Home » Мақалалар » Динара Жумагалиева, Ақгүл Рахметова. БІЛІМ ИГЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН АЛТЫ ҚАДАМ

Динара Жумагалиева, Ақгүл Рахметова. БІЛІМ ИГЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН АЛТЫ ҚАДАМ

Елімізде жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары жоспарлы түрде іске асырылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауында «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады», – деп білім беру саласына қойылған міндеттердің бірін айқындады. Қазіргі таңда 1,2,5,7-сыныптар жаңа бағдарламалармен оқуда. Сонымен қатар аталмыш сыныптарда білім беретін мұғалімдер «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалында арнайы курстан өтуде. Курс барысында мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес педагогикалық тәсілдер мен критерийлерге негізделген бағалау жүйесін меңгереді.
Курс бағдарламасының теориялық ұстанымдарын мұғалімдер өзіндік педагогикалық тәжірибесінде қалайша ұштастырады? Жаңаша сабақ жоспарлаудың тиімділігі неде? Осы сұрақтар бойынша Орал қаласындағы №46 ЖОББМ директорының бастауыш сыныптар ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі Рахметова Ақгүл Жәрдемқызы өз пікірін білдірді:
Менеджменттің белгілі зерттеушісі Джим Коллинз өзінің «Жақсыдан ұлылыққа» атты еңбегінде «Біздің не жасайын деп жатқанымыз онша маңызды емес, оны кіммен жасайын деп жатқанымыз маңызды» деген.Демек қандай сатыға бағытталсақ та, бар жұмысымыз оқушымен тығыз байланысты. Сол себепті де қазіргі білім саласындағы өзгерістердің жаңартылған білім мазмұнына қарай оңтайлы бағытта икемделуінің өзі жеке тұлғаның өз ойын еркін жеткізе білетін, ынталы, сенімді болып қалыптастыруға даярлау болып табылады.Жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өтіп келген кезде мектептегі жұмыстарымды бірнеше бағыттарға бөлдім. Жұмыс жоспарымның бастауын оқушы, мұғалім және ата-ана үшін тиімді жақтарын анықтау мақсатындағы әрекеттерді жинақтаудан бастау алдым.
Білім беру мазмұны жаңартылған бағдарламалар бойынша бастауыш сыныптарда балаларға оқу қағидаларын үйренуде көмек көрсетуді пирамида негізінде 4 тең бөлікпен қарастырдым. Яғни біз нені оқыту керекпіз? Жаңа мәліметті оқыту кез-келген оқушының нені білетінімен және түсінетінімен байланысты. Оқытудың өзі оқушының бастапқы алған білімі мен дағдыларын назарға алып, оларды өрістетуді мақсат еткенде мәнді болатыны дәлелденді. Оқушылар қалай оқиды? Аталған байланыстарды дамытып, нығайту үшін проблемаларды шешу үдерісін толыққанды байланыстыру қажет. Оқушыларға әр нәрсені ойлап табу, шешімін шығару, өз ойын жеткізуге әрқашан уақыт беру керектігін анықтадым. Оқыту реттілігін қалай құрылымдау керек? Реттеуде ең маңыздысы оқушылардың бір-бірін оқытуына мүмкіндік берілген жөн. Сонымен қатар белгілі бір уақыт ішінде жұмыс істеуге арналған материалдың көлемі шектеулі болу қажеттігі маңызды екенін айқындадым. Табысты болғанымды қалай бағалау керекпін? Біз оқушыларға рефлексияны ынталандыру және өз идеяларын ойластыру арқылы алған білімдерін қорытындылап талдауға көмектесуіге тиіспіз. Өйткені қолайлы оқу үшін оқушыларға кері байланыс пен мадақтау үнемі пайдалы және қажетті екенін әр жұмыс сайын байқадым. Сондықтан да бағалау ізгі, нәтижелі болғаны абзал.Ең алдымен неден бастау қажет?
Курстан өткен кез – келген әріптесімнің алдында осы сұрақ бірінші тұратыны анық. Ең алдымен жалпы әлемдік елдердің білім саласындағы жүргізілген, жүргізіліп жатырған реформаларды саралай келіп, жалпы мектептерге соның ішінде өз мектебімде жаңартылған өзгерістер не үшін керек екені жөнінде ойландым. Үштағандық әрекетпен жүзеге асырылатын үдерістің тиімді болуы үшін ата-аналармен алғашқы жиналыста құнды нәтижеге жеткізетін әдіс-тәсілдердің, ортақ тақырыптар бойынша оқытылудың маңыздылығы бойынша топтық үлгіде жұмыстандым. Өйткені оқыту әдістемесінің ерекшелігін мұғалім ғана емес, ата-ана да біліп отырғаны жөн. Осы орайда сенбі сайын ата-аналарым үшін ашық алаң, пікір талас үстелі ұйымдастырып отырамын. Сонымен қатар үнемі ашық хаттарды үздіксіз жауаппен толықтырып отырамын. Оқулықта берілген материалдарды тиімді оқыту мен оқуды жүзеге асыруда әдіс-тәсілдердің ерекшеліктерін оқушының жас ерекшелігіне қарай пайдалану ең маңыздысы болып табылады. Жалпы Жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ берудің құндылығы