру жұмыстарын қағаз түрінде арқалап келіп талқылайтын алқа мүшелері, 2016 жылдан бастап on-line тәртіпке көшті. Бұл тәртіптің артықшылықтары өте көп – алқа мүшелері әр елден, әр жоғары оқу орнынан болуы; сайысқа келіп түскен бітіру жұмыстары оқу деңгейі мен мамандығына қарай сараланып сайтқа жүктелуі; алқа мүшелерінің ешқандай шығынсыз өз жұмыс орнында отырып бағалау мүмкіндігі; алқа мүшелерінің қандай да бір ықпалдан тәуелсіздігі; жұмыстар нәтижесін күні бұрын қорытындылау және жүлделі орындарды анықтау; дипломдар мен сертификаттарды уақытылы толтыру және т.б.
Сайыс қорытындылары бойынша үздік шыққан, жалпы саны  38 дипломдық жобалар мен магистрлік диссертациялар белгіленген квота бойынша анықталынған жүлделі орындарды иеленіп, 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Осы тұста, болашақ мамандарға сапалы білім беру жолында мамандар дайындау сапасын үнемі көтеру мақсатында заманауи оқыту технологиялары мен әдістемелерін орынды қолданып, оқу-әдістемелік бірлестік жұмысына белсене араласып келе жатқан бірнеше жоғары оқу орнын ерекше атап өтеміз:  Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеті, Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Л.Б.Гончаров атындағы қазақ автомобиль жолдары академиясы, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы, Рудный индустриялық институты.
Жүзден жүйрік шыққан бұл жобалар енді Еуразия сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің қатысуымен өтетін IX Халықаралық Фестивальға жолдама алды. Халықаралық  дәрежедегі бұл мектептің негізі Қазақстан тарихында тұңғыш рет, т.ғ.д., профессор, академик, ҚазБСҚА президенті Ә.А.Құсайыновтың тікелей ұйымдастыруымен қаланып, ТЮРКСОЙ бас хатшысы Д.К.Касиновтің қолдауымен іске асты. І Халықаралық Фестиваль 2009 жылы Түркияның Стамбул қаласында Малтепе университетінде өткізілді. Содан бері, Халықаралық Фестиваль әлемнің әр түкпірінде, белгілі, беделді жоғары оқу орындарында өткізіліп келеді. Мысалы, Қазақстан, Алматы қаласы, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы; Түркия, Стамбул қаласы, Йылдыз техникалық университеті; Қырғызстан, Ыстық көл аймағы; Италиян, Флоренция қаласы, Ромуальдо дель Бианко Қоры; Солтүстік Кипр, Лефкоша қаласы, Таяу Шығыс университеті; Ресей, Самара қаласы, Самара мемлекеттік техникалық университеті; Молдова, Кишинеу қаласы, Молдавия техникалық университеті.
Биылғы IX Халықаралық Фестиваль Өзбекстанның тарихы терең, елге белгілі Ташкент сәулет-құрылыс институты, М.Ұлықбек атындағы Самарканд мемлекеттік сәулет-құрылыс институты, Турин политехникалық университеті, Бухара технологиялық университеті киелі оқу орындарының қолдауымен Ташкент қаласында қараша айының ортасында өткізіледі деп жоспарлануда.
Жыл сайын осы Халықаралық Фестиваль жұмысының қарқындап дамып, оған қатысуға тілек білдірген Ресей, Литва, Латвия, Молдавия, Өзбекстан, Болгария, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Италия, Польша, Түркия, Солтүстік Кипр, Эстония, Чехия, Словакия, Испания сияқты алыс-жақын шетелдер саны артып келе жатқандығы – оның заман талабына сай өміршеңдігінен хабар береді.
Еуразия сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің Халықаралық Фестиваль жұмысының тағы бір ерекшелігі – тәрбие жұмыстарына да көп көңіл бөледі: қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, Еуразия елдеріне паш етіледі. Халықаралық Фестивальға қатысушы әр ел өз мәдениетінен хабар беріп, үлес қосады. Шын мәнінде, бұл Фестиваль өз тәртібі мен ұстанымдары қалыптасқан халықаралық мерекеге айналып келеді.
Осындай әлемдік дәрежедегі додаға түсуге жолдама алған бітірушілердің біліктілік жұмыстарына сәттілік тілейміз! Еліміздің жарқын болашағы жастар қолында десек, сол жастарымыздың терең білімді, озық ойлы, жаңадан қорықпайтын батыл да іскер маман болуын қалыптастыратын оқу орындарының биіктерден табылатынына сенімдіміз!

 

Ажгалиева Бану Аккуановна,
т.ғ.м.,«Жалпы құрылыс» факультетінің
оқытушысы, «Құрылыс» мамандығы
бойынша  оқу-әдістемелік
комиссия мүшесі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.