Home » Мақалалар » «Дизайн ойлау» — оқыту мен білім берудегі жаңа әдіс

«Дизайн ойлау» — оқыту мен білім берудегі жаңа әдіс

«Дизайн ойлау» алғаш рет АҚШ-та 80 жылдары пайда болып, бастапқыда экономика мен бизнес саласында кең қолданысқа ие болды. Кейіннен бұл әдіс қоғамның барлық салаларына ене бастады, мәселен АҚШ-та Ұлыбританияда, Францияда, Италияда «дизайн ойлау» әдісі психологияда, экономикада, инженерлік ғылым салаларында, техникада кең қолданылып келеді. 90-жылдары дизайн ойлау батыс елдерінде білім беру мен ғылымды дамытуда қолданыла бастады. Соңғы жылдары АҚШ-та орта мектептерде аталған бағдарлама кең көлемде жүргізіліп жатыр, осы әдіс XXI ғасырдың басында Еуропа мен Ресейде де  білім беру жүйесіне кіріктіріліп, жүзеге асырылуда.

Дизайн ойлаудың басты мақсаты қоғамдағы шешілмеген мәселелерді инновациялық және креативті тәсілдерді қолдана отырып анықтау, әрі осы ашылған жаңалықты күнделікті өмірде қолдану. Дизайн ойлау әрекеті бір немесе бірнеше адамның емес, көбінесе үлкен топтың, ұжымның бірлескен әрекеті болып табылады. Дизайн ойлау әдісінің негізін салушылардың бірі американдық Герберт Саймонның айтуынша адам өміріндегі кездесетін қиындықтар мен түрлі мәселелердің шешімін табу, өмір сүруді жеңілдету үшін жасалатын шешімдер мен жаңалықтардың жиынтығы осы әдіс болып табылады.

«Дизайн ойлау» үрдісін алғаш рет білім беру мен ғылым салаларына енгізу Стэнфорд университетінің Дизайн мектебінде қолданысқа ие болды. Оқушылардың белсенді іс-әрекеті мен позитивті ойлануы, мәселеге сыни тұрғыда баға беруге үйренуі, шығармашылық дағдыны күшейтуге жетелейтін оң нәтижелері алғаш рет осы Стэнфорд университетінің қабырғасында айқындалғаннан кейін, бұл бағдарламаны білім беру саласына белсенді түрде кіріктіру жұмыстары жүргізіле бастады. Оқушыларға сабақ беруде Дизайн оқытуды қолданудың оқушылар белсенділігінің артуына оң әсер беретіндігін Стэнфорд университетінің профессорлары нәтижелі дәлелдер арқылы көрсетті, мектепте Дизайн оқытуды қолданудың артықшылықтары қандай болмақ, және оқушылардың креативті ойлануына қаншалықты көмектесе алады деген сұрақтарға жауап беру үшін түрлі тәжірибелер жасап, қорытындылар жасады. Оқушыларға сабақ беруде аталған бағдарламаның көптеген әдістерін қолдану арқылы шығармашылық дағдыны дамытудың маңызы зор.

«Дизайн ойлау» бағдарламасын мектептегі білім беру жүйесіне интеграциялаудың АҚШ-та сәтті жүргізілуінен кейін көп ұзамай бұл бағдарлама кең қанат жайып, Батыс Еуропаға тарай бастады. Сабақ беру үрдісінде «дизайн ойлау» бағдарламасын қолдану XXI ғасырдың басында Ресейдің мектептері мен жоғарғы оқу орындарында, кәсіпкерлік, психологиялық курстарда тәжірибеден өте бастады.

Қиын мәселерді шығармашылық тұрғысында және жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып шешудің тиімді жақтарын қарастыру дизайн оқытудың басты қағидасы. Түрлі шығармашылық креативті идеяларды тудыру, мен жүзеге асырудың жолдары арқылы оқушылар өз білімдерін өмірмен байланыстыруға үлкен мүмкіндіктері бар.

Бағдарламаның тиімділігі мен білім беру саласына кіріктірудің мүмкіндіктері мен маңыздылығы алғаш рет елімізде 2015 жылы қазан айында Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зиякерлік мектебінде өткен семинарда жан-жақты қарастырылды. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Silicon Valley Innovation Center мен Кремний даласы деп аталатын ғылыми орталықтың мамандары бірлесе отырып еліміздің мұғалімдерінің кәсіптік тұрғыда дамуына серпін беру үшін дизайн-ойлаудың арнайы бағдарламасын жасады. Осы курсты ұйымдастыру мен өткізу барысында арнайы мамандар «дизайн ойлау» бағдарламасы негізінде білім беру саласында жүргізуге болатын жаңа әдістер мен технологияларды таныстырып, аталған бағдарламаның АҚШ-тың оқу орындарында енгізудің сәтті және табысты тұстарымен ой бөлісті. Мектепте «Дизайн ойлау» әдісін қолдану арқылы оқушыларды үздік жобалар мен жаңа инновациялық шешімдерге жетелеу, шығармашылық дағдыны арттыру арқылы ғылыми жаңалық ашуға деген құштарлық пен ғылымға деген қызығушылығын арттыру алға қойылады.

