Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінің
дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы
Турубаев Нариман Курмангалиевич
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы Покровка селосы
Жеке адамның да, қоғамның да ең басты байлығы — денсаулық. Денсаулық — адам тіршілігінің ең бірінші шарты. Спортпен айналысу, салауатты өмір салтын ұстану – денсаулықтың кепілі.
Қазақстанда спорттың 50-ден астам түрі дамыған. Республикамызда көптеген спорт мектептері, қоғамдары бар. Онда жасөспірімдер мен ересектер спортпен шұғылдана алады.
Ел Президентінің «Қазақстан-2030» бағдарламасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл — ауқаты» тармағында «… азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сау болуы және оларды қоршаған ортаның таза болуы үшін азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу» қажеттілігі көрсетілген. Қазіргі уақытта осы бағытта кәсіптік және техникалық білім беретін оқу мекемелерінде жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мақсат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты міндет етіп қойылған.
Ел тағдыры ─ дені сау жас ұрпақтың қолында. Сондықтан Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінде қызмет атқаратын дене тәрбиесі оқытушыларының алдына қойған мақсаты ─ өзіне бекітілген бағдарлама бойынша дене тәрбиесі сабақтарын өткізумен қатар, салауатты өмір сүруді насихаттау, жалпы спорттық іс шаралар өткізу. Дене тәрбиесі сабағы дайындық, негізгі, қорытынды бөлімдерден тұрады. Дайындық бөлімі студенттердің сергек көңіл-күйлерін, спортпен шұғылдану ынталарын арттыру және жастарды сабақтың негізгі бөлімде күрделі дене жаттығуларын жасау үшін пайдаланылады.
Сабақтың негізгі бөлімінде типтік оқу бағдарламасындағы дене жаттығуларының түрлері енгізіледі. Әр түрлі ойындар мен жаттығулар студенттердің көтеріңкі көңіл-күйлерін туғызады. Осы көтеріңкі қалыпты басып, келесі сабақтарға даярлау сабақтың үшінші, яғни қорытынды бөлімінің міндеті. Сабақ жалпы сап түзеумен, қорытынды жасаумен аяқталады.
Дене тәрбиесі сабақтары үдірісінде білім беру, тәрбиелеу, сауықтыру міндеттері шешіледі. Дене тәрбиесі сабағының маңызды тәрбиелік міндеті білім алушылардың дене тәрбиесімен үнемі шұғылдануға ынта-ықыластарын арттыру.
Зор денсаулық — адамның еңбектенуіне және қоғамдағы іс — әрекеттеріне белсене қатысуының маңызды кепілі. Осы орайда дене тәрбиесі оқытушылары өз сабақтарында және сабақтарынан тыс уақыттарында, спорттық үйірмелерінде, әр түрлі жарыстарды ұйымдастырып, білім алушыларға қолайлы жағдайлар жасауда. Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері: жастардың денсаулықтарын нығайтуға көмектесу; ағзаны шынықтыру, студенттердің жан — жақты өсіп – жетілуіне, дене тәрбиесінің типтік оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруге көмектесу; жастарды дене тәрбиесінің және спортпен үнемі шұғылдануға әдеттендіру; қозғалыс дағдысын тәрбиелеу; дене тәрбиесімен айналысуына көпшіліктің қызығушылықтарын арттыру.
Біздің колледжде екі спорт залы және бір шаңғы базасы бар. Бұл орындарда әр түрлі спорттық үйірмелер жұмыс жасайды: волейбол, баскетбол, футбол (шағын футбол), үстел теннисі, гір спорты, шаңғы спорты, коньки спорты, дартс, жеңіл атлетика, мылтықтан ату спорты (пневматикалық мылтықтан), шахмат, тоғызқұмалақ. Аталған спорт түрлерінен студенттеріміз аудандық, облыстық жарыстарыға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жазғы уақытта дене тәрбиесі бойынша сабақтар колледж маңындағы стадионда таза ауада өткізіледі. Оқу — жұмыс бағдарламасы бойынша қыс мезгілінде шаңғы спортына ерекше көңіл бөлінеді. Сыныптан тыс іс — шараларында колледж аумағындағы мұз айдынында коньки спортымен айналысады.
«Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының жылдық жоспары бойынша топтар арасында колледжішілік; «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» — «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер арасында жоғарыда айтылған спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп тұрады. Кәсіптік және техникалық оқу мекемелері білім алушылары арасында өткізілетін облыстық «Жас — Сұнқар» спартакиадасында студенттеріміз спорттың барлық түрлеріне белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мысалы: 2016 жылы шағын футболдан 2 — орын. 2017 жылдын ақпан айында коньки спортынан жалпы командалық есепте 2 — орын, шаңғы спортынан 3 — орынға ие болды.
Студенттердің денсаулықтарына қамқорлық жасау — біздің қоғамымыздың негізгі міндеттерінің бірі. Оқу мекемесі әкімшілігі тарапынан спорт залының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Дене тәрбиесін тиімді жүргізу үшін жаңадан спорттық кұрал — жабдықтар сатып алынды: жаңа конькилер, волейбол, баскетбол, футбол доптары және пневматикалық мылтық т.б. спорт құралдарымен қамтамасыз етуде.
Өскелең ұрпақ үшін спортпен айналысу өте пайдалы іс. Колледж студенттері дене тәрбиесі бойынша спорттық үйірмелерге белсене қатысады. Өйткені, олар спорттың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екендігін, спортпен айналысу — адам өмірін ұзартатынын түсінеді.
Алдымызға келген әрбір студенттің денінің сау болуы үшін біз осы бағытта тәрбие бере білуге тиіспіз. Болашақ ұрпақтың дендері сау болу үшін ұстаздар олардың бойларына жақсы дәстүрлер мен әдеттерді сіңіріп, салауатты өмір салтын сақтаудың қажеттілігін және оны іске асырудың жолдарын үйретуіміз қажет. Салауатты өмір тіршілігі – денсаулықты сақтаудың және нығайтудың негізі, ол жан-жақты дамыған азаматтың қалыптасуына, оның рухани, дене дамуына әсер етеді.