Астана қаласындағы №46 «Самал» санаториялық балабақшасы 2010 жылы ашылған. Балабақшамыздың негізгі міндеті – мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша тәрбиелеу. Сонымен қатар, балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту, емдеу-сауықтыруға қолдау көрсету болып табылады.
Осы орайда балалардың көп уақытты таза ауада өткізулеріне толықтай жағдай жасалған. Әсіресе жаз мезгілінде сауықтыру шаралары, күнделікті өткізілетін оқу қызметтері, балалармен бірге тәрбиешілердің ертегі желісі бойынша ұйымдастырылған қойылымдары, түрлі іс-шаралар үнемі таза ауада «Астана самалы» саябағында өткізіледі. Мысалы, «Қызыл телпек», «Жеті лақ» сияқты ертегілерді ұйымдастыру үшін «Астана самалы» саябағы шынайы орман десе болады. Аталмыш саябақ 2012 жылы балабақшамыздың ауласына 46 қарағай ағашы отырғызылудың арқасында ашылды. Бүгінгі күні жасыл желекті аулаға айналды.
Балабақшамыздың ауласын жасыл етіп қоршаған ортаны көгалдандырудың маңызы зор екенін басып айтқым келеді. Ол тірі ағзаға зиян көміртегін жұтып, пайдалы оттегін бөлуге көмектеседі. Мысалы: белгілі аймақтың 15% көгалдандырса, шаң-тозаңның мөлшері 20%- ға кемиді. 35% жер көлеміне көшет отырғызылса, шаң-тозаң 50%-ға азаяды, ал 65% көгалданған аумақта шаң-тозаң 95%-ға дейін жойылады екен.
Ал, қарағай ағашы өкпе ауруының алдын алуда және оны жоюда орасан зор қызмет атқарады. Қарағайдан зиянды бактерияларды жоятын ерекше ұшқыш зат – фитонцид бөлінеді. Қарағай ағашы – адам ағзасына керекті дәрумендерге, минералды тұздарға, қышқылдарға бай. Бұл қарағайлы ортада терең тыныс алып өскен балалардың дені сау болатындығына сеніміміз зор.
Осындай жасыл желекке бөленген саябағымыздың арқасында 2013 жылы Астана қаласы Білім басқармасының «Үздік білім ұясының аллеясы байқауында» «Жасыл желекті аула» номинациясы бойынша марапатқа ие болдық. Сонымен қатар, «Посади дерево.kz» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы филиалы балабақшамызға сыйға тартқан қарағайлардың тұқымын балабақшамыздың меңгерушісі Қайырғалиева Балауса Төлеуғалиевнаның бастамасымен эксперимент жүргізіліп, кішкентай қарағайлар өсірілу әдетке айналды. Осы іс-шараның басы қасында жүрген тәрбиешілердің бірі – Қожабекова Александра Ергалиевна. Қарағай өсімдігін отырғызудың әр қадамын, «Әлеумет» білім беру саласының қоршаған ортамен танысу және табиғат туралы ғылыми білімге бастау алатын экология негіздері оқу қызметінде балаларға практика жүзінде көрсетіп отыруды қолға алған. Ол төмендегідей қадамдармен іске асырылады:
1-қадам: қарағай тұқымдарын алдын ала белгілі бір температурада біраз уақыт ұстайды. Бұл оларды ояту үшін қажет, әйтпесе олар өніп шықпайды. Сол кезде, тұқымдар аз ғана марганцовка салынған ертіндімен суланады. Ертінді температурасы +50 C болуы тиіс. Тұқымдар 1-2 күн суланып тұрған соң, кендір матадан жасалған құрғақ қалтаға салынады;
2-қадам: тұқым салынған қалталар тоңазытқышқа қойылып, 0-+4С температурада 40-50 күн сақталады;
3-қадам: 40-50 күннен кейін отырғызылатын құмыра дайындалып, құмыра түбіне дренаж төселеді және арасына ауа кіру үшін оны алдымен сілкілеп алады. Маңызды нәрсе! Топырақ қопсытылған және ылғалды болуы тиіс;
4-қадам: дән құмыраға 1,5 см дейінгі тереңдікке отырғызылып, суарылды.
Маңызды нәрсе! Өте терең отырғызуға болмайды, терең отырғызылған тұқым өніп шықпайды. Топырақ ылғалды болуы тиіс. 30 күннен кейін, кішкентай қарағай өніп шығады. Бұған қолайлы температура 18-25 С болмақ;
5-қадам: өсімдікті суару және орналасатын жеріне байланысты іс-шаралар қатаң сақталуы қажет. Осылайша дұрыс күтілген жағдайдың арқасында күзге қарай қарағай өсімдіктер өркені шамамен 10 см-ге өсіп шығады. Бір жылдың ішінде өсуіне байланысты 15см-ге, кейбірі 25 см-ге дейін жетеді.
Өсіп, бой көтере бастаған кішкентай қарағайларды серуен кезінде балалар үнемі бақылап отырады. Еңбекке тәрбиелеу мақсатында, балалар оларды арамшөптен тазартып, топырағын қопсыту тәрізді жұмыстарды өздері жасауы тиіс. Біз өзіміз қарағай ағашын отырғызу жөніндегі бес қадамды қатаң сақтай отырып, жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Мәңгі жасыл қарағай ағашы балабақшамыздың ауласыңда осылайша бой көтеруде.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, балабақшамызда салауатты өмір салтын кеңірек насихаттау және дене шынықтыруға, спортпен айналысуға көпшілікті тарту мақсатында, жыл сайын қысқы спартакиада спорттық жарыстар «Ғажайып қыс» атымен қалалық деңгейде өткізіліп отырады. Бұл жарыста шаңғы тебу, шанамен сырғанау тәрізді қысқы ойындар ұйымдастырылады. Ойынның әділ бағасын беру үшін, арнайы білікті спорт мамандар шақырылады. Аула түгелдей спорттық ойындарға байланысты безендіріледі. Бұл өз кезегінде нағыз қысқы спартакиаданың тақырыбын аша түседі десек болады.
