Педагог В.А.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, фонтазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» — деген еді. Демек, оқушының ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі. Адамның жан дүниесінің дамып жетілуі, әлеуметтік өмірге бейімделіп тіршілік етуі әртүрлі. Ол іс-әрекеттермен шұғылдану барысында қалыптасады. Сондай-ақ әрекеттердің бір саласы – ойын әрекеті. Ойын әрекетінде баланың денесі мен ақыл-ойы дамып, өзі қоршаған ортаны тани біледі.
Дидактикалық ойын – бұл қоғамдық тәсілді меңгеру мақсатында, ситуациялық жағдайда, бағытты түрде іскерлігін көрсететін, өзін-өзі басқаруын жетілдіретін іс-әрекет. Әр сабақтың алдына қойған міндет-мақсатына орай оның ішкі құрылысы да белгілі оқушыға әрдайым жаңалық білдіруге, саналы түрде меңгеруге, кері байланыс жасауға бағытталуы тиіс.
Ойын дегеніміз – жас ерекшелікке қарамайтын, адамның көңіл-күйін көтеретін, ойландыратын үрдіс. Ойын – төзімділікті, алғырлықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты, іскерлікті, дүниетаным өрісінің көлемділігін, көп білуді, сондай-ақ басқа да толып жатқан сапалық қасиеттерді қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар тиімді әдістердің бірі.
Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, танымдық қасиеттерін дамытады. Сабақты қызықты, тартымды өткізу мұғалімнің білімділігіне, қабілетіне, дарындылығына, тапқырлығына байланысты және сабақтың әртүрлі әдіс-тәсілдерін орынды қолдана білуінде.
Ойын – халық педагогикасының құрамды бір бөлігі. Қазақ тілі сабақтарында дидактикалық ойындарды көркем әдебиеттермен ұштастыру жұмыстары да оқушыларды тәрбиелеуде маңызы зор. Көркем әдебиеттерді оқу арқылы оқушылардың эстетикалық адамгершілік қасиеттері дамиды. Шығармадағы кейіпкерлерді тану барысында жақсы істерге ұмтылады.
Бастауыш сыныпта өтетін қазақ тілі сабақтарында дидактикалық ойындарды оқушыларды жан-жақты тәрбиелеуге негіздеу қажет. Осыған орай қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы меңгерту жұмыстарының мынадай мақсаттары болуы керек:
- Оқушыларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу:
а) дидактикалық ойындарды ұлттық тәлім-тәрбие көздерімен ұштастыруда жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, халықтың даналық, өсиет сөздерін оқыту барысында ойындар арқылы кеңінен қолдану;
ә) көркем шығармаларды дидактикалық ойын түрінде беру арқылы ұлттық мәдениет пен әдебиетке оқушылардың дұрыс көзқарастарын қалыптастыру;
б) дидактикалық ойындар арқылы оқушыларға шешендік сөздерді үйретіп, олардың тіл мәдениетін жетілдіру керек.
- Оқушыларды дидактикалық ойындар арқылы әлемдік ізгілік пен әдептілік негіздерімен тәрбиелеу. Бұл үшін әлемдік тәрбиенің озық үлгілерін, сыннан өткен тәрбие көздерін қазақ тілін оқыту барысында тиімді қолдану қажет.
Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамығанына қазақ халқының ұлттық ойындарымен таныса отырып, көзіміз әбден жетеді. Мысалы: қазақ халқы саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысын, қабілетін дамытып, ынтасын арттыратынын білген. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жануарлар мен құстарды бейнелей алады.
«Көкпар» ойыны. Оқушылар сабақта саяхатта көргендерін, білгендерін еске түсіріп, сөйлемдерді аяқтайды. Менің көргенім …. Менің түсінгенім … Менің ойымша ….
Демек, ұлттық педагогика негіздерімен оқушыларды оқыту арқылы оларды өз халқын сыйлауға, туған тілін құрметтеуге үйретеді. Бұл оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы кезінде өзара кішіпейілділікпен қарауды, әдеп сақтауды, сыпайы сөйлесуді қалыптастырады, нәтижесінде балалардың тіл мәдениеті жетіледі.
Кез келген сабағын қызықты өткізу үшін ізденіс, жаңаға ұмтылу әрбір ұстаз үшін қағида. Ұстаздың өзі – ізденуші.
Ойындарды жіктеу барысында мынадай түрлерін атауға болады:
Жарыс | Музыкалық | Әдеби шығармашылық | Тақырыптық |
Жарыс ойындары – бұл лексикалық, грамматикалық ойындар. Мысалы, «Спорт жарысын» алайық.
а) жүгіру: кім бірінші болып белгілі бір тақырып бойынша 10 сөз жазады?
ә) ауыр атлетика: кім ең ауыр сөзді жазады, ең көп әріптен тұратын сөз?
б) ұзындыққа секіру: кім ең ұзын сөйлемді бірінші жазады?
в) күрес: оқушылар екі топқа бөлініп бір-біріне сұрақтар қояды.
Музыкалык ойындар – ән, би. Мысалы: «Сlар, clap, your hands». Оқушылардың біреуі 1-шумақты айтады, содан кейін бір оқушы 2-шумақты бастайды. Ойынның мақсаты – етістіктерді қайталау.
Әдеби шығармашылық ойындар дегеніміз – көріністер қою. «Отбасы» тақырыбын өткен кезде «Шалқан» ертегісін пайдалануға болады.
Рөлдік ойындар кезінде әртүрлі суреттерді де пайдалануға болады. Тақтаға белгілі бір тақырып бойынша сурет ілінеді. Окушылар сол бойынша әңгімелеседі.
Рөлдік ойындардың негізгі қасиеттері төмендегідей:
- оқушы үйренген сөздерін әртүрлі жағдаяттарда көрсете алады;
- ойынға топтағы оқушылардың бәрі қатысады;
- рөлдік ойын оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытады;
- оқушы өз ой-пікірін айтуға үйренеді.
Ойын қалай ұйымдастырылады?
- ойынның мақсаты белгіленеді;
- ойынның ережесі айтылады;
- мұғалімнің өзі де ойынға қатысуы керек;
- егер мұғалім жарыс ойынын өткізсе, жеңімпаздарды марапаттауды, ал жеңілгендерге жылы сөз айтуды ұмытпауы керек.
Қазақ тілі сабағында дидактикалық ойындар аркылы оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын мынадай төрт жақты жүргізген дұрыс:
- бірінші бағыт – дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын тәрбиелеу;
- екінші бағыт – оқушыларға ізгілікті тәрбие беру – оқыту процесінде халық педагогикасының мол мұрағаттарын пайдалана отырып, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін оқушылардың бойына сіңіру;
- үшінші бағыт – түрлі көркем шығармаларды пайдалана отырып, оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу;
- төртінші бағыт – оқушылардың сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып, оларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
Ойын түрлерін сабақтың әр кезеңдерінде тақырыбына қарай мұғалім өзі таңдап алып, қолданып отырады. Ойын түрлері сабақты қызықты өткізуге, оқушылардың сабаққа ынтамен қатысуына, өз бетімен жұмыс істеуіне, өздігінен қорытынды жасауына жол ашады.
Индира Аманжолова,
№62 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Астана қаласы