Бағдарламаны үйретуге АҚШ-тан арнайы келген маман  Рони Хабиб бес күн бойы «Дизайн ойлау» үдерісінің барлық қыр-сырларымен таныстырып, мәселені қалай анықтау керек екендігін және осы мәселенің түйінін тарқату үшін стандартты емес шешімдерді қолдануды ұсынды. Рони Хабибтің айтуынша бағдарлама негізінен дәл ғылымдарды оқытуда тиімдірек екендігін айта келіп сонымен бірге гуманитарлық пәндерге де қолданудың түрлі жолдарын практикамен көрсетіп берді. «Дизайн ойлау» үдерісінің негізгі қағидасы анықталған мәселеге терең бойлау арқылы мұқият бақылау жасау. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Стэнфорд университетінің мамандары «Дизайн ойлау» үдерісін бес кезеңге бөліп қарастырады:

1.Түсіну. 2.Мәселені бағалау. 3.Идеялар. 4.Прототип. 5.Тест.

 

 Түсіну деп аталатын бірінші қадамда нақты міндеттер мен мәселелерді анықтау, осы анықталған мәселелерді шешу үшін айқын мақсаттар қою керек. Бұл процесс бір немесе бірнеше адамның әрекетімен емес, үлкен ұжымның әрекетімен жүзеге асады. Өйткені көпшілік адамдардан түрлі идеялар мен жаңалықтардың туындауы заңдылық. Үдеріске белсенді қатысушы әрбір азамат өзінде туындаған идеялар мен мәселелерді ортаға салады.

«Дизайн ойлау» бағдарламасының екінші кезеңі-бағалау (фокус). Бұл кезеңде қатысушылар жобаның нақты тұжырымдамаларын анықтайды. Кезеңнің ерекшелігі сол дизайнерлер алдыңғы кезеңде естіген, көрген ортаға салған ақпараттарды жинап, жинақтайды. Жинақталған ақпараттар ұжым арасында талданып, ең маңыздысы таңдап алынады. Бұл кезеңде қатысушылар (оқушылар да болуы мүмкін) таңдап алынған ақпараттарға өзара қорытынды шығарып осы жобаны одан әрі зерттеу нысанына айналдырады, бұл кезең идеяларды жүзеге асыру үшін ұжым боп жұмыс жүргізумен ерекшеленеді.

Келесі кезең таңдалынған идеяны жүзеге асыруға бағытталады. Бұл кезеңде жұмыс табысты болу үшін алдыңғы кезеңде жинақталған ақпараттардың ең құндысы ең қажеттісінің жинақталуында. Бұл кезең нағыз шығармашылық жұмыстармен сипатталатын кезең, осы кезеңде идеяны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіледі. Осы кезеңде оқушылармен жұмыс істегенде миға шабуыл, ойлан тап, видеомен жұмыс жасау сынды оқушылардың сыни тұрғыда ойлау дағдыларын дамытудың мүмкіндігі зор. Осы тұста айта кетерлік бір жайт оқушылар омы кезеңде шығармашылық, техникалық, көшбасшылық қабілеттерінің оянуы мен одан әрі дамуына себепкер болмақ.

 «Дизайн ойлау» бағдарламасындағы келесі төртінші кезең Прототиптер құру. Бұл кезеңде алға қойылған мәселені шешуге бағытталған соңғы нәтижелі шешімге бағытталған макеттер мен модельдер жасалады. Прототип кезеңінде рөлдік ойынның сценариі толық дайын болып, ендігі мақсат оқушылар осы сценариді орындап шығуы керек. Яғни бұл кезең алдыңғы кезеңдерден өткен инновациялық идеяларды толықтай аяқтап жүзеге асыруға дайындайтын кезең болып табылады.

Прототип кезеңінде жүзеге асырылған макет немесе модель (көріністің сценариі, техникалық, гуманитарлық ғылымдардағы түрлі жаңалықтар болуы мүмкін) соңғы бесінші Тестілеу кезеңінде арнайы зерттеушілер командасының тексеруінен немесе шынайы өмірде тұтынушылардың сынағынан өткізіледі. Тестілеудің қорытындысы шыққан соң зерттеушілер тобы макетті немесе ғылыми жаңалықты өңдеп, шешімдерін шығарады.

Аталған бес кезеңді білім саласында қолдану арқылы оқушылардың алған білімдерін өмірмен байланыстыруға, шынайы тұрғыда шығармашылық қабілетін арттыруға және түрлі ғылыми жаңалықтар ашуға деген құлшынысын арттыру дизайн ойлау бағдарламасының басты қағидасы.

Мектептердегі білім беруде  «Дизайн ойлау» бағдарламасын кіріктіру төмендегідей міндеттерді қарастырады:

«Дизайн ойлау» бағдарламасындағы стратегиялар мен идеяларды сабақтарда қолдану арқылы оқушылардың бойында шынайы өмірдегі күрделі мәселелерді шешуге деген қарымын арттыру

Оқушылар жобалау жұмыстарымен шұғылдануға мүмкіндік алады, презентациялар жасайды, түрлі жобаларға жоспар құрады, дәл ғылымдардарды меңгеруге, компьютерлік сауаттылығының артуына себепкер болады.

«Дизайн ойлау» бағдарламасындағы стратегиялар мен әдіс тәсілдерді әртүрлі мәдени іс-шараларда және қосымша сабақтарда қолдануға болады.

Мектепте Дизайн оқытуды қолданудың артықшылықтары қандай болмақ, және оқушылардың креативті ойлануына қаншалықты көмектесе алады деген сұрақтарға жауап беру үшін түрлі тәжірибелер жасау

     Қиын мәселерді шығармашылық тұрғысында және жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып шешудің тиімді жақтары қарастырылды. Креативті идеяларды тудыру, мен жүзеге асырудың жолдарын қарастыру.

Дизайн оқытудың тиімділіктерін мектептегі сабақ барысында барынша кең қолдану, және өзіміз жасаған креативті идеяны қорғап, оның пайдалы және тиімді жолдарын нақтылау.

Жамелов Баглан Алтаевич

Шымкент қаласы,

Физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.