Қазіргі заманауи қоғам мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, олардың тәрбие-оқыту процестерінің ұйымдастырылуына, оқу бағдарламалары мазмұнын таңдауына жаңа талаптар қоюда. Мектепке дейінгі мекемелердің қарқынды өсуі педагогикалық процесті жаңғыртуды қажет етеді .Білім беру жүйесінде педагогикалық технологияны қолдану, келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді шығармашыл болуына жағдай жасау әрбір педагогтың міндеті болып табылады. Осы орайда біздің балабақшамызда Алматы қаласының «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі акционерлік қоғамымен іс-тәжірибе алаңында бірлескен жұмыс жасалып, ҚР МЖМБС (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты) негізінде “Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған компьютерлік ойындардың” жұмыс нұсқасындағы дискілер жарық көріп, бүгінгі таңда қолданыс үстінде. Бұл компьютерлік ойындардың тиімділігін сараптау кезінде мектеп жасына дейінгі балалардың ертегілерге, өлеңдерге және әңгімелерге жақсы қатынасатынын және олардың мазмұнын айтуға талпынатынын байқадық. Сондай-ақ, мазмұнға байланысты сұрақтар қоюға ұмтылатынын немесе құрдастарымен еркін түрде өзара әңгіме құруға ыңғай танытатынын байқадық.
Бұдан шығатын қорытынды, аталмыш компьютерлік ойындар – мектеп жасына дейінгі балалар үшін әзірленген компьютерлік ойындар балаға ой-өрісті кеңейтуге, алынған білімдер мен әсерлерді реттеу мен топтастыруға, логикалық ойлауды және кейбір практикалық машықтарды дамытуға, назарды шоғырландыра білуді үйретуге, сауатты сөйлеуді игеруге мүмкіндік туғызады деген сөз. Ойын барысында бала ойын шарттарын орындай отырып, компьютердің өзін де меңгереді. Тышқанды иелене отырып, қолдар қозғалысының үйлесімін, ұсақ моторикасын дамытады. Қазіргі таңда балаға тек базалық тұрғыда білім беріп қоймай, тәрбиеленушінің іс-әрекеттерін бақылай отырып, білімді оның өзінің игеруіне қол жеткізген педагог ұтады.
Компьютерлік ойындарда дұрыс сөйлеудің нормаларын сақтау – мектеп жасына дейінгі балаға ортаға қатысты әңгімелерді, өлеңдерді тыңдап, ойын кейіпкерлеріне еліктей отырып, осы нормаларды еріксіз түрде меңгеруге мүмкіндік береді.
Балабақшамыз санаториялық балабақша болғандықтан бірінші орында бала денсаулығы орын алады. Сондықтан дертке шипа, денеге күш, ерекше дәмді, құнарлы, жан сарайыңды ашып, адамның зауқын келтіретін хош иісті және өте сіңімді сусын – қымызды балабақшамызда беру дәстүрі де қалыптасуда. Өйткені, қымыз құрамында «С» дәрумені мол, сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Оның бұлай болу себебі жылқы жануарының өзіне ғана тән асыл қасиетінен болса керек. Қымыз сапалы тамақ өнімі ғана емес, сондай-ақ шипалы сусын деп те есептеледі. Халық арасында қымызды көңіл күй сергектігі және ұзақ жасау сусыны деп текке атамаған. Емдік сусын ретінде қымызды өзіміздің ата-бабаларымыз халық медицинасында асқазан, өкпе, ішек ауруларына пайдаланып келген. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, асқорытуды жақсартады. Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар.
Қазіргі кезде қымыз көптеген ауруларды, атап айтқанда өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктері мен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Қазіргі медицинада қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра отырып, өкпе туберкулезінен, бүйрек, сүйек ауруларына және де ішек-қарын, жүрек қантамырлары ауруларын емдегенде, сондай-ақ дәрумендер жетіспегенде қолданып жүр.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отыра, дені сау ұрпақ – ұлт келешегі екенін ескерсек, баланың денсаулығын жастайынан нығайтқан дұрыс.
Балабақшада қымыз бермес бұрын ата-аналармен сауалнама жүргізілді. Балалармен дәрігер және психолог жұмыс жасады. Балалардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отыра, қымызға қатысты балабақшамызда дайындалған жарнамалар, слайдтар көрсетілді. Балаларға қымыз өте ұнады. Дәрігеріміз К. Нұрасыл мен медбике С. Әшімбекованың жүргізген сараптамасына сүйенсек, балаларымыз биылғы жылы суық тию ауруынан былтырғымен салыстырғанда біршама аз ауырды. Нәтижесінде, балаларға қымыз беру ата-аналар тарапынан қолдау тауып, олар балабақшамыздың меңгерушісіне және ұжым мүшелеріне алғыс айтуда.
Гүлсая Көшербайқызы Әлиева,
№46 «Самал» санаториялық балабақшасы,
балабақша әдіскері,
Астана қаласы