мұғалім тарапынан үздіксіз ізденіс пен шығармашылықты талап етеді. Әр сабақтағы қолданылатын әдістердің өзі оқушының ашылуына, ойлануына бірден-бір әсер етеді. Мектебімізде биылғы оқу жылынан бастап, оқушы жетістігін бағалауды 1-2 сынып мұғалімдері ақылдаса келе, ай сайынғы бағалау жүйесін ортақ тақырыптарға негізделген суреттермен ерекшеледік. Мысалы қыркүйек айында смайликтер, қазанда жемістер (алма, алмұрт, банан), қарашада кеңістік фигуралар (шар, текше, конус), желтоқсанда аяз ата (толық, жартылай, толық емес үлгіде), қаңтар айында көлік түрі (ұшақ, машина, кеме), ақпанда ұлттық ойындар (асық, тоғызқұмалақ, көкпар), наурызда ұлттық киімдер (сәукеле, кимешек, мәс) сияқты өзгерістермен алмастыра бағалаймыз. Бағалауда өзгертіп отыру тәжірибемізде оң нәтиже берді десем артық болмас. Себебі оқушы үшін қызығушылықтарының артуы, әр нәрсенің сапасын бағалау және өмірде қолдантағы орны мен алған білім, білік, дағдыларының үнемі қайталанып отыруы, ата-ана үшін бағалау жүйесінің де тиімділігі, мұғалімдерге ортақ тақырыпта жұмыстануда жаңа сөздердің есте қалуына аса қажеттілігі де анықталды.
Өз тәжірибемде бастауыш сынып оқушыларының білім жетістіктерін бағалау жүйесін білім игеруге бағытталған алты қадам арқылы оқу пирамидасының кезеңдеріне жіктедім. Білім мақсатында оқушы алған материалдарды еске түсіріп, анықтап, мақұлдап, қайталайды және әңгімелеп, өз тұжырымын ұсынады, ойлап табады. Түсіну мақсатында мәліметтерді қайта қарастырады, өзара сәйкестендіреді, топта талқылайды, қайта қарастырады, айқындайды, түсіндіреді. Қолдануда жасаған жұмысын көрсетеді, жеке, ұжымда орындайды, суреттейді, пайдаланады. Талдауда ерекшелігін ажыратады, саралайды, салыстырады және зерделейді. Жинақтау мақсатында қайта анықтап, тұжырымдайды. Өзге нұсқасын ұсынады. Бағалауда өлшеп, жорамалайдайды да бағалайды.        Аталған алты қадамды жүзеге асыруда төмендегі нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.
1.Оқушының белсенділігі артып, жан-жақты талдауға, ойын ашық айтуға жаттығады.
2.Оқушылар өз бетімен жұмыстануға дағдыланады;
3.Танымдық қабілеттері дамиды;
4.Топпен жұмыс істей алады
5.Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауға үйренеді;
6.Қызығушылығы артады;
7.Мұғалімдердің кәсіби құзырлылығы өседі.
8. Мұғалімдер оқу мен оқыту тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізеді.
М.Жұмабайұлы: «… мектеп пен тұрмыс бірі қырым, бірі қияда жатпауын, мектепте оқыған адам білімді құшақтап алып, тұрмыста жарамсыз болып шықпауын, бала нені білсе де, көзімен көріп, қолымен ұстап мүмкін болғанынша өзі істеп білуін қолдаған. Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған сапалы ақыл көзімен қарай білсе, міне білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы болуы» керектігін айтқан.
Міне сол себепті оқушының қызықтыру үшін біз әрқашан жас ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыстануды және үздіксіз тәжірибе алмасуды жүзеге асырып отырғанымыз дұрыс деп есептеймін, Өйткені әркімнің білгенінен білмегені көп болса, ортақ смарт мақсатқа жетуде бірлесе келе топтық жұмыстың да пайдасы ерекше.
Жұмысымды қорыта келе, Кеммис және МакТаггарттың 1998 жылғы «Іс-ірекеттегі зерттеудің айналымы» зерттеуін негізгі басшылыққа алдым. Себебі менің тәжірибе барысындағы күтілетін нәтижелерім үнемі бақыланып, бағаланып отыру қажет деп түйдім. Іс-әрекетті зерттеудің айналымы сегіздік өлшем пішінімен ұштасады. Яғни әрекетіміз де сегіздік өлшеммен басталып, жүйелі бақылаумен жалғасу үшін үздіксіз айналымның қажеттілігін талап етеді. Жоспар, іс-әрекет, қадағалау, рефлексия әдістері дағдылардың жүргізілу бағытымен жалғасып, ұштасып отырады. Рефлексия ең маңызды айналымның бір түрі екені анық. Сондықтан да жұмыс үдерісінде не болып жатқанын бақылау және ол бағыттың сәтті, сәтсіз жағы өзгеріске бағыт алған әрекеттерімнің қорытындысы мен нәтижелігі болмақ.

 

 

 Жумагалиева Динара Шынболатовна,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ»
мұғалімнің кәсіби дамуын
психологиялық-педагогикалық

              қолдау кафедрасының меңгерушісі, магистр

 Рахметова Ақгүл Жәрдемқызы,

                            № 46 ЖОББМ директорының  бастауыш
сыныптар ісі жөніндегі орынбасары,
I деңгей бойынша сертификатталған жоғары санатты
бастауыш сынып мұғалімі,